Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Отыз жылдық белес

Дата: 19 сентября 2019 в 11:52


Отыз жылдық белес

Кенжеғали КЕНЖЕБАЕВ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымы 1989 жылдың екінші жартысында құрылды. Бүгінгі күні 641 бастауыш ұйымда 130 мыңнан астам мүше тіркелген.

Ең алдымен қоғамның облыстық ұйымының басқармасы атынан газет оқырмандары, тіл жанашырларын халықаралық қоғамның құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтағым келеді.

Әңгімені құрамында бір миллионнан астам мүшесі бар, халықаралық мәртебеге ие қоғам тарихынан азын-аулақ мәлімет беруден бастаған жөн. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсынан бастап мызғымастай берік деп дәріптеп жүрген Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, кенеуі кете бастады. Ең алдымен ұлан-байтақ Қазақстанды шарпыған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы күллі әлемді дүр сілкіндірді. Қазақтың өрімдей жігіттері мен қыздары намысты белге түйіп, ештеңеден қаймықпай Мәскеу билігінің өктем шешіміне түбегейлі қарсы шықты. Тарих сахнасында «Азат», «Алдаспан» және басқа қозғалыстар қалың бұқараның наразылығын ашықтан-ашық жеткізді.

Қайсыбір замандастар тарапынан кешегі Кеңес Одағы, бүгінгі Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы құрамындағы республикаларда мемлекет негізін құраушы ұлттың атында мұндай іргелі ұйым жоқтығын алға тартып, «Қазақ тілі» қоғамы неге керек?» деген пікір айтылып жатады. Біздің елде мұндай қадамның жасалуына түрткі болған — Кеңестік империяның шектен шыққан қатігез саясаты еді. Ата-баба бойтұмар етіп, ұрпақтан — ұрпаққа аман-сау жеткізген қасиетті ана тіліміз көз алдымызда тұншығып бара жатты, әдебиетіміз бен өнеріміздің небір жауһарларына қауіп төнді. «Коммунизмнің ауылы қашық емес» деп ұрандатқан дәуірде «Халықтар достығының лабораториясы» атанған елімізде орыс тілі емін-еркін билеп-төстеді. Санада «Орысша білмесең қажеттілікке жарамайсың, қызметте өспейсің» деген ұғым қалыптасты, қазақ мектебінде оқып, білім алғандар шектеуге ұшырады. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары орыс тілінде жүргізілді, жиналыс-кеңестерді бірыңғай орысша жүргізу үйреншікті дағдыға айналды. Жер-сулардың, елді мекендердің атаулары түбегейлі өзгертілді. Көкшетаудың «Кокчетав», Шалқардың «Челкар», Жаңақорғанның «Яны-курган», өзіміздің Қарғалы ауданында «Тораңғы» өзенінің «Тарангул» аталып картаға түсірілгені көпшілікке белгілі.

Ақтөбе облысын Николай Журин, Василий Ливенцев, Юрий Трофимов басқарған кезеңде тұрғылықты халқының негізгі дені қазақтар болып саналатын Шалқар, Ойыл, Қарабұтақ аудандарына аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына ұлты орыс

азаматтары жіберілді, бірте-бірте аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығынан, облыстық деңгейдегі мекемелердің бірінші басшылығынан қазақ азаматтары аластатылды. 1950-1970 жылдар аралығында біздің өңірде 87 қазақ мектебі жабылып қалды. 1990-1991 оқу жылында облыс бойынша мектепке барған 88113 қазақ баласының 35455-і, яғни 40,2 пайызы орыс мектептерінде оқыды.

Кеңес Одағы құрамындағы басқа одақтас республикаларда мәселе бұлай асқынған жоқ. Неге дейсіз ғой? Сайын далада еркін көсіліп, ойындағысын тайсалмай бетке айтқан қазақ деген қайсар да жомарт халықты мойытқан 1931-1932 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы көзі ашық, сауатты азаматтарды жаппай қуғын-сүргін құрбаны ету, миллиондаған қандас бауырларымыз қырғынға ұшыраған Ұлы Отан соғысының дүрбелеңі, 1954 жылдан бастап тың және тыңайған жерлерді игеру қиқуымен Қазақстанға сан қиырдан өзге ұлттардың әрқилы санаттағы өкілдерін, ал олардың ішінде қоғамға қауіпті элементтер де бар еді, сырнайлатып-кернейлетіп әкеліп қоныстандыру деп ұғынған дұрыс.

«Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» демекші, осынша зорлық-зомбылық зиялы қауым өкілдерінің ашу-ызасын туғызды. Ортақ мақсат — қасиетті ана тілімізді аман сақтап, аренаға шығар идеясы пісіп-жетілді. Әбдуәли Қайдар, Шора Сарыбаев, Асқар Тоқпанов, Сәбетқазы Ақатай, Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Айтбайұлы және басқа ұлтжанды азаматтардың белсенді іс-қимылымен республикалық «Қазақ тілі»

қоғамы құрылды, кейін ауқымы кеңейіп, халықаралық мәртебеге ие болды.

Аға ұрпақ өкілдерінің есінде, ұлттың жаны болып есептелетін қазақ тілін төрге шығару оңай шаруа болған жоқ. «Қазақ тілі» қоғамының бірінші құрылтайында ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беру мәселесі талқыланды. Сонда тіл білімінің көрнекті ғалымы Смет Кеңесбаевты құрылтай төралқасына ұсынғанда өнер әлемінің танымал тұлғасы Асқар Тоқпанов ағамыз ашықтан-ашық қарсы шықты. Сөйтсек, әлгі ғалым ағамыз орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілсін деген екен. Ал қоғамды мемлекет негізін құраушы халықтың атымен, яғни «Қазақ тілі» қоғамы деп атауды көтерген Венгриядан келген ғалым, арғы тегім қыпшақ деген Иштван Қоңыр Мандоки болатын.

Қоғамның біздің облысымыздағы ұйымы осы отыз жылда үлкен жолдан өтті. Көрнекті ғалымдар Мұхтар Арын, Ғалымжан Нұрышев, Амангелді Айталы, «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағының иегерлері Кемейдулла Төлеубай, Ниетжан Берікұлы, Нұқы Қартбайұлы, Өтеміс Әкімов, Ғалымжан Байдербес, партия-кеңес органдарының қайраткері Рамазан Нұржанов және басқа азаматтар тіл жорығына ықыласпен қатысып, білімі мен күш-жігерін аяған жоқ. Ақтөбе қалалық және аудандардағы ұйымдар осындай жігерлі, жауапкершілікті сезіне білген жетекшілердің іс-қимылы нәтижесінде аз уақытта еңсе тіктеді. Мереке тұсында бақилыққа аттанып кеткен Қайырбай Мұғалов, Марат Мырзағұл, Мұрат Жүсіпов, Тельман Дәулеталин, Ұмытқан Тұрлыбек, Ұзақбай Қауыс, Нұрділда Сейітқасымов, Рамазан Ділмағанбетов сияқты қоғамшыл жандардың рухына бас иеміз. Олардың жолын сәтімен жалғастырып келе жатқан қазіргі топ өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз.

Мереке қарсаңында облыстық басқарма демеушілердің қаржылай қолдауы арқылы «Олжалы отыз жыл» деген атаумен кітап шығарып, тіл жанашырларына ұсынды. Кітапта атқарылған шаралар жайында біршама баяндалды. Орайы келіп тұрғанда игі ниетімізді қолдаған, демеушілік жасаған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.

Біздің қоғам ресми құзырлы мекеме емес, сондықтан ол тек қоғамдық бақылау, қоғамдық пікір тудыру сияқты істер ауқымында ғана қимыл жасай алады. Біз күнделікті қызмет барысында қолдау жасап, игі бастамаларды жүзеге асыруға жәрдемдескені үшін облыс әкімдігі мен облыстық мәслихат аппараттарына, Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне шын көңілден алғыс айтамыз. Ұдайы қамқорлық нәтижесінде қоғамның Хромтау, Мәртөк, Ойыл, Темір, Шалқар, Байғанин, Алға аудандық ұйымдарында жұмыс алдын ала келісілген жоспар бойынша жүргізілуде.

Тәуелсіздік деген киелі ұғымды бәріміз де айқын ұғындық. Ойымызды еркін айтамыз, қалаған игі мақсаттарға жету жолында кедергі жоқ, еңбек еткен, талаптанған адамның тұрмыс жағдайын жақсартуына мүмкіндік мол. Өзге ұлттар өкілдерінің өз ықыласымен тарихи Отанына оралуы, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге көшіп келіп, қоныстануы нәтижесінде тұрғылықты халық арасында қазақтардың үлес салмағы анағұрлым артты. Өткен жылғы статистикалық мәлімет бойынша біздің облысымызда 857 мыңнан астам адамның 707 мыңға жуығы қазақтар, оның 373 мыңнан астамы Ақтөбе қаласында тұрады. Бұл бір жағынан қазақ мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің көбеюіне жол ашты.

Сөйтсе де жалпы жұртшылықты алаңдататын жай — қаракөз бауырларымыздың, әсіресе жастардың арасында орысша сөйлеуге құмарлық, ана тілімізге жанашырлық танытпау әлі де жиі кездеседі. Таяуда телеарналардың бірі көпбалалы отбасының тірлігі туралы мазмұнды хабар ұсынды. Сонда шаңырақ иесі, білім беру ісінің ардагері өз ойларын қазақша әдемі жеткізді, ал бала-келіні орыс тілінде сөйлеп тұр. Бұл арада журналистің немесе хабар дайындаушының еш кінәсі жоқ. Халыққа күнделікті қызмет көрсететін, тіпті мемлекеттік қызмет органдарының қайсыбір мекемелерінде сауатты, көрікті қыз-жігіттеріміздің өзара орысша сөйлесіп отырғанын, келушінің қазақша сауалына ресми тілде жауап бергенін көргенде көңіл құлазиды. Соңғы уақытта қазақ ата-аналарының балаларын орыс сыныптарында оқуға беру мысалдарының көбеюі, соның салдарынан аралас тілді мектептердің бірте-бірте артуы алаңдатады. Айналамыздағы осындай сүреңсіз көріністерге немқұрайды қарайтын болдық.

Қайсыбір замандастар Конституциямызда сипатталған орыс тілі ұлтаралық тіл тұрғысында қолданылатынын бетке ұстайды. Сонымен қатар әлі күнге Үкімет тарапынан мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін қызметтер тізбесі бекітілмегені көп шаруаға кедергі болып келеді. Назар аударатын тағы бір мәселе — қазақ ата-аналарының өз балаларын орыс мектептеріне, балабақшалар мен яслилерде орыс топтарына беруі азаймай отыр. Мына деректер де ойландырады. Ақтөбе облысынан шетелдерге 2013 жылы —167, 2014 жылы — 130, 2015 жылы — 160, 2016 жылы — 171, 2017 жылы — 213, ал 2018 жылы — 216 жас өз еркімен біржола тұрақтауға кеткен.

Елді елең еткізіп, сананы сілкінткен жағымды жаңалықтар — Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен баспасөзде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы болды. Біз экономикамызды дамыттық, әл-ауқатымызды, тұрмыс деңгейімізді жақсарттық. Енді бірлік пен ынтымақты нығайтып, Ұлттық кодымызды әлемге танытуымыз қажет, ана тілімізді сақтап, тәрбиелік тағылымы зор қазақы салт-дәстүрлерімізді кең ауқымда өрістетуге міндеттіміз. Ел Тәуелсіздігін баянды етудің бір тетігі осында.

Бұл күнде әлем мойындаған ғажайып талантты жерлесіміз Димаш Құдайберген төрткүл дүниенің атышулы сахналарында жүрекжарды сәлемін қазақша жеткізіп, халық әндерін, Қазақстан композиторларының шығармаларын қасиетті тілімізде шырқағанда қуаныштан жанарға жас үйіріледі. Қазақша күрестің халықаралық деңгейге көтерілгеніне қарап, таяу уақытта оның олимпиадалық спорт сайыстары тізіміне енгізілетініне сенім мол. Сахнаға көрші Оралдың балғын әншісі Ержан Максим шықты. Кешегі Астана — бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік тұлғалар бас қосып, пікірлесетін құтты мекенге айналды. Мұның бәрі «Қазақ»деген киелі ұғымды санаға сіңіреді, мақтаныш ұялатады.

Бізге ғасырлар бойы арман болған дәуірде, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүру бақыты тиді. Ғылым мен технологияның озық үлгілері әлемнің дамыған елдері қатарына қосылу ниетімізді тиянақтай түседі. Өкінішке қарай, бұрын-соңды болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық жайлардың да куәсі болып отырмыз. «Ауруын жасырған өледі» деген салмақты айтылған бір сөз бар. Ендеше орын алған келеңсіз оқиғаларды жасырып, бүркеудің еш қисыны жоқ. Алға ауданында бір замандастың өз әкесін буындырып өлтіруі, Шалқар ауданында өрімдей жас жігіттің үш адамды мылтықпен атуы, тізе берсе жалғаса беретін нақты мысалдар. Денең түршігеді, жаның шошиды. «Мен Қазақстанның перзентімін» деп, төрткүл дүниеге жар салған, аса ғибратты, сүйкімді Денис Тенді екі мүшелге енді толған шағында автокөлік айнасы үшін қыршын етті. Осындай қатыгездіктерді жасап жүрген — қазақ жастары.

Бұдан түйетін қорытынды — қоғам қалғымауға тиісті, үлкеніміз бар, кішіміз бар — сергек жүріп, келешек ұрпақ алдында ұятқа қалмаудың барлық амалдарын қарастыруымыз, үгіт-насихат шараларын өрістетуіміз қажет. Ортақ мүддеге жету жолында барлық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, саяси партиялар бірігіп жұмыс істесе, нәтижесі болады деген ойдамыз. Оның ішінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның облыстық, қалалық және аудандық ұйымдарына жүктелер міндет айрықша.

Қынжылатынымыз — соңғы кезеңде біздің ұйымға облыстық білім, мәдениет, дін істері, спорт пен дене тәрбиесі және басқа әлеуетті басқармалар, үкіметтік емес ұйымдардың облыстық қауымдастығы тарапынан ықылас мүлде азайып кетті. Бір жағынан, ұйымымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында екені бетке ұсталатындай көрінеді. Мұндай мүмкіндік жасалғаны рас, ал шындығына келгенде, Ассамблея шараларында ең алдымен өзге ұлтардың этномәдени бірлестіктері ауызға ілігеді де, «Қазақ тілі» қоғамы өз елінде тұрып, өгейлік кешеді.

Жастарды игілікке тәрбиелеуде, жалпы ұлттық асыл құндылықтарды насихаттауда мерзімдік баспасөздің ықпалы айрықша зор. Облыстық ұйымымыз Ұлт газеті — «Ана тілінің» таралымын арттыруды ұдайы назарда ұстап келеді. Бұл шаруада бұрынғыша Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз деген сенімдеміз. Өкінішке қарай, тұрғылықты халқының саны 70 мыңнан асатын, оның басым көпшілігін қазақтар кұрайтын Мұғалжар ауданында «Ана тілінің» таралымы жыл сайын бір мың данадан асушы еді, соңғы екі жылда мүлде кеміп, екі жүз данаға жетер-жетпес болып қалды. Мұндай құлдырау — сол тұста аудан басшылығында болған кейбір азаматтардың енжар көзқарасының салдары. Биылғы баспасөзге жазылу науқанында мұндай жай орын алмағанын қалаймыз.

«Қазақ тілі» қоғамы — қоғамдық ұйым, мемлекеттен қаржыландырылмайды. Қалалық және аудандық ұйымдардың төрағаларын сайлағанда сол өңірдің басшылығының ұсыныс-пікірлері ескерілді. Олар жалақы алмаса да міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, қадари халінше қызметтерін атқарып келеді. Қайсыбір өкілдеріміздің жасы ұлғайды, таяу уақытта эстафетаны жігерлі, қоғамшыл жастарға тапсыру жағын бірлесіп ойластырған жөн. Бұл бір жағынан заман талабына сай жаңаша жұмыс істеу қажеттігінен туындап отыр.

Биылғы қыркүйек айының елді қуантқан тамаша жаңалығы — Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы болды. Мемлекет басшысы тіл — үлкен саясаттың құралы екенін атап көрсетіп, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетініне назар аударды. Бұл — күрделі уақыт талабынан туындаған құбылыс. Біз елдегі ынтымақ пен бірлікке сызат түсірмей ортақ мүддеге жету жолында парасатты қимылдауға міндеттіміз.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями