«Юнис Сити» кешенінің тұрғындарына алаңдайтын негіз жоқ»

Дата: 14 сентября 2019 в 14:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Юнис Сити» кешенінің тұрғындарына алаңдайтын негіз жоқ»

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин мен «Forte bank» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Аслан Рамазанов «Юнис Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті. Олар әлеуметтік желілерде жарияланған «Банк барлық пәтерлерді тартып алады» дегенге саятын ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

— Бұған дейін біз «Forte bank» өкілдерімен ақылдасып, осы іске қатысты жол картасын жасақтап, мәселені қалай оңтайлы шешуге болатыны турасында пікірлескен едік. Пәтер иелерінің алдағы «тағдыры» қалай болады, сол туралы түсінік беру үшін жиналдық, — деген шаһар басшысы барлығының заң аясында болатынын, оны құзырлы органдардың қадағалайтынын атап өтті.

Ал банктің Ақтөбедегі директоры дауға айналған мәселеге қатысты 2016 жылы қылмыстық істің қозғалып, кейіннен кінәлілердің жауапқа тартылғанын айта келе, енді соттың шешімімен бос тұрған пәтерлерге иелік ете алатынын жеткізді.

— Осы тұрғын үй кешенінде пәтер алып, оның құнын талапқа сай өтеген азаматтарға уайымдауға себеп жоқ. Біз тек бос тұрған, сатылмаған пәтерлерді өз меншігімізге өткіземіз де, тиісінше сатуға қоямыз деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жергілікті әкімдікпен арнаулы жол картасы әзірленіп, екі тарапқа да тиімді жолды таңдау көзделіп отыр.

Ең бастысы, әлеуметтік желілерде, кейбір БАҚ-та «Forte bank» пәтерлерді тартып алады» деген ақпарат жалған екенін айтқым келеді. Заң жүзінде, барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, баспаналы болғандарға алаңдайтын негіз жоқ. Біздің мақсат — кешендегі құрылысты аяқтап, иесі жоқ пәтерлерді сату арқылы шығынды өтеу.

Біздегі мәлімет бойынша, 100-ге жуық пәтер бос тұр. Ал кешендегі пәтерлердің саны — 336, — деді Аслан Рамазанов.

Ал осы тұрғын үй кешенінің тұрғыны Светлана Әжібекова: «Банк сот процесін ұтып алғанын естігенде, тұрғындар шу көтерді. Өйткені шынымен үйімізден айырылып қаламыз ба деп қауіптендік. Іле-шала түсініктеме алу үшін атқарушы билік өкілдерінебардық. Ондағылар «банк тұрғындарды сыртқа шығармайды, бәрі заң бойынша жүргізіледі» деп айтты. Кейін әкімдік пен банк өкілдерінің қатысуымен бізбен, тұрғындармен кездесу өтті. Енді әлеуметтік желілерде, соның ішінде инстаграмда бәзбіреулер қайтадан осыны мәселе етіп көтеріп жатыр. Бұл негізсіз деп ойлаймын. Тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан әкімдік пен банкке алғысымды білдіремін. Тұрғындарға айтарым: егер қолдарыңызда нақтылы дерек болмаса, біреудің айтқанына ермеңіздер», — деп көршілерін сабырға шақырды.

Көпшілікке түсінікті болу үшін еске сала кетейік, 2016 жылы «Fortе Bank» АҚ-ның кепілдігіндегі аталған мүлікті алаяқтық жолмен сату бойынша Гегам Асрян мен басқа да адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалған-ды. 2017 жылдың 6 желтоқсанында сот шешімі шықты. Соған сәйкес, әділет органдары және «Оксибилд», «Адал-Үміт» ЖШС-лар, жеке компания қызметкерлерінің кінәсі дәлелденді.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сан сауалдарын қойып, жауаптарын алды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Поделитесь новостью с друзьями