Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Бала институтын қолдау балабақшадан басталады

Дата: 12 сентября 2019 в 12:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бала институтын қолдау балабақшадан басталады

Елімізде бала құқығын қорғауға бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлінетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселе баса айтылды. Елдегіәлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінің бір жолы — отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру арқылы жүзеге асырылады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Президент Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.«Бұл жұмыстар, әлбетте, балабақшадан басталуы тиіс», — дейді жеке кәсіпкер Айнұр Анарбекова.

Айнұр — жақында Ақтөбедегі Аналар үйі жанынан ашылған «Имран» балабақшасының меңгерушісі.

— Елімізде осыдан 5-6 жыл бұрын меценаттардың қолдауымен баласымен жалғыз қалып, баратын жері қалмаған жас аналар үшін «Аналар үйлері» ашылған болатын. Статистикаға сүйенсек, еліміздің әр түкпіріндегі «Аналар үйлерінде» бүгінге дейін төрт мыңға жуық жас ана мен балалар болған. Мұнда келетін жас аналар балалары бір жасқа толғаннан кейін өз күндерін өзі көруі тиіс. Алайда, талап бойынша мемлекеттік балабақшаларға балаларды үш жастан бастап қабылдайды, яғни, аналар бір жастағы балаларын не өздері үйде бағуға, не балабақшалардағы коммерциялық топтарға беруге мәжбүр. Ал оның бағасын жалғызбасты ана көтере алмауы мүмкін. Сондықтан, Ақтөбедегі «Аналар үйінің» басшысы Таңсұлу Лаковамен ақылдаса отырып, осындай мұқтаж ата-аналар үшін әлеуметтік балабақша ашуды жөн көрдік, — дейді Айнұр Анарбекова.

«Имран» балабақшасының ашылғанына бір айдай уақыт болған. Қазіргі уақытта бұл жерде 50-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Әзірге балалар коммерциялық топтарда жүр.

— Әлеуметтік топтармен бірге коммерциялық топтар да болады. Қазіргі келіп жатқан балалар коммерциялық топтарда. 12 бала ғана шын мәнінде мұқтаж отбасылардың балалары. Алдағы аптада көпбалалы, ата-анасының жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ, толық емес, шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасылардың балаларын жинақтап, топ ашуды көздеп отырмыз. Онда балалар тегін келетін болады. Тіпті балалардың қажет жағдайда осы балабақшада қонуына да мүмкіндік жасаймыз. Әзірге әлеуметтік топқа 30-35 бала қабылдаймыз, — дейді ол.

Қазір балабақшада тәжірибелі педагогтермен бірге «Аналар үйінде» тұрған жас әйелдер де жұмыс істейді. Айнұр Анарбекованың айтуынша, олардың арасында бұрын жетімдер үйінде тәрбиеленген жас аналар да бар.

Мұнда балалар 1 жастан бастап қабылданады. Кішкентайлар ана тілін, шет тілдерін үйренумен бірге музыкант, логопед, психолог мамандардың да көмегін көреді.

— Елбасы Жолдауында отбасы және бала институтын қолдау туралы айтылды. Бала институтын қолдау балабақшадан басталады. Жолдауда айтылғандай, қоғамда қылмыс, соның ішінде балаларға қатысты жасалатын қылмыс саны көп. Жасөспірімдер арасындағы көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керектігі де айтылды. Мұндай жайттардың көбеюінің бір себебі — ата-аналардың балаларды тәрбиелеуге уақытының аздығы немесе балалардың жиі қараусыз қалуы. Біз қоғамға титтей де болса, пайдамызды тигізуді ойладық —мүмкіндігі жоқ ата-аналардың балаларына арналған әлеуметтік балабақша ашу сол жұмыстың бір парасы, — дейді Айнұр Анарбекова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями