Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбе облысы Арыстағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады

Дата: 12 сентября 2019 в 12:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ақтөбе облысы Арыстағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады

24-25  маусымдағы  Арыс оқиғасы осы жылдың ең үлкен төтенше оқиғасы ретінде адамдарымыздың есінде  ұзақ сақталатын болды. Маусымның 30 градустық аптап ыстығында  қару-жарақ қоймаларынан шыққан өрт күнделікті таңғы тіршілігін бастаған жұрттың тыныштығын бұзды. Өрт қоймаларға тарап, әскери қалашыққа  200 метр жерде  орналасқан үйлерге қоймадағы қару-жарақ оғы, әскери снарядтар ұша бастады. 39 мың тұрғын қаладан бас сауғалап қашты. 2-3 мың адам эвакуацияланды. Сол күні-ақ Арыстың жұрты жақын елдімекендерге, Шымкент қаласына уақытша орналастырылды. 8 жастағы  бала, екі әскери қызметші, көлікпен кетіп бара жатқан егде жастағы қаланың тұрғыны қайтыс болды.

28 маусымда  үйлеріне оралған  арыстықтар өз баспаналарын танымай қалды.  Қалада қираған, бүлінген үйлер көп еді. Осы күннен бастап  Қазақстанның әр өңірі  жұмылып, тоғыз жолдың торабындағы Арысты  қайта қалпына келтіруге кірісті. Елдің ынтымағы Арыс оқиғасында сынға түссе де, апат кезінде ұлтымыз ұйыса білді. 45 мың тұрғыны бар қала 17 секторға бөлініп, баспаналарды қалпына келтіру әр облысқа жүктелді. Ақтөбе облысына 12-сектордағы жөндеу жұмыстары бекітілді. Әскери қалашыққа жақын орналасқан 789 тұрғын үйдің 543-і төтенше жағдай кезінде бүлінген болатын.

Ақтөбе облысының тұрғындары  осы күнге дейін Арысқа 163 миллион 976 мың 860 теңге қаржы  аударған. Түскен қаржы  біртіндеп қираған, бүлінген  543 үйдің құрылысына жұмсала бастады. 28 маусымнан  бастап Арыстағы ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов жүрсе, қазірде  облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы  Нұрлан Иманалин  Арыстағы құрылыс жұмыстарын тапсыруда.

12-СЕКТОР — ЕҢ КӨП БҮЛІНГЕН АУМАҚ

Үш ай ішінде ақтөбеліктер қандай жұмыстар атқарды? Бұл жөнінде қазір Арыстағы аяқталған жұмыстарды тапсырып жүрген Ақтөбе облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалиннен сұрап білдік.

— Жұмыс аяқталды ма?

— Ақтөбе облысына бекітілген 12-секторда 789 жеке тұрғын үй орналасқан. 24-25 маусымдағы төтенше оқиға кезінде  қираған үйлердің саны — 543. Ақтөбе облысының  құрылыс компаниялары осы үйлерге орташа жөндеу жұмыстарын 25 тамызда аяқтады. Мұнда негізінен снаряд оғынан қираған үйлердің төбесі қайта көтеріліп, шатырлар жаңартылды, еден-терезелері салынып, түрлі сылақ жұмыстары жүргізілді. Ал 11 қыркүйекте Ақтөбе облысына бекітілген құрылыс жұмыстарының барлығы аяқталды. Жұмыстарды ақтөбелік 6 компанияның 395 құрылысшы мамандары

(7 арнайы техникасымен) жүргізді.

— 12-сектор — төтенше оқиға кезінде  қатты бүлінген аумақ. Бұл жерде  қоймадағы өрттен ұшқан  снарядтар тіке түскендіктен, тұруға жарамсыз болып қалған үйлер көп сияқты.

— Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей  тапсырмасымен Арыс қаласына  маусымның соңында  ақтөбелік құрылыс мамандары келіп, 12-сектордағы барлық үйлерді аралап сараптама жүргізді. Қай үйге қандай жөндеу жасау керектігіне талдау жасалып,  қаржы шығындары есептелді. Нәтижесінде  543 үйді қайта қалпына келтіру  қажет етілді. Оларға бүлінгендіктері туралы акт жасалынды. Ал осы сектордағы   246  тұрғын үйдің  төтенше оқиға кезінде бүлінбегені анықталды. Үй иелері  баспаналары жарылыстан зардап шекпегендіктен,  жөндеу жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқтығы туралы жазбаша қолхат жазды.  Бірақ артынша 73 үйдің иесі  баспаналарын жөндеп беруді сұрап, Арыс қаласының әкімдігіне арызданған. Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек осы үйлерде  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, ардагерлер тұратынын айтып, төтенше жағдайлар кезінде бүлінбесе де, ескі үйлерді жөндеп беруді өтінді. Сөйтіп, 545 үйге жөндеу жұмыстарын бастағанда, 73 үйді де қоса жөндеуге кірістік.

Досқараев көшесіндегі №16, №18 тұрғын үйлерге  снарядтар тіке түскендіктен, үйлер қирап қалған. Құрылысшылар екі үйді қайта салып бітірді.  Осы көшедегі №18 үйде қоймадағы өрт кезінде қаза тапқан жауынгер Бауыржан Әлімбековтің ата-анасы, бала-шағасы тұрады. Шілденің басында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Арысқа келген сапарында, ең алдымен марқұм болған  азаматтың отбасына кіріп, көңіл айтып шықты. Сол жолы әскери қызметшінің отбасы тұратын үйді  қайта салып беруді құрылысшыларға  тапсырған. Марқұм Бауыржан Әлімбековтің көршісі, Досқараев көшесіндегі №16 үйге де снаряд түсіп, қираған екен. Бұл үйдің орнына да  жаңа үй салынды. Облыс әкімі құрылысқа сапалы материалдарды қолдануды  қатаң қадағалап отырды.

Қазақстан көшесі №13 мекенжайындағы көпбалалы отбасының үйі де қатты қираған. Құрылысшылар үлкен етіп  жаңадан үй  тұрғызып берді.

Расында, 12-секторда апат кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасылары тұрады.  Аужан Болыс көшесіндегі салынып бітпеген үйде көпбалалы отбасы тұрады. Бұл  үйдің иесі төтенше жағдай кезінде көлігіне снаряд түсіп, қайтыс болған.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Арысқа барғанында  осы отбасының үйіне кіріп, көңіл айтып, осы отбасына тезірек жаңадан үй салуға тапсырма берген еді. Қазақстан көшесі, 28-үйде өздігінен жүріп-тұра алмайтын  егде жастағы мүгедек азамат тұрады.  Бұл кісінің  баспанасының  шатыры қайта  жаңаланды. Ешназаров көшесіндегі әлеуметтік аз қамтылған отбасының үйіне күрделі жөндеу жасалынды. Қалау Датқа көшесіндегі 14/3 үйде тұратын жалғызілікті ақсақалдың үйінің төбесін қайта тұрғызып, шатырын жаңаладық. Қазақстан көшесі, 9-шы мекенжайындағы отбасындағы әйел адам төтенше жағдай кезінде ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Осы үйге де толығымен күрделі жөндеу жүргізілді. Негізінен, қару-жарақ  қоймасына жақын үйлер қатты бүлініп, тұруға жарамсыз болып қалған. Әскери қалашыққа таяу Досқараев, Қазақстан көшелеріндегі үйлер қатты қираған.

Қысқаша дерек:

*Ақтөбе облысының тұрғындары  Арысқа 163 миллион 976 мың 860 теңге жинады. Осы қаржы   жеке тұрғын үйлерді қайта салу мен  күрделі және жеңіл жөндеу жұмыстарына жұмсалуда.

* Ақтөбе облысына бекітілген 12-секторда  789 жеке тұрғын үй бар. 543 тұрғын үй   төтенше оқиға кезінде қираған, бүлінген, тұруға мүлдем жарамсыз болып қалғандары да бар. 246 тұрғын үй бүлінбеген.

* Үш ай ішінде 12-сектордағы 543  тұрғын  үй қайта  қалпына келтірілді. Құрылыс жұмыстарына  6 құрылыс ұйымы, 395 жұмысшы, 7 бірлік техника тартылды. 

*12-сектордағы  шатыры, есік-терезелері, қабырғалары бүлінген үйлерге орташа жөндеу жұмыстары 25 тамызда аяқталды.

*12-сектордағы барлық тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары 11 қыркүйекте толығымен аяқталды.

— Негізінен, құрылысты тамыздың соңында аяқтау жоспарланған еді. Неге созылып кетті?

— Жөнделетін үйлер бірінен соң бірі шығып жатыр. Жаңа айтып өткеніміздей, 73 үйдің иесі артынан үйімізді жөндеп беріңіз деп өтініш түсірді. Апат кезінде  зардап шекпесе де, біз осы арыз берген азаматтардың 37 үйіне күрделі жөндеу жүргізіп, аяқтауға таядық.  Маусымның соңында  анықталған үйлерден басқа, осы бүлінбеген баспаналардың иелері де арызданып,  құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімі  ұзара түсті.

— Тұрғындар тарапынан  қандай да бір келіспеушіліктер болып жатыр ма?

— Иә. Кездесіп жатыр. Мәселен, екі тұрғын үйдің қожайыны біздің сарапшылар  жүргізген  техникалық зерттеу қорытындысымен келіспеді. Мамандар  күрделі жөндеу жасаймыз дегенде, олар келіспей, жөндеу жұмыстарының орнына ақшалай өтемақы талап етті. Бір азаматтың саман кірпіштен тұрғызылған ескі үйініңқабырғалары жарылған. Суық түскенше жөндеп берейік десек, үй иесі көнбейді. Түркістан облысының әкімдігі жанынан құрылған комиссия мүшелері қайта-қайта  келіп, үй иелерін көндіре алмады. Құрылысшылар  саман кірпіштен тұрғызылған ескі үй күн салқындап, ауа райы бұзылғанда құлап қалады деп ескертті.  Ақыры комиссия мүшелері үй иелері жөндеу жұмыстарына келісім бермеді деп хаттама толтырды. Міне, осындай келіспеушіліктер жұмыстың  өз мерзімінде аяқталуына кедергі келтірді.

                                                                             Баян СӘРСЕМБИНА.

«АҚТӨБЕНІҢ АЗАМАТТАРЫНА РАҚМЕТ!»

Осындай тілектерді әлеуметтік желіде Арыс апатын бастан кешірген қарапайым тұрғындар  жеткізіп жатыр.

Жұмаханова Райхан, жалғызбасты ана, зейнеткер:

— Біздің жағдайымызға бейжай қарамай, көмек қолын созған Ақтөбе облысының азаматтарына, жұмысты ұйымдастырған облыс әкіміне ризашылығымды білдіремін. Үй-жайын тастап, күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мердігер компания құрылысшыларына  батамды беремін. Айналайындар, қақ ортасына снаряд түскен үйімізді  қайта жөндеп, шатырды,  қабырғаны жаңалап берді. Стадионда  Ақтөбеден келген азаматтар  бізді қабылдап, өтінішімізді жазып алып жатты. Керегімізді жасап жатыр. Ешкімнің басына мұндай жағдайды Құдай салмасын.

* * *

Жәнібеков көшесіндегі №53 үйдің тұрғыны:

— Ақтөбе! Айналайын  халқым, тигізген жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. Жарылыстан қираған, төбесі опырылған үйімнің шатырын, есік-терезесін су жаңа етіп қайта салып берді. Басында өзіміз жөндей бастап едік, сол  қалтамыздан шыққан қаржыны  өзімізге қайтарып  берді. Ақтөбенің жігіттері жұмысты сапалы жасады,  уәде етілген мерзімде аяқтады.

* * *

Ләззат Сүйіндікова, Досқараев көшесі, 18-үйдің тұрғыны, жарылыс кезінде қаза тапқан  әскери қызметші, аға сержант Бауыржан Әлімбековтің анасы:

— Мен бастан кешірген тауқыметтен есімді жия алмай жатырмын. Жарылыста жалғыз баламнан айырылдым. Үйімнің быт-шыты шықты. Бала-шағаммен не істерімізді білмей қалдық. Сондай қиын күн туғанда, Қорғаныс министрлігінен азаматтар, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов келді. Демеу берді, көңілімді жұбатты немерелерімнің басынан сипады. Осы оқиғадан екі ай өткеннен кейін үйімді тұрғыза бастады. Әнуар мен Тимур деген жігіттер басшылық жасады. Қастарында Ақан деген жүргізуші бала бар.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями