Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Нұр Ақтөбеде» биыл 130 мың шаршы метр үй беріледі

Дата: 12 сентября 2019 в 12:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Нұр Ақтөбеде» биыл 130 мың шаршы метр үй беріледі

«Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай

тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.

Негізгі қағидат — тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан

әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып,

тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет».

Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауынан.

«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешенінде жыл аяғына дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы аумағы 130 мың шаршы метр болатын 2009 пәтер пайдаланылуға беріледі.  Мұндағы «Несиелік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша салынып жатқан үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында беріледі. 

Аталған банк филиалы басшысының орынбасары Эльмира Ескендірованың айтуынша, жыл басынан бері ақтөбеліктер осы банк арқылы 2600-ге жуық несие рәсімдесе, соның 700-ге жуығы «Нұрлы жер» бойынша баспаналы болған.

Асылбек Әлімбаев,

қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

— Биыл жыл соңына дейін «Нұр Ақтөбедегі» 1-шағын ауданда аз қабатты 27 үй тапсырылады, онда 1341 пәтер бар. Сонымен бірге 2,3,4-шағын аудандарда тоғыз қабатты 5 үй тапсырылады. Тұтастай алғанда биыл жыл соңына дейін 130 мың шаршы метр баспана беріледі деген жоспар бар.

Алдағы жылы тоғыз қабатты 5 үй (жалпы аумағы 54 мың шаршы метр болатын 1099 пәтер) пайдаланылуға беріледі. Үйлердің барлығы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. «Нұр Ақтөбедегі» салынып жатқан үйлердің құрылысын «Ақтөбе-сәулет», «Казстройподряд», «Ақтөбеэлектросетьстрой», «Сәулет-Құрылыс-2017», «Соллерс», «Боско кз», «Сермар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді құрылыс компаниялары жүргізіп жатыр.

 Эльмира Ескендірова,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары:

— Ақтөбеліктердің «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуы өте белсенді. Оған қатысу үшін тұрғындарға бірнеше талап қойылады: біріншіден, Қазақстан бойынша атында үй тіркелмеген болуы керек. Жақында бағдарламаның осы талабына қатысты өзгерістер енгізілді. Яғни егер бұрын «Нұрлы жерге» қатысу үшін соңғы бес жылда атыңызда үй тіркелмеген болуы шарт болса, ендігі жерде соңғы бес жыл емес, тек өтініш берген кезде атыңызда үй болмауы талап етіледі. Яғниүстіңіздегі үйді бүгін сатып жіберіп, ертеңіне осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндігіңіз бар.

Тағы бір өзгеріс — егер бұрын үй алғыңыз келетін жерде тіркеуде болуыңыз шарт болса, қазір мұндай талап қойылмайды. Яғни сіз ауданда, ауылдық жерде тіркеуде тұрып та, қаладан үй алу үшін бағдарламаға қатыса аласыз.

Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін үйлер «Нұр Ақтөбеде» салынып жатыр. Барлығы да таза әрлеуде, яғни кілт алғаннан кейін қоныстануға 100 пайыз дайын. Мұндағы үйлердің шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден басталады. Бұл — еліміз бойынша ең арзан баға. «Нұр Ақтөбедегі» бір бөлмелі үйлердің құны шамамен 5 миллион теңге көлемінде, 2 бөлмелі — 7,5-8 миллион, 3 бөлмелі үйлер ауданына қарай 10-11 миллион теңгенің шамасында.

Сонымен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» депозитіңізде алатын үйіңіздің құнының кемінде 20 пайызына тең қаражат болуы шарт. Несие жылдық 5 пайызбен беріледі.

Мақсат Заитов,

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілі:

— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үйлер туралы барлық ақпаратты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы baspana.kz сайтына кіріп білуге болады. Порталда барлық ақпарат тұр. Егер сіз үй алғыңыз келсе, осы порталға кіріп, өзіңіздің «жеке шотыңыз» арқылы үйді таңдап,өзіңізге ұнайтын пәтерге тапсырыс бересіз. Содан кейін 5 күн ішінде клиент төлем қабілеттілігін бағалау рәсімінен өту үшін банкке қажетті құжаттардың тізімін ұсынуы керек.

Порталмен жұмыс істей алмайтын азаматтар банк бөлімшесіне келіп, толық ақпарат ала алады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының барлық әлеуметтік желілерде парақшалары бар, осы парақшаларда да ақпараттар жеткілікті.

Аумағы 84 шаршы метрден астам үйді де алуға болады

«Осыдан бір ай бұрын baspana.kz сайты арқылы «Нұр Ақтөбедегі» 10-үйдегі пәтерлердің бірін алу үшін тікелей сатып алу арқылы өтініш берген едім, қазір төлем қабілеті туралы ақпарат шықпай жатыр, уақыт ұзап кетті, соның себебін білгім келеді. Алғым келетін үйдің ауданы 84,6 шаршы метр», — деп хабарласты біздің оқырмандардың бірі. Осы сауалды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары Эльмира Ескендіроваға қойған едік:

— Иә, рас, бастапқы да «Нұрлы жер» қабылданған кезде бұл бағдарлама бойынша аумағы 84 шаршы метрге дейінгі пәтерлерді ғана алуға болады деген талап қойылды. Себебі бағдарлама негізінен баспанаға мұқтаж азаматтарға арналғаннан кейін несиені өтеу қиынға соқпасын деп, аумағына шектеу қойылды. Дегенмен, қазіргі уақытта тұрғындар арасында 84 шаршы метрден астам пәтерлерге сұраныс бары байқалады. Мысалы, осы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының өзінде аумағы 90 шаршы метрден асатын пәтерлер бар. Қазіргі кезде бағдарламаның осы талаптарына қатысты өзгерістер енгізіліп жатыр. Өзгеріс күшіне енген кезде салымшыларға қосымша хабарлаймыз, — дейді ол.

3-шағын ауданда:

3-шағын ауданда қатар тұрған үш-төрт үйде биыл жазда қоныстойлары көп болды. Бірқатар пәтерлер жыл аяғына дейін тапсырылады. Мұндағы 10 және 11-үйді «Ақтөбе-Сәулет» құрылыс компаниясы салған. Аталған компания өкілі Олег Крупко құрылыс сапасының жоғары екендігін айтады.

— 10-үйде 216 пәтер бар. 11-үйде де осынша пәтер бар. Бір бөлмелі пәтерлер — 42, 2 бөлмелі — 56 және 3 бөлмелі пәтерлер 84 шаршы метр. Құрылыс 2017 жылы салынып, былтыр пайдаланылуға берілді. Құрылыс кірпіштен салынған, үйлердің қабырғасы 74 сантиметр, базальт плитасымен бекітілген, бұл үйдің қыста жылы болатындығын көрсетеді. Тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық жоқ.  Біз салған кез келген үйге екі жыл мерзімге кепілдік береміз, егер осы екі жылда қандай да бір наразылықтар болса, кемшіліктерді жоямыз. Құрылыс материалдардың барлығын жергілікті жерден аламыз. 4-шағын ауданда жеті подъезді кірпіш үй салдық, қазір 9 қабатты панельді үй салып жатырмыз, — дейді компания өкілі.

Осы үйге жақында ғана көшіп келген Әсел Бабаева көпбалалы отбасы ретінде «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пәтер алған. Жолдасы екеуі пәтер жағалап жүріп, төрт жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотына ақша жинаған.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасы жарияланған кезде қатты қуандық. Алғашқы жарнамызды салып, баспаналы болып отырмыз. Мемлекет тарапынан бізге бастапқы жарнаға көмек ретінде қайтарымсыз әлеуметтік көмек берілді, — дейді ол.

2-шағын ауданда:

2-шағын ауданда 3-4-5 қабатты шағын үйлер бой көтерген.  «Сәулет-құрылыс» ЖШС салған үш қабатты үйлер өзінше бөлекше бір қалашық секілді.

Бүгінде мұндағы «Сәулет-құрылыс» құрылыс компаниясы салған 27,28,29,30-үйлер пайдаланылуға берілген. Жыл аяғына дейін 31,33-үйлердегі пәтерлердің кілттері тапсырылады.

— Жұмыс толығымен 1-2 айда бітеді. Пәтерлер таза әрлеуде беріледі. Бір шаршы метрінің құны — 135 мың теңге. Мұндағы пәтерлердің барлығы жалпы аумағы 58-59 шаршы метр болатын екі бөлмеден тұрады. Бұл — тапсырыс берушінің талабы.  Барлық инженерлік желілері тартылған, су, жылу келіп тұр. Қазір үйлердің айналасы абаттандырылып жатыр. Пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы беріледі, — дейді құрылыс компаниясының директоры Жанат Нұрғалиев.

Жеңісбек Төреғалив,

Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

— Қазір «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның бірі —  4-шағын ауданда салынып жатқан 900 орындық мектеп. Жобаның жалпы құны — 1 миллиард 511 миллион теңге. Қазір мектептің айналасы абаттандырылып жатыр, бұйырса, биыл жыл аяғына дейін пайдаланылуға беріледі.

Дәл осындай 900 орындық мектеп 1-шағын ауданда да салынады. Оның құрылысы енді басталып, алдағы жылы пайдаланылуға беріледі. Бұл мектептердің құрылысын «Ақтөбеэлектросетьстрой» және «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізіп жатыр.

Жалпы алғанда «Нұр Ақтөбе»  шағын ауданында үш мектеп болады. Оның бірі жаңадан салынып жатқан осы екі мектеп болса, біреуі — 2-шағын аудандағы  2016 жылы пайдаланылуға берілген 1200 орындық мектеп. Сонымен бірге  1-шағын ауданда жекеменшік компаниялардың ұйытқы болуымен 320 орындық балабақша салынып жатыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями