Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Бенце Иштван —өкіл әке, шабандоз

Дата: 12 сентября 2019 в 12:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бенце Иштван —өкіл әке, шабандоз

Ұлттық спорт түрлері бойынша Ақтөбе балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде венгриялық шабандоз Бенце Иштванмен кездесу өтті. Онда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, жас шабандоздар және тарихшылар болды. «Еуразиялық бірлік» қорының президенті, халықаралық «Көкпар» федерациясының вице-президенті Бенце «Қазақ даласында 10 жыл ат үстінде» атты бейнебаян дайындап, әр өңірдегі елеулі естеліктерін бөлісу үшін келген.

Бенце Иштван Қазақстанға он жыл бұрын делегат боп келгенде көшпелі елдің тарихы қатты қызықтырады. Ол содан кейін атпен саяхат жасап, еліміздің бірнеше қалаларында болып, тарихи жерлерді аралады. Биыл төртінші рет келіп отырған оған қазақтың тұрмысы жақсы таныс. 2009 жылы Қазақстан-Венгрия арасында алғашқы ат экспедициясын жасаған Бенце ұлттық салт-дәстүріміздің де куәсі болған. Бар мақсаты — қазақ пен венгрге ортақ ата-бабаларға және өткен тарихқа құрмет көрсетіп, ұлықтау. Тіс дәрігері, жақ-бет хирург Бенце басқарған экспедиция Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Ақтау облыстарымен жүріп өтті. 2017 жылы Ақтау қаласынан Астанаға дейін атпен барып ЭКСПО-ға қатысты. Ол — сондағы дүниежүзілік көрменің павильонында атқа мініп өту құрметіне ие болған  шабандоз.

Ат экспедициясының әр кезеңінде оның тобы батыстан шығысқа қарай жасаған сапарында Қазақстанның кең аумағын кесіп өтіп, бірнеше тарихи ортақ жерлерде болды. «Алтын адамнан Аттиллаға дейінгі» сапарында ежелгі қазақ-венгр жауынгерлерінің атқа мінудегі ұқсастықтары, көшпелі мәдениеттің құнды деректерін тапты. Бенценің негізгі ойы — тарихы тамырласқан елдердің ортақ тұлғаларын танып, бұрын зерттелмеген жерлерді ашу. Әр сапарында венгр жауынгерінің киімін киіп, тарихи кезеңнің маңыздылығына баса мән берді.

Қазақ даласын шарлаған оған еліміздің ұлттық салт-дәстүрлері қатты ұнапты. Соның бірі ең алғашқы сапарында қазақ отбасындағы қыздың тұсауын кесіп, өкіл әкесі атанды. Сол отбасымен әлі күнге дейін хабар алысып тұрады.

Ол қайда жүрсе де қазақ халқының қонақжайлылығын, мейірбандығын, қол қайырымын көрген. Ұзақ сапарларында қонған ауылы құдайы қонақты жақсылап күтіп, тың ат мінгізіп шығарып салып отырған. Сондықтан ол Қазақстанды екінші елім деп есептейді.

— Бүгін ат спорты ипподромында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Біз бұл шараны 30 жыл бұрын қолға алғанбыз. Бірінші садақ тарту мәселесін әбден зерттедік. Оны қалпына келтірдік. Ал көкпар ойынын бізде «Көбере» дейді. Сапардың мақсаты — көру, білу, үйрену. Көшпенділердің спортын жандандыруды қолға алдық. Ең алғаш келгеннен бастап қазақтың мәдениетімен етене таныстым. Қазақ қызына өкіл әке болдым. Бұл маған үлкен міндетті жүктеді. Сол себепті әр қазаққа құрметпен қарап, азаматтық борышымды атқарып жүрмін деп ойлаймын. Қазақстанға келу мен үшін мереке, —деген Бенце — Иштван 20 жыл бойы сақтаған бейнероликті, қазақ жұртындағы әр сәттерді жинақтаған бейнебаянды көрсетті.

56 жастағы Бенце 3 баланың әкесі. Қасындағы серіктерінің айтуынша, жауынгер адам. Төзімді әрі шыдамды. Ұзақ сапарлары көп уақытын жоғалтып, денсаулығына зиян келсе де ойға алған жоспарын аяғына дейін жеткізбей тынбайды.

2016 жылы Бенце «Ұлы Жібек жолында ат үстінде» деген атаумен кезекті экспедициясын бастады. Онда ол Венгриядан Бакуге, Қазақстанның қалалары арқылы Манғолияға дейін барды. Бұл сапарды жалғастыруды жоспарлап отыр. Ресей мен Еуропаны да атпен аралаған оның ендігі мақсаты — Корей түбегіне дейін бару.

Самат НАРЕГЕЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями