Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ауылдан шыққан әлем чемпионы

Дата: 12 сентября 2019 в 11:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Ауылдан шыққан әлем чемпионы

Алтай батыр ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тұрлыбек Айтжановтың шәкірті Нұрсәт Көшербай Өзбекстан Республикасында белбеу күресінен жасөспірімдер арасында өткен жарыста әлем чемпионы атанды.

Жерлесіміз 85 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын шаң қаптырған. Сүйінші жаңалықты ести салысымен, жаттықтырушысына хабарласқанымызда: «Қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей тұр. Халық орнынан тік тұрып, шапалақ ұрғанда, көзіме еріксіз жас келді. Нұрсәттің орыс ұлтының палуанымен сынға түскен сәтінде қобалжығаным есімнен кетпейді. Халық лық толы аренада «баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» дегенді шын мәнінде сезіндім. Жарақат алғаннан кейінгі дәрігер қарауынан соң Нұрсәттің боз кілемге қайта оралған кезінде көптің қолдауын көрсеңіз ғой! Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ерекше сезім! Байғанин ауданынан ақыры әлем чемпионын шығардық! Мен өз шәкірттерімнің қай-қайсысын да ерекше бағалаймын. Мейлі ол чемпион болсын, болмасын, әрқайсысын өзгеше жақсы көремін.Расын айту  керек, осындай  үлкен додаларға келгенде, қаражат жағынан қиындықтардың қатар жүретіні рас. Осы ретте ауыл азаматтары — Естай Сисенбаев, Айбын Нұрлыбеков, Шоқан Есенғазин, Нұралы Айтжанов сияқты ағаларымыздың құр қайтармай, жанашырлық танытқанына алғысымды білдіремін», — деген Т.Айтжанов аудан, ауыл әкімдігіндегілерге, сондай-ақ облыста белбеу күресінен аға жаттықтырушыСәндібек Ахетовтің тарапынан болған қолдауларға да ерекше ризашылығын білдірді.

Палуан чемпионаттағы Латвия спортшысымен болған алғашқы белдесуінде көпке созбай таза жеңіске қол жеткізген.  Содан соң өзбек отандықпалуанды өз төрінде алып жығып, тәжіктің палуанымен сынға түседі. Жігерлі қарсыласының жауырынын жерге тигізген Нұрсәт Көшербайға көрермен тік тұрып шапалақ ұрады. Халықтан мұндай қолдау алған спортшы жаттықтырушысымен бірге әр кездесуден кейін қарсыластарының әр әдісін сарапқа салып отыруды басты назарда ұстаған. Ақтық сында өздері күткендей Ресей Федерациясының палуанымен белдесу бұйырады. Көпшіліктің қиқуы ішкі қобалжуды үдеткен сәтте, жерлесіміз екі балдық әдіс жасап қуантып, бір адым кері шегінеді. Ақырында жігері мықты Жем-Сағыздың жігіттері бір-біріне қолдау көрсетіп, тактиканы өзге қырынан қайта қарап, жинақталып алған соң, іске кіріседі. Нәтижесінде алған азды-көпті жарақатына қарамастан Нұрсәт Көшербай күллі қазақ ұлтының қоржынына әлемдік боз кілемнің алтынын салып береді.

Бұған дейін Алтай батыр ауылынан әлем чемпионатының төрт бірдей қола жүлдегері шықса, бесіншісі елге алтыннан алқа тақты. Бұл жаттықтырушының өткен жылы бізге берген уәдесі болатын.

Арайлым ҚАСЫМ,

Байғанин ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями