Автошеру конституция күніне арналды

Дата: 27 августа 2019 в 11:22


Автошеру конституция күніне арналды

Демалыс күндері Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Ақтөбеге арнау» атты автошеру ұйымдастырылды.

Облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Довматенконың басшылығымен өткізілген шараға «Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» мен «Қамқоршылық-Забота» қоғамдық бірлестіктері ұйытқы болды. Бұл шараның мақсаты — халықтың қозғалыс белсенділігі төмен топтарына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестіктің шеңберінде тегін көлік қызметтерін көрсететін арнаулы автокөлік құралдарын көпшілікке таныта отырып, «Инватакси» қызметіне қоғам назарын аудару және мүгедектерге тегін қызмет көрсететін арнайы автокөліктер паркін құру.

Қала әкімі Мавр Абдуллин акция ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Астана саябағындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы маңына жиналғандарға МАИ қызметкерлері нұсқау беріп, құжаттарды, автокөліктердіңтехникалық жағдайлары тексерілгеннен кейін старт берілді. Бір-бірінің ізімен 40 автокөлік жолға шықты. Оның 20-сы — облыстағы «Инватакси» қызметі, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің, оңалту-сауықтыру орталықтарының, балалардың қоғамдық бірлестіктерінің, оңалту-сауықтыру орталықтарының қарамағындағы өзге де арнаулы автокөліктер, қалғаны— мүгедектердіңқолмен басқарылатын және есту қабілетінде ақаулықтары бар жүргізушілердің көліктері. Арнайы көліктерге 80 адам жайғасты.

Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың айтуынша, осындай акция арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерінің мығым рухы мен күнделікті өмірдегі ерлігін көрсетуді мақсат етіп отыр.

— Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры қоғамдық бірлестігі «Инватакси» қызметін 2005 жылы қолға алған болатын. Бүгінде облыс орталығында, Шалқар, Темір, Мұғалжар, Қарғалы, Мартөк аудандарында жүйелі жолға қойылып отыр. 2012 жылдан бастап қозғалыс-тірек жүйесі зақымданған азаматтарға жергілікті қаражат есебінен көлік қызметі тегін көрсетіліп келеді. Бүгінгі акция арқылы біздің облысқа мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін осындай арнайы көліктің аздық ететінін айтқымыз келді, арнайы автокөліктер паркін құру қажет, — дейді ол.

Арнайы көлік қызметі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте маңызды: мыңнан астам азамат оқуға, жұмысқа, мәдени, спорттық шараларға қатысу үшін осындай көліктердің қызметіне жүгінеді. Бұл автошерудің әлеуметтік маңызы зор. Себебі, бұл акция мүгедек азаматтардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруға, осындай азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің шеңберін кеңейтуге, жолдағы қауіпсіздік шараларын арттыруға, «Инватакси» қызметін одан әрі дамытуға септігін тигізеді.

Автошеру Ақтөбеден басталып, Мәртөк ауданында жалғасты. Шеруге қатысушылар аудан басшылығымен, тұрғындарымен кездесіп, естелік суреттерге түсті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями