Министр көпбалалы аналармен кездесті

Дата: 24 августа 2019 в 12:02


Министр көпбалалы аналармен кездесті

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Анаға тағзым» орталығында бір топ көпбалалы аналармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Алдымен министр «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығының ғимаратын аралап шықты. Өткен жылы ашылған орталықтағы үйірмелердің жұмысымен танысып, қызметкерлермен тілдесті.

Бұдан кейін Біржан Нұрымбетов көпбалалы аналармен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

— Бүгінгі күні мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін маңызды екендігі анық.  Биыл Ақтөбе облысы бойынша бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 8,3 миллиард теңге қарастырылған. Оның жартысы бүгінге дейін мұқтаж азаматтарға берілді. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша биыл 80 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмекке байланысты ел арасында әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Мұндай қауесеттерге сенудің қажеті жоқ. Мемлекет тарапынан аз қамтылған, мұқтаж отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылмайды. Алайда бұл жәрдемақы заң аясында, белгілі бір шарттармен берілетінін халық ескеруі керек. Ол үшін ең басты қойылатын шарт — көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың ортақ табысының аз болуы.  Бұл жәрдемақының логикасы қарапайым. Ол үшін азаматтар өздерінің табыстарын жасырмай, құжат дайындағанда нақты отбасына түсетін кірісін айтуы тиіс, заңсыздыққа жол берілмеуі керек, — деді Б.Нұрымбетов.

Министрмен кездесуге келген көпбалалы аналардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлбану Сұлтанғалиева. 5 бала өсіріп отырған отбасыбүгінде пәтер жалдап тұрады.

— Жолдасымның табысы ай сайынғы пәтерақы мен балалардың тамағынан ауыспайды. Қаржы жинап, пәтер алуға ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Оның үстіне қазір өзім ауырып, химиялық ем қабылдап жүрмін. Атаулы әлеуметтік көмек аламыз, алайда ол жыртығымызды жамауға келмейді. Сондықтан мемлекет тарапынан біз сияқты көпбалалы отбасыларға баспана жағынан көмектессе деген тілегіміз бар, — деді ол.

Біржан Нұрымбетов көпбалалы анаға алдағы уақытта қала әкімшілігінің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен баспана мәселесін шешудің жолдары қарастырылатынын айтып, отбасына амандық, деніне саулық тіледі.

Бұдан кейін Ақтөбе қаласының тұрғыны Шынаргүл Қарабатырова министрге отбасында төрт бала тәрбиелеп отырғанын, кенже баласының мүгедектігі барын, жуырда тұрып жатқан мекенжайына бұған дейін алған атаулы әлеуметтік көмек бойынша 335 мың теңге қайтаруы керектігі туралы ескерту қағазы келгенін айтып берді.

Кездесу барысында министр барлық аналардың арыз-шағымдарын тыңдап, алдағы уақытта мемлекет тарапынан көпбалалы, мұқтаж отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен, тұрғын үймен қамту, оларға жан-жақты қолдау көрсету шеңберінде жаңа жобаның жүзеге асырылатынын айтып, бұған дейінгі заңсыздықтардың тоқтатылатынын жеткізді. Сондай-ақ министр әрбір отбасындағы еңбекке жарамды мүшелердің жұмысқа тартылуы керектігін, бұл бағытта нақты жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Басқосу соңында Біржан Нұрымбетов аталған мәселелер бойынша Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұловқа нақты тапсырмалар жүктелетінін жеткізді.

                                                              Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями