Өзгеше өрнектер

Дата: 22 августа 2019 в 11:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Өзгеше өрнектер

Ел таныған азаматтардың өмірбаянына тереңірек үңілсеңіз, солардың көпшілігінің түп-тамыры алыстағы ауылға, шалғайдағы елді мекендерге тартып жатады. Және бір ерекшелігі, біразы ата-әже тәрбиесін алғандар болып шығады.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, физика-метаматика ғылымдарының кандидаты, «Тарлан» көп салалы колледжінің бас директоры,Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

Жәрдемғали Шүкіров та балалығы сондай тәрбиелі жолдан өткен жан.

Бала Жәрдемғали кішкентайынан-ақ ұлы анасы Ақжонастың тәрбиесінде болған. «Он бір жасыма дейін әжемнің тәлім-тәрбиесін көрдім, — дейді ол. — Сонда оның аузынан сан түрлі тағылымды әңгімелер естідім. Бірі жадымда сақталған, бірі ұмытылған. Үстіне ұзын ақ көйлек киіп, ақ жаулық тартқан, көзі сәл күлімсіреп тұратын, тап-таза жүретін сол бір аяулы жанның сөзі де, әр іс-қимылы да тақуалыққа шақырып тұратын».

Сол Ақжонас он үш жасында бір елдің болысы атанған Тілеген биге тұрмысқа шыққан. Текті елдің қызын алақанында салып ұстаған болыс оны кіші отау етіп бөлек шығарған. Олардың сол сыйластығы көпке үлгі болып, кейінгі ұрпақтың алдына тәрбиелі жол салып берген екен.

Ақжонас ана ол кісінің атын атамай, кейінгі балаларына әңгіме басын «Кәкелерің…» деп өрбітеді екен. Тілеген бабаның көпке үлгілі, тағылымды іс-қимылдары да сол абзал ана айтуымен кейінгі ұрпаққа жеткен секілді.

Бала Жәрдемғалидың жадында әжесінің «Атаң билік айтқанда, дау түйінін әділ шешіп бергенде жапа шеккен адамнан ештеңе алып көрген емес» деген бағасы мәңгілік сақталып қалыпты.

Сол Тілеген баба Шетпедегі Ақжігіт әулие қорымында жерленген. Арада 156 жыл өткеннен кейін ұрпақтары бейітті жаңғыртып, ол жерге кесене тұрғызды. Әруақты адамның шөпшегі Ернұр Жәрдемғалиұлы да сол қатардан табылып, үлкендердің батасын алды, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.

Кейіпкеріміз Жәкең балалық шаққа саяхат жасағанда осы ата-әжесін көбірек ауызға алады. Ал өз әке-шешесін аға-жеңге деп өскен. Әкесі Жұбанғали бухгалтерлік қызметте Байғанин ауданының бірнеше шаруашылықтарында қызмет жасаған. Кәсібіне берілгендігі сондай, сол уақыттарда «бір өзі қатарынан қырық колхоздың есебін жасаған» деген әңгіме де тарапты ол кісі туралы.

Бәлкім Жәрдемғалидың есеп-қисапқа тікелей құштарлығы болмағанымен, соған сабақтас физиканы таңдауында да әке септігі тиген шығар. Бұл ретте Жәкең мектептегі ұстаздарының ықпалын көбірек айтады. Бастауышта сабақ берген Меделбай Қыдыровтың белгіленген тақырыпты түсіндіру шеберлігін әлі күнге дейін ұмытпайды. Ол кісінің әңгімесінен көп ұзамай елге коммунизм келетінін бағамдаған шәкірттер сол бір сәулелі жарқын күнге асығып жүреді екен.

Ал сол тұста институтты жаңа бітіріп келген Бозақ Нұғыманов балаларды физика әлеміне бірден-ақ баурап әкетіпті. Жаңалыққа жаны құштар шәкірттерді жаңа әлемге жетелеп, түрлі сынақтар өткізіп, тәжірибелер жасау арқылы ұстаз ауыл балаларына физика құпияларын көптеп ұғындырған секілді.

Әдетте мектепте бәріміз үшін де химия мен физиканың жаңғақша шағылатын оңай пән болмағанын жасыра алмаймыз. Химияның қиындығы туралы сан айтылып жүр, ал физикадағы өзгеше өрнектер, сан түрлі сәулелер де кез-келген шәкіртке сырын аша қоймайды.

Бозақ ұстаздың бағыты Жәрдемғали оқушының ойынан шығып, физик болсам деген мақсатқа жол салғандай екен. Сол кезде көкіректе оянған арман ақыры жүзеге асты. Облыс орталығындағы №6 орта мектепті бітірген Жәрдемғали Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетіне құжаттарын тапсырды. Оның ішінде физика бөліміне таңдау жасады.

Институтта өзінің мектептегі ұстазы Мәжит Тумышев алдынан шықты. Факультет деканы болған тәжірибелі оқытушы шәкіртінің талпынысын ұдайы қолдап, жаңа биіктерге шығуына тілектес болып жүрді.

1970 жылы институтты жақсы бітіріп, қолына диплом алған маманды жолдамамен елге жібереді. Ол Ебейті елді мекеніндегі Қопа орта мектебінде ұстаздық жолын бастайды. Арада бір жыл өтеп-өтпестен институтқа оқытушылық қызметке шақырылады. Осында жалпы және теориялық физика кафедрасына аға оқытушы болып қабылданады. Жиырма екідегі жас жігіт аудиторияға кіріп келгенде шәкірттері арасынан өзінен үлкендеу қыз-жігіттерді де көріп, көңілі қобалжығанымен, көп ұзамай жаңа арнаға еркін түсіп кеткен еді.

Жоғары оқу орнында оқытушы болу деген сөз ұстаздықпен ғана шектелмейді. Мұнда ғылыммен да шұғылдануыңыз шарт. Сондықтан да Жәрдемғали 1978-1981 жылдары Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасында білім алады. Оқудың соңғы жылында жартылай жүктемемен кіші ғылыми қызметкер ретінде еңбек етеді. Білім мен тәжірибе, ұдайы ізденістер нәтижесінде профессор Владимир Стрижескийдің жетекшілігімен «Инфрақызыл аумақтағы моминесценция және комбинациялық шашырауды бейсызықтық оптика әдістерімен зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

Украинаның әсем астанасы — Киев қаласында өткен жылдарын Жәкең бүгінде ерекше сағынышпен еске алады.

«Біріншіден, ол жерде көптеген республикалардан, тіпті шетелдерден келген жастар білім алдық. Бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Түрлі кездесулер, шығармашылық кештер өтіп тұратын. Қазақ жастары да аз болған жоқ. Біздер өзіміз болып бірлесіп, ұлттық өнерімізді насихаттайтын шара ұйымдастырдық, оған қазақстандықтар белсене қатысқаны әлі күнге дейін көз алдымда.

Екіншіден, украиналықтар қазақтарды ерекше сыйлайтын. Көпшілігі қазақ жауынгерлерінің ел қорғаудағы ерлігін жақсы білетін. Оның үстіне соғыс кезінде көптеген украиналықтарды Қазақстан жеріне жіберген. Сол кезде олар қазақтардың ерекше қамқорлығын көргенін үнемі айтып, бізге сүйіспеншілік сезімімен қарайтын»,— дейді ол.

Сол елден Ақтөбеге ғылым кандидаты болып оралған Жәрдемғали Жұбанғалиұлы студенттерге физика құпияларын түсіндіруге ерекше шабытпен кіріседі.

Тәжірибелі маман ретінде қалыптасып, факультет деканы дәрежесіне дейін көтеріледі. Бір жылдары эксперименталдық және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі болады.

Көптеген ғылыми еңбектері «Квантовая электроника» журналында, КСРО Ғылым академиясы хабаршысының физика, оптика және спектроскопия, басқа да ғылыми басылымдарда тұрақты жарияланып тұрады. Сексенінші жылдары Мәскеуде өткен бүкілодақтық конференцияларда «Когеренттік және бейсызықтық оптика» тақырыбында баяндамалар жасап, танымал ғалымдардың, әріптестерінің жоғары бағасына ие болды.

Жәрдемғали Жұбанғалиұлы өзінің негізгі қызметімен бірге, «Тарлан» колледжіне де құрылтайшылық жасап, жастарға сан салалы мамандық беретін оқу орнының қалыпты жұмыс істеуіне жол көрсетіп келеді.

Бүгінде бұл колледж түлектерінің өзі 800-ден асыпты. Білім алушылар арасында мемлекеттік тапсырыс игілігін көрушілер де бар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қолдау жасалады. Бұл мәселеде көпті көрген ұстаз, елдің танымал азаматы ретінде Жәкең жан-жақты байыптама жасап, мамандық аламын деп ілгері ұмтылған жастарға әкелік, аталық пейілін қашанда танытып отырады.

Жәрдемғали Жұбанғалиұлы өз мамандығының қыр-сырын жас буынға үйретуге әлі де құштар. Әйтеуір алдына келген тәлім алушыға білгенін үйретуден жалықпайды.

Ал өзі әлі күнге дейін осыдан үш жүз елу жылдай шамасы бұрын ғұмыр кешкен Исаак Ньютонды ұлы ғалым ретінде алға ұстанып отырады.

Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейнге деген құрметі де ерекше.

1964 жылы ешқандай бір-бірінен хабарсыз және тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері болмаса да, бір тақырыпта зерттеу жүргізген және бірдей жетістікке жеткен және лазерді құраушылар ретінде Нобель сыйлығына ие болған кеңес физиктері Александр Прохоров пен Николай Басов және американдық Чарльз Таунс сынды ғалымдардың жанкешті еңбектеріне тәнті болып жүреді.

Бұдан басқа бір өңірден шыққан Назарбай Блиев, Ілияс Тәжімұратов, Асау Жалғасов секілді әр буындағы ғалымдардың еңбектері мен ұстаздық ізденістері өзін әрдайым жігерлендіріп отырғаны және дем бергені айқын.

Жақсы мамандық игерумен қатар, сүйікті жар табу, ұрпақ өсіру — әр азаматтың арманы ғой. Жәкең өзімен бірге оқыған Күнсұлу есімді аяулы жанмен тағдыр тоғыстырды, қол ұстасып алғы күнге бірге аттанды.

Әрине, заман ағымына сай қиындықтар да аз болған жоқ. Әсіресе, Ақтөбе педагогика институтына енді қызметке тұрған жас жігітті бір жылға армия қатарына алып кетуі қатарға енді қосылғалы тұрған отбасы үшін ерекше сынақ іспетті болды. Бір жағынан Новосибирск қаласындағы әскери өмір оны шыңдады да.

Қалай болғанда да тіршілік бір қалыпты бола бермейді ғой.

Балалар өсіп, жақсы армандар жүзеге асып келе жатқан тұста өмірдің қиын-қыстау сәттері алдынан шыққаны жанға батады. Азамат болған екі перзенті жалғанның көшіне ертерек ілесті.

Кенже ұлы Ернұр қазір Астанада, Әсел келін екеуі еңбек етіп, немересі Алинаны тәрбиелеуде. Мектепте оқитын кішкентай бүлдіршінің спорттық гимнастикадағы жетістіктері ата-әжесін мәз қылып отырады.

…Қазақта қай кезде де өмірге келген балаға ат қоюға ерекше мән беріледі. Бүгінде жетпіс жастың белесіне көтеріліп отырған Жәрдемғали Жұбанғалиұлы Шүкіровтың (Шүкірғали) Тілеген бабадан бері қарай желі тартқан ұрпақтар сабақтастығында да көңілге жылылық әкеліп, жаныңа сәуле түсіретіндей есімдер өзгеше өрнектеліп тұрғаны білінеді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями