Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

МӘМС: тұрғындарды ақпараттандыру деңгейі қандай?

Дата: 17 августа 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


МӘМС: тұрғындарды ақпараттандыру деңгейі қандай?

Алдағы жылдан бастап ел тұрғындары медициналық қызметтерді екі үлгі бойынша алатын болады. Ал 2020 жылға дейін төрт айдай ғана уақыт қалды. Халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы ақпараттануы қай деңгейде? Өңірде МӘМС жүйесін енгізу әзірлігі қандай? Осы және басқа да мәселелер облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Шараға «МӘМС» коммерциялық емес акционерлік қоғамның стратегия бойынша басқарушы директоры Нұрлан Қасымов, аталған қоғамның облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мамбетжанова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Орақова, аталған жүйені енгізу жөніндегі өңірлік штаб мүшелері мен мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

Шара барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша облыстағы әр тұрғынға нақты ақпарат беру мәселесі талқыланды. Ол дегеніміз — әрбір тұрғын аталған жүйе туралы, оның артықшылығы, талаптары, тегін ала алатын медициналық қызметтер туралы, халықтың жеке клиникаларда медициналық қызметті ақысыз ала алатындығы, екі пакеттегі жаңартылған медициналық қызметтің түрлері, төленетін төлемдер турасында толық хабардар болуы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мамбетжанованың айтуынша, тұрғындар арасындағы насихаттық-ақпараттық жұмыстар 2016 жылдан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

— Штаб құрамындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала әкімдігі, ішкі саясат басқармасы, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармаларды үйлестіру басқармасы және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы өкілдері облыс тұрғындарымен барлығы 4581 кездесу өткізді. Былтыр облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы екі рет тұрғындар арасында сауалнама жүргізген болатын, оған қатысқан алты мың адамның 70 пайызға жуығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде хабардар екендігін айтты. Биыл да облыс орталығында, аудандарда екі рет сауалнама жүргізілді, оған қатысушылардың 85 пайызы аталған жүйе туралы білетіндігін, қолдайтындықтарын айтты. Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап прокуратураның бастамасымен ауылдық жерлерде «Әлеуметтік мәселелерді шешу» атты ауқымды акция өткізіліп келе жатыр, осы шара барысында да аталған жүйе туралы ауыл тұрғындарына кеңінен ақпараттар берілді. Біз үйлерді, саяжайларды аралап, әрбір үйге кіріп, арнайы дайындалған жадынаманы ұсынып, бұл жүйе туралы ақпарат алғандығын растай отырып, қол қойғызып алып жатырмыз, — деді Г.Мамбетжанова.

Марат Тоқжанов штаб мүшелеріне тұрғындар арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуді бұрынғыдан да қарқындырақ жүргізу керектігін тапсырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Орақова бұл ретте облыстық газеттермен, телеарналармен, әлеуметтік желілермен тығыз жұмыс істеу керектігін ұсынды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями