Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Кеңесте нақтылы түйткілдер қаралуы тиіс…»

Дата: 10 августа 2019 в 11:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Кеңесте нақтылы түйткілдер қаралуы тиіс…»

Кеше Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы жастар саясаты және патриоттық тәрбие беру жөніндегі кеңестің отырысында кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту салаларындағы мәселелер қаралды. Шаһар басшысы Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен жиында жастармен жұмыс жайы сынға алынып, бірқатар тапсырмалар берілді.

Жастар жылы аясында ұйымдастырылған басқосуда алғаш боп сөз алған Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязов шағын және орта бизнес саласындағы жастардың үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, осы жылдың шілде айындағы дерек бойынша Ақтөбеде 48 мың кәсіпкерлік субъектісі бар. Соның ішінде жыл басынан тіркелгендері — 1536 болса, оның 300-ден астамы жастарға тиесілі.

— Жастарды кәсіпкерлікке кеңінен тарту үшін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқыту басталды. Қатысушылар — 18 бен 29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздар. Бірінші лекте 130 жас болып, оларға 25 күндік оқу мерзімінде кәсіпкерлік негіздері, бизнес-идеяны құру, басқа да жұмыстар бойынша мағлұматтар беріледі. Курс аяқталған соң түлектер жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік алады. Қатысушыларға 19273 теңге көлеміндегі стипендия төленеді. Сол сияқты «Бизнес кеңесші» жобасына да қызығушылар көп. Оған 1208 тыңдаушы қатысты, — деді.

Ал Ақтөбе қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Алтынай Маханова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жыл басталғалы 4 мыңнан аса жас қамтылғанын атап өтті:«Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқуға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға 376 азамат, соның ішінде 124 жас бағытталды. Оның 59-ы жұмысқа орналасты. Жыл аяғына дейін электрмонтаждаушы, газэлектрдәнекерлеуші, сылақшы, тас қалаушы, қазандық операторы, шаштараз, бет пен тырнақ әрлеуші, модельер-пішуші, тігінші, аспаз, кондитер, кран жүргізуші, тәрбиеші көмекшісі мамандықтары бойынша қайта даярлау курсына жіберу қарастырылған. Ал екінші бағыт бойынша осы жылы 114 адамға өз ісін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие, грант беру жоспарланып отыр. Үшінші бағытқа келсек, жастар тәжірибесіне 826 түлек, әлеуметтік  жұмыс  орындарына 226 адам, қоғамдық  жұмыстарға 440 адам бағытталды», — деді.

«Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин өзінің баяндамасында студенттердің жазғы каникулда жылдағы дәстүр бойынша өңірді абаттандыруға жұмысқа тартылып жатқанын, мұндай жұмыстардың аудандардағы орман шаруашылығында да көрініс тапқанын айтты.

— Кеңестің келесі отырысында жастарды қандай мәселелер толғандырады, оларға қандай көмек керек, осыған ерекше маңыз беру керек. Мұнда жастардың мәселелерін талқылап, соны қайтсек шешеміз деп өзара кеңесуіміз керек. Кеңес отырысында бүгінгідей баяндамалар оқылмай, нақтылы түйткілдер қаралуы тиіс.

Жастардың белсенділігі төмен. Спорттық шараларды өткізсек, жастар көрінбейді. Мәдени шараларда да солай. Сырттан әншілер келсе ғана қатысады. Неге? Бұның бәрі олардың хабарсыз қалуынан деп ойлаймын. Жастарға арналған қандай жаңашылдықтар мен мүмкіндіктер бар, барлық хабар-ошарлар әлеуметтік желілерге көптеп жариялануы қажет. Және жастар негізінен қандай әлеуметтік желіде отырады, сонда жүйелі жұмыс жүргізіп, мейлінше көп ақтөбеліктерді тарта білу қажет. Осының барлығын жастар ресурстық орталығы өз деңгейінде жүргізсе, бүгінгідей мәселе туындамас еді. Сондықтан келесі жиында осының бәрін реттейтін, жастардың өзінің ұсыныс-тілегін тыңдайтын жағдайды жасауымыз керек, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин.

Кеңес отырысы барысында қатысушылар тарапынан да сұрақтар қойылды. Айталық, колледждердегі жастар ісі жөніндегі комитеттің өкілдері атқарушы биліктен атаулы жыл аясында жігіттер мен қыздарға қамқорлық жасауды сұрады. Атап айтсақ, студенттерге шәкіртақы көтерілсе, жолақы төлеуден жеңілдіктер жасалса деген тілегін жеткізді. Жастар жылының шарапаты осы болар еді деген қатысушылар осы екі мәселе білім алушыларды ерекше толғандыратынын тілге тиек етті. Шаһар басшысы жолақы жеңілдігіне қатысты сұрақ алдағы уақытта қалалық сессияда қаралатынын, бұл бюджет есебінен шешілетіндіктен, нақты шешімін айту ертерек екенін алға тартты.

Жиын соңында «Ақтөбе дарыны — 2019»  жастар сыйлығының иегерлері марапатталды. Жастардың өз дарыны мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік жасау, олардың жетістіктерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға биыл 90 қатысушы өтініш білдіріп, шартқа сәйкес келетін оның 15-і ақтық сынға іріктеліп алыныпты. Білім, өнер, спорт, қоғамдық жұмыс, басқа да салалар бойынша 7 жас үздік танылды. Солардың бірі — «Үздік волонтер» номинациясын иеленген Аида Қазкенова: «Студент атанған 2016 жылдан бері еріктілік жұмыспен айналысып, жұртшылыққа әліміз жеткенше медициналық көмек көрсетіп келеміз. Өзім болашақ дәрігер болғандықтан, осы қоғамдық жұмысым өзіме ұнайды. «Мейірім» еріктілер клубында мен секілді жастар көп. Бүгін, міне, Ақтөбе қаласы әкімінің қолынан диплом алғаныма қуаныштымын», — деп лебізін білдірді.

Жеңімпаздарға Ақтөбе қаласы әкімнің дипломы мен естелік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, облыс орталығында 115 мың жас бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями