Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Құрылыс материалдары неге қымбат?

Дата: 08 августа 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Құрылыс материалдары неге қымбат?

Ақтөбе облысында барлық құрылыс материалдарымен қамту — 85 пайыз. Өңірде құрылыс индустриясын дамытуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар көрші облыстарға өзімізде дайындалатын құрылыс материалдарының 20 пайызын шығарамыз.

Бүгінде бейметалл құрылыс материалын дайындайтын 123 кәсіпорын бар. Олар үй салуға қажетті тастың бірнеше түрін шығарады.

Одан бөлек «Көктас Ақтөбе» кірпіш зауыты тағы да іргесін кеңейтпек. Жылына 120 миллион кірпіш шығаратын зауыт салынып жатыр. Бір жылда 18 мың тонна әктас, 72 мың тонна қиыршық тас өндіретін жобаның құны — 15 миллиард теңге. Демек құм, қиыршық тастан жасалатын кірпіштер облысты толық қамтып тұр. Өйткені өзімізден дайындалатын болғандықтан бағасы да қолжетімді, әрі тұрақты. Мұндай өнімдермен ішкі нарықты қамтып қана қоймай өзге облыстарға да сатып, инвестиция тарту — бүгінгі күннің басты мақсаты. Бірақ…

Ағаш… Профлист… Цемент…

Бұларсыз салынған құрылысты елестете аласыз ба? Әрине, мүмкін емес. Бір қызығы, осы заттардың үшеуі де өзімізде жоқ. Сырттан келеді.

Қазір барлық жерде тұрғын үй, мектеп, балабақша, тағы басқа әлеуметтік нысандардың көптеп салынуына байланысты құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Тіпті оның бағасы жыл сайын көтерілсе де сұраныс түспей тұр. Сатып алушылар оның сапасына да қарамайды. Ең бастысы, тұтынушыларға тауар тоқтамаса болды.

Ақтөбе облысында құрылыс материалдарының негізгі түрлері Ресейден тасылады. Соның бірі — ағаш. Онсыз үй салу мүмкін емес. Іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланылатын құрылыс материалының бұл түрінің қалдығы да кез келген жерде пайдаға асады. Ең ақыры ұсақ жаңқасынан ДВП, ДСП жасалып, төбеге де жылулық ретінде қолданылады. Ақтөбе базарларында бір текше метр ағаш — 55 мың теңге. Бірақ бұлай алғаннан гөрі түйірлеп алған тиімді. Елімізге ағаш Башқұртстаннан әкелінеді. Тасымалдаушылардың дені ресейліктер. Құрылыс материалдарын сатумен айналысатындарға сол жақтан келетін ағаштарды алып қалған жеңілірек. Кейде тапсырыс береді.

Бүгінгі күннің өтімді тауары болғандықтан ағаш несиеге берілмейді. Тап қазір маусымдық кезеңде нарық бағасына тәуелдісіз. Жеңілдік жоқ. Себебі ағаш өзге елден келетін болғандықтан халықаралық бағамен санасуға мәжбүрміз.

— Басқа тауарлардың бағасы қыста аздап түсуі мүмкін. Бірақ ағаштың бағасының тұрақтылығына кепілдік бере алмаймыз. Өйткені ол жақта рубльмен есептелінеді. Бізге теңгеге шаққанда 4-5 есе құнды. Ағаштың құны енді арзандамайды. Жыл сайын өсуі де заңды. Біз текше метрлеп сатпаймыз. Бәрібір сол баға шығады. Екінші жағынан уақытты алады. Сатып алушылар ағаштың көлемі мен санын айтады. Сол бойынша есептеп береміз. Қыс бойы тапсырыс беріп, ауламызға жинай береміз. Осындай кезеңде таусылып қалмауын ескереміз. Ағаш өз құнын еш уақытта жоғалтпайды, — дейді сатушылардың бірі.

Тұрғындардың талап ететіні — ағаштың сапасы. Бірақ оның көлеміне көпшіліктің көңілі толмайды. Айталық, қалыңдығы 5 сантиметрлік ағаштар өлшеп келгенде 1-1,5 сантиметрге кем болады. Амал жоқтықтан оны ала береміз. Ағаш өзімізден дайындалмағандықтан бұған көнбеске шара жоқ. Ағаштың барлық түрі де осындай. Бұл сатушылардың кінәсі емес.

Көп қолданылатын құрылыс материалдарының тағы бір негізгі түрі — қаңылтыр шатырлар. Бұл да қалдықсыз материал. Оның түсінің оннан астам түрі бар. Ал түссіз қаңылтыр шатырлар арзан болады. Сапасына келсек үш түрі бар. Жұқа, орташа, қалың. Сіз қалтаңыздағы қаражаттың көлеміне қарай таңдайсыз. Ұзындығы 6, ені 1,20 метр түрлі түсті профлистің бағасы — 10 мың теңге. Мұнымен шатырды жабу ыңғайлы әрі тез. Сонымен қатар заман талабына сай үйіңіз бен қақпаңызға сән береді. Ал түссіз қаңылтырларды шаруа қожалықтары қораның төбесін жабуға, мал ауласын қоршауға көп алады екен.

Маңғыстау облысынан әкелінетін ұлутастың бір данасының бағасы — 140-160 теңге. Ал құрылыстың сапасына қатысы бар ең негізгісі — цемент.  Оның да бірнеше түрлері бар. Қалауға арналған цементпен ірге тас құйып жүрмеңіз. Көбі осыдан шатасып жатады. Қалада бір қап цементтің бағасы — 1300-1500 теңге болса, аудандарда 2000 теңгеге дейін барады. Облысқа цемент негізінен Ресейден тасымалданатын болғандықтан ол жақтың ыңғайына тәуелдіміз.

Міне, құрылыстың ең қажетті материалдары көрші елден әкелінетін болғандықтан бағасын ұстап тұра алмаймыз. Кез келген адамның  қалтасын қағатын да осылар.

Осы үш құрылыс материалының қажеттілігіне ешқашан тоқтау болған емес. Солай бола береді де.

100 шақырым жерге 30 мың теңге төлейсіз

Енді сатып алған заттарыңызды қалай жеткізесіз? Құрылыс материалдарын сататын әр сауда орындарының алдында жүк көліктерінің бірнеше түрі тұр. Алған затыңыз екі тоннадан аспаса сізге «Газель» көлігі тиімді. Олар Қобда, Мәртөк, Хромтау, Алға аудандарына 15 мың теңге сұрайды. Ал, алған затыңыз КамАЗ-ға тиелетін болса, 30-40 мың теңгеңізді дайындап қойыңыз. Апаратын жердің қашықтығына қарай тасымалдың бағасы көтеріле береді.

Қаладағы кейбір сауда орындары 200 мың теңгеден жоғары сауда жасаған клиентіне жеңілдік жасайды. Өз көліктерімен тасымалын көтеріп береді. Бұл екі жаққа да тиімді.

Қазір ауылдықтар тасымалдың мынадай тиімді түрін таңдайды. Әр аудандарда құрылыс материалдарын тапсырыспен жеткізетін жүк көліктері бар. 4-5 адам бірігіп бір КамАЗ-ды жалдайды. Ақшасы да бөлініп, жеңіл болады. Бір көлік бірнеше үйдің затын әкеліп береді. Барлық аудан орталықтарында 4-5-тен құрылыс материалдарын сататын ірі дүкендер бар. Ұзын болғандықтан ағаш пен профлистің тасымалы қиындау. Сондықтан жергілікті жерлерде осы екеуіне 1000-2000 теңге қосылады.

Құрылысқа қажетті өзіміздің табиғи құрылыс материалдарының бірі — қамыс. Келістіріп сатсаң, ол да бүгінгі күннің сұранысынан түскен жоқ. Ырғыз ауданы бұдан біраз пайда көріп отыр. Қамысты үйдің төбесіне ғана емес, қабырғасына да жаратады. Әр қамыстағы түтікте ауа болғандықтан сырттағы салқынды ішке жібермейді. Бір бума қамыс — 3000 теңге.

Сыртқы құрылыстың құны — 1,5 миллион теңге

Орташа бір үйдің «черновой варианты» шамамен осындай бағаға шығады. Оның көлеміне де байланысты бұдан аз немесе көп болады. Көлемі 100 шаршы метр үйдің өзіне 40 профлист, 30 белдік, 2 мың ұлутас, 200 тақтайша, 40-50 шатыр белдігі, 2 тонна цемент, екі көлік құм кетеді. Егер осылардың бәрі дайын болса бір-ақ айда тұрғызып боласыз. Бұл үйдің жұмысы бітті деген сөз емес. Оның ішкі жұмыстарының құрылысына тағы сондай қаржы кетеді. Оның үстіне газ, су, жарықты кіргізудің де біраз машақаттары бар. Әрбір құжаты ақша. Егер қолыңызда 3 миллион теңге болса бір жазда жаңа үйге кіруіңізге жағдайыңыз бар. Ал жаңағы инфрақұрылымның барлық жабдықтарын өзіңіз сатып аласыз. Біраз жыл бұрын дүрмекпен екі қабатты үй салып, бар ақшасын соған салғандар оның тиімсіздеу екенін айтады. Әрине, кімнің коттеджде тұрғысы келмейді дейсің. Бірақ коммуналдық, тағы басқа төлемдері ай сайын қалтаға артық салмақ салатын болғасын көбі үнемдеуге көшті. «Үйге қомақты табыс кіріп тұрмаса сәндік үшін екі қабатты үйді ұстап тұру да қиын. Әркім көрпесіне қарай көсілген дұрыс» дейді аузы күйгендер.

Құрылыс материалдарын қалай пайдалану керек?

Халық жаппай үй салып жатқанымен екінің бірі құрылысшы емес. Егер жұмысшы жалдасаңыз, оған төлейтініңіз тағы бар. Біраз адам көргенін үйреніп өздері жасауға тырысады. Бар затты тиімді жарату керек. Сондықтан аз-кем мына кеңеске құлақ асқанның зияны жоқ.

Уақыттың тығыздығынан кейбіреулер ағашты сатып алған бойда үйдің төбесіне салуға асығады. Жаңадан келген ағаш ұзақ жол жүріп келгенімен бір-бірімен жымдасып жататындықтан арасына ауа бармай кеуіп үлгермейді. Ылғал күйінде салсаңыз өз салмағына өзі тез майысып кетеді. Ағаш сатып алған әрбір адам оның арасына саңылау жасап, кем дегенде 3-4 күн кептіру керек. Бұл белдік орнына пайдаланатын ағаштарға қатысты. Бар салмақ осыған түсетін болғандықтан әбден кептіргеніңіз дұрыс. Әйтпесе бір майысқан ағашты түзей алмайсыз.

Шатырдың қаңылтырын ағашқа бекіткенде бұрандалы шегелердің қатарына мән беріңіз. Түзу болсын. Егер астындағы ағашқа дәл түспей қаңылтырды тесіп алсаңыз шегені қайтып алмаңыз. Немесе сол бойда астына ағаштың қиындысын салып бұрап тастаңыз. Арнайы шегені қатты бұраудың да қажеті жоқ. Өйткені басындағы резеңкесін езіп жібереді де сол жерден су кетеді. Қаңылтырдың үстіне ешқашан шықпаңыз. Жанынан отырып бір қолыңызбен бұрауды үйреніңіз.

Ал үйді шатырлағанда  құралдарды оңтайлы қолдану — ең басты тәртіп. Өз қауіпсіздігіңізді ойлаңыз. Көбі бұған мән бермейді. Құрылыста аяғыңызға етік, қолыңызға қолғап киіп жүріңіз.

Қай заттың да күн өткен сайын арзандамайтыны белгілі. Жанар-жағармайдың да көтерілуі салдарынан көп тауардың құны тасымалға тәуелді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями