«Ертеңін ойлайтын ел су көзін инвестордың иелігіне бермейді»

Дата: 01 августа 2019 в 11:32 Категория: Новости экономики


«Ертеңін ойлайтын ел су көзін инвестордың иелігіне бермейді»

Алға химиялық  зауыты  аумағындағы химиялық, өндірістік қалдықтарды жою, Елек өзенінің  6 валентті хроммен, бормен ластануы, ілеспе газдардың ауада жануы,  «Ақбұлақ» АҚ  тазартылмаған ағынды суларының Елек өзеніне құйылуы, Ақтөбе түбіндегі су ресурстарының  жағдайы, қаланың атмосфералық ауа қабатының күкірт сутегімен, Көкжиде құм белдеуі жерасты суларының ластануы, қатты тұрмыстық қалдықтар мен өндірістік қалдықтарды көму, пайдалы қазбаларды  заңсыз  игеру, Шалқар көлінің жағдайы «Қазақстанның экологиялық ұйымдары  ассоциациясы» бірлестігі, Ақтөбе облысы әкімдігі, Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. Оған мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, экологтар, табиғат қорғау ұйымдары өкілдері қатысты.

Айгүл Соловьева,

«Қазақстанның экологиялық ұйымдары  ассоциациясы» бірлестігінің  жетекшісі:

Ақтөбе — еліміздегі  ауа сапасы нашар алты қаланың бірі. Қала кәсіпорындары жылына ауаға 170 мың тонна зиянды қалдық жібереді. Қалада қалдық суларды  зарарсыздандыратын  орталықтандырылған кәріз стансасы жоқ. Қаланың кәріз желісіне 4800 нысан  қалдық суларын төксе, оның 319-ы — өндірістік кәсіпорын. Осы   ірі өндірістік мекемелер,  спирт және сыра, газды  сусындар шығаратын   кәсіпорындардың төккен қалдық суларынан   ауаға  метан газы  бөлініп жатыр.  Метан — өте улы зат. Менің байқағаным — осы.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

Құрып бара жатқан Көкжиде, Алғадағы улы қалдық

Жаксығали Иманқұлов, облыстық экология департаментінің басшысы:

Өңірде шешілуі кезек күттірмейтін бірнеше мәселе бар. Біріншіден, Ақтөбе қаласының іргесінде  Елек өзенінде жерасты суларының алты валентті хроммен «тарихи ластану аймағы» бар.  Ластану аймағы өте үлкен.  1957 жылы салынған Ақтөбе хром қосындылары зауыты  1961 жылдан бері жерасты және жер беті суларын хром қалдығымен шайып келеді. Әрі бұл көз — Елек трансшекаралық өзеннің негізгі  ластаушысы.

2012-2013 жылдары  Елекке жалғасқан жеріндегі 6 валенттік хроммен ластанған жерасты суларын  тазарту жобасы қолға алынды. Бұл — № 3 өндірістік бөліктің 80  гектар аумағы. Ластанған бөлік  сульфатты-тотықтанған  темірді пайдалану арқылы  реагентті тәсілмен тазартылды. Енді 6 валенттік хроммен ластанған 500 гектар аумақтағы №1, №2 өндірістік бөліктерде осы  жұмысты жалғастыру үшін Елек өзенімен жалғасқан осы тұстағы жерасты суларының жобалау-сметалық құжаттарын  әзірлеген жөн. Тазалау кезінде жаңа өндірілген хромның  жерасты суларына араласып кетпеуі қатаң бақылауда болуы тиіс.

Облыс аумағында жиналған 26 миллион тоннадан астам қалдықты  көму керек. Оның  730 мың тоннадан астамы өте зиянды өндірістік және химиялық қалдық. Бұрынғы Киров атындағы  Алға химиялық зауытының аумағында  тұр. 2017 жылдың 15 қазанында Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Кеңесте бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы  зиянды  қалдықтарды  жоюға Ақтөбе облысы әкімдігіне  қаржы іздестіруге Үкіметке тапсырма беріліп, сол жылы оның  жобалық-сметалық құжаттары  жасалды.  Қауіпті  қалдықты жоюдың бір-ақ жолы бар: ол — көму. Қоғамдық тыңдау өткізіліп, мемлекеттік сараптама  қорытындысы алынды. Топыраққа сіңбеуі үшін  қауіпті қалдықтарды күл-шаң жинағыш орынға  көму керек. Ол  үшін  Алға химзауытында 2 қалдық көметін арнайы орын салынуы керек.

Ақтөбенің ауа сапасы. «Қазгидромет» мәліметінше, ауадағы  күкірт сутегі   2016 жылы  — 302 рет, 2017 жылы — 144 рет, 2019 жылы 6 рет тіркелді. Тек 2018 жылы бірде-бір рет тіркелмеген. Жағымсыз  иістің қайдан шығатынын, күкірт сутегінің  қайдан шығатынын бүкіл ақтөбеліктер біледі. 2019  жылдың соңына дейін күкіртті сутегі мен  қалдықтары бар спирт  қалдықтары төгілген аумақты тазарту керек. Жыл сайын қаладағы өндірістік  кәсіпорындар ауаға  27 мың тонна зиянды  зат жіберсе, ал 231 мың тоннасы кәсіпорындардың  газ тазартқыш қондырғыларында тұтылады. Осылайша кәсіпорындардың  88.1%-ында шаң мен газ тазаланады. Бұдан өзге жылына 61 мың тонна зиянды затты  автокөліктер, Ақтөбе темір қорытпа  зауытының күл шығаратын нысандары, құрылыс  кәсіпорындары, Ақтөбе рельс-арқалық  зауытынан шығады. Экология департаменті облыстағы ауаға 75 пайыздан жоғары зиянды қалдық шығаратын 25  кәсіпорынды анықтады.

Жаңа Экологиялық Кодекс жобасында барлық кәсіпорындарға шаң, газ тұтқыштар орнату міндеттелген.

2019  жылдың соңына дейін  азот аммонийі бөлетін  қалдық төгетін орындар түгел   тазартылуы тиіс. Сондай-ақ кәсіпорындар қалдық суларын ортақ  кәріз желісіне алдын ала тазартудан өткізіп барып жіберуі тиіс. Мұның бір жолы — катализатор қолдану. Ауа  сапасын  саябақ, сквер, бульварлар шекарасын бекітіп, қаланың  жасыл желек қорын қайта түгендеп, мақсатты түрде  жасыл желек отырғызып қалпына келтіру қажет.

Ерекше қорғалуы тиіс аймақтар құру.  2007 жылы облыс аумағында 11 мемлекеттік заказник (шағын қорық) құру жоспарланды. Бүгінде аумағы  328  гектар  5 ерекше қорғалуы тиіс аумақ  құрылды. Таяуда  Әйтеке би ауданында «Озерное» және  Ойыл ауданында «Ойыл» шағын қорығын құру жоспарланды. Алдағы үш жылда тағы да  4 қорық құрылады.

«Көкжиде» құмдарының қорғалуы. 2013 жылдың 23 қаңтарында Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен Мұғалжар ауданында 43976 гектар аумақта «Көкжиде –Құмжарған» мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Оның  31723 гектары – Көкжиде құмдары. 2008 жылдан бастап  Көкжиде құмдарына шикізат өндірушілер зиянын тигізе бастады.  Соңғы он жылда  Көкжиденің жерасты сулары мұнай қалдықтарымен лайланды.  Біздің зерттеуіміз бойынша, тұщы судағы мұнай қалдықтарының  шектік мөлшері  1-ден 41-ге дейін артқан. Бұл  жерде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Урихтау — оперейтинг» ЖШС, «КМК мұнай» АҚ, «Ада Ойл» ЖШС мұнай өндіруде.

Қазақстанның жерасты  тұщы су қорының стратегиялық нысаны — Көкжиде құмдары мен Көкжиде жерасты суларын бақылауға облыстың шамасы келмейді. Көкжиде — ерекше қорғалатын аймақ мәртебесімен оның тұщы су қорына мониторинг жүргізу құқығы орталық құзырлы органның құзырына  берілгені жөн. Мұнай қалдықтарының  жерасты суларына әсер ету ошағын табу үшін  жерасты суларының ағынын анықтап, Көкжиде құмдарында мұнай игеру мен тасымалдаудың   бірыңғай ережесі бекітілуі тиіс.  Ұсыныстарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жібердік. «КМК мұнай» мен «Ада Ойл» ЖШС-на осы жылдың 1 қарашасына дейін мұнай қалдықтарымен бүлінген аумақты қалпына келтіруге нұсқау берілді.  Орындамаса,  мұнай скважиналары  тоқтатылады.

Қылмыстық істер қозғалды

Қуандық Рахметов, Ақтөбе облысы  прокурорының  бірінші орынбасары:

— 2018 жылдың 28 мамырында облыстық мәслихат шешімімен 2018-2025 жылдарға арналған  қоршаған ортаны қорғаудың  мақсатты жоспары бекітілді.  Бүгінде осы жоспардың екі тармағы  орындалмай қалды. Соның бірі — 2018 жылы «Ақбұлақ» АҚ спиртті қалдықтар төгілген полигонды  сүт қышқылы бактериясын пайдалану арқылы тазарту жобасы. Жоба құны — 80 миллион теңге. Қаржы бөлінбегендіктен, жоба іске аспады.

Бүгінде облыстық прокуратурада   Көкжиде жерасты сулары, Алға химия зауытының қалдықтарын көмуге қатысты қорытынды әзірленуде.   Ақтөбе төңірегіндегі 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстарында  ағаштар мен бұталарды аяусыз кесуге байланысты қоғамдық пікір туды. Прокуратура  Қызыл кітапқа енген ағаштардың кесілгенін, жұмыстар  жергілікті құзырлы органдардың рұқсатынсыз  жүргізілгенін  анықтады. Өзен арналарын кеңейту кезінде  600-ден астам ағаш кесілген, оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендері бар. Келтірілген зиян мөлшері —7 миллион теңгеден асады. Алдын ала қоғамдық тыңдау өткізілмеген, эмиссияға  рұқсат алынбаған. Тапсырыс беруші мемлекеттік орган, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі  инспекциясы бақылау жүргізбеген.  Облыстық прокуратура  12-16 шілдеде тексеріс жүргізіп, мердігер мекемелерге  экологиялық залалды өтеу міндеттелді.  Ағаштарды заңсыз кесу, жоғалу қаупі бар өсімдіктерді жою,  өзендерді заңсыз кеңейту, лауазымды өкілдіктерін асыра  пайдалану, мемлекеттік органдардың әрекетсіздіктері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды.

Ендігі жерде табиғатқа қатысты ауқымды шаралар жұртшылықтың, мамандардың талқылауынсыз іске аспауын қатаң қадағалау қажет. Содан кейін ғана жобалар  мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Сәтті жобаның негізі — техникалық үлгілеу

Томас Хельм, Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілі:

Біздер ластаушыларды «қара насос» дейміз. Табиғатты ластаушылар, мейлі заңды тұлға болсын, мейлі жеке адам болсын,  келтірген зияныңыз үшін ірі көлемде айыппұл төлеп және бүлдіргеніңізді қайта орнына келтіруге міндеттісіз. Бізде су, ауа, қоқыс, лас суларды тазартқыш қондырғыларсыз  кәсіпорын жұмыс істемейді. Германиядағы тұтас химия өндірісі бар аймақ,  көмірлі Рур облысы қоршаған ортаны сауықтыруға қайта жарақтандыру арқылы қол жеткізді. Бұл  экономикадағы түбірлі құрылымдық өзгерістермен бір мезетте жүргізілді. Бұндай іске көп уақыт және инвестиция керек. Еліміз химиялық кәсіпорындарды қайта  жарақтандыруға 30 жыл жұмсады.

Қазақстанда қоқыс шығару, су, электр  энергиясы ақысы өте арзан. Судың кубометрі — 72 теңге, әр адам үшін қоқыс шығару ақысы — 104 теңге. Бұл өте аз. Адамдар арзан болғасын қуат көздерін үнемдемейді.  Қуат көздері қымбат болса,  адам үнемдей бастайды. Суды ретсіз пайдаланбайды.

Ганноверде  «Қоқыс энергиясы»  деп аталатын шағын зауыт бар. Онда Ганновердің түбіндегі 55 мың үйдің  қоқысы жиналып, термоөңдеуден өтеді де, одан  электр қуаты  алынады. Осылайша Ганноверде электр энергиясының 11  пайызы қоқыстан алынады. Әрине, қоқыстың пайдаға аспай,  тектен-тек лақтырылғанынан электр қуатына айналғаны әлдеқайда тиімді.  Сөз жоқ, Германия  мен Қазақстан тұрғынының  жан басына шаққандағы табысында бес есе айырмашылық бар. Енді ауа ластау рейтингісіне қарасаңыз, керісінше көрініс байқайсыз. Қазақстанның әрбір тұрғыны  Германия тұрғынына қарағанда  қоршаған ортаны бес есе артық ластайды. Қазақстан ауаға зиянды қалдықтарды өте көп шығарады.

Алексанр Мандрыкин, эколог:

Кез келген жобаның тиімділігі инженерлік желілердің табиғи су көздеріне жалғасқандығымен  маңызды. Ақтөбе облысының су қоры Қазақстандағы су қорының 2 пайызын ғана құрайды. Ендеше бұл жерде  жұмыс жобасының техникалық үлгілеуіне ерекше мән берген жөн. Жобадан айналымдағы су деген терминді алып тастау керек. Біздер су үнемдейтін технологияны қолдануға тиіспіз. Инженерлік желілер су көздеріне қосылмаса, нәтиже шықпайды. Ертеңін ойлайтын кез келген мемлекет ешқашан да су көздерін инвестордың иелігіне бермейді. Бұл — басы ашық мәселе.

Баян СӘРСЕМБИНА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями