Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Өнер мен өнеге

Дата: 01 августа 2019 в 09:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Өнер мен өнеге

Ойыл өңірі үшін Жолдыбай Айтқұловты таныстырып жату артық. Бір сөзбен айтқанда, бір бойына бірнеше өнерді сыйғызған азамат. Бір басына жетіп-артылатын атағы да бар. Бірақ атақтың артынан қуған жоқ. Еңбегінде ешкімге бұлдамады…

Басқа еңбектерін айтпағанда, Ойылдың гимніне айналған әйгілі «Ойылым менің —ойдағы елім» әнінің өзі бір төбе. Аудан көлемінде, болмаса Ақтөбеде ойылдықтардың қатысуымен өтетін мерекелік кештер мен тойларда Ойылдың гимні орындалмаған кезі жоқ шығар… Әр әндерінде туған жерге деген сағыныш, махаббатпен қоса патриоттық сезімге тұнып тұратын, бүгінде жетпіс жасқа толып отырған ақын, сазгер ағамызға ойылдықтардың құрметі қашаннан бөлек. Соның бір куәсі — кешегі аудандық Мәдениет үйінде өткен «Барқыннан ескен сазды әуен» атты кездесу кеші.

Ал мерекелік кештің шымылдығы Ж.Айтқұловтың шәкірті, жерлесіміз, әнші  Арайлым Мырзабекованың орындауында «Ойыл вальсі» әнімен ашылды. Жолдыбай Айтқұловтың 70 жас мерейтойына өнердегі қанаттас інілері, жерлестеріміз Нұрлыбек Қалауов пен Мұқан Сатыбаев та бірге келді. Бірі кештің тізгінін ұстаса, екіншісі баянымен ән шырқады.

Табиғатынан сұлулыққа жаны құмар Жолдыбайдың құймақұлақ, әсершілболып өсуіне Айтқұл әкенің тәрбиесі мен сылдырап аққан Ойыл, Ащыойыл мен Қуырдақты өзендерінің де септігі көп тисе керек. 1980 жылы Алматы қаласында өткен республикалық сазгерлер конкурсында жүлде алып, Қазақ радиосының алтын қорына жазылған «Ойылым,ерке өзенім» әнін халықтық «Ақ әже» ансамблі орындаса, алғашқы шығарған әндерінің бірі «Тыңдашы мені» әнін жас талант Ақниет Боранбайұлы шырқады. Сазгер Ж.Айтқұловтың өнерінің тағы бір қыры, тарихымызды түгендеп, баспасөз беттерінде өлеңдерімен қатар, мәдениет пен өнер, жастар шығармашылығы жөнінде мақалалары жарияланып тұрды. Жетпісінші жылдардың өзінде М.П.Вяткиннің «Сырым батыр» кітабындағы «Наурызалы батырдың бейіті Ойыл өзенінен шығысқа қарай 20 шақырым жерде жатыр» — деген дерекке сүйеніп, «Наурызалы батырдың соңғы сөзі» деген өлең жазғаны бар.

«Құмжарғаным», «Жайдары қыз, қайдасың?» сияқты әндері сол уақытта ауыздан-ауызға тез тарап, жұртшылықтың ілтипатына бөленсе, «Шотан батыр» атты толғауы мен Ойылдан асып, Маңғыстау өңіріне кең тарап кеткен «Киелі бабам — Ер Шотан» әнін жас өнерпаз Ермұхамбет Махметовэстрадалық өңдеуде орындады.

«Шын жүйрік бәйге басталғанша бойын жасырып ұстайды. Сәйгүліктер арасында қызбалыққа салынбай, оғаш мінез көрсетпей моп-момақан күйде тұрады. Сөреде сәйгүліктер сап түзеп, тұлпар тұяғының дүбірін естісімен жанарында от ойнап, ширығып-ширап шыға келеді. Міне, сол кезде көрсең ғой, сәйгүліктің сымбатын» деуші еді үлкендер жағы. Тұла бойы тұнған  талант, сегіз қырлы, бір сырлы Жолдыбай Айтқұловты өнердің өрен жүйрігі деу орынды. Қашанғы қарапайым қалпымен халқына өнерімен, өлеңімен, ұстаздығымен, ақындығымен, әлі де адами азаматтығымен қызмет етуден танбай келеді.

Домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақты қазақ деп айтудың өзі қиын. Кейіннен небір аспаппен ән шырқаса да, Жолдыбай ағаның бес жасынан серігі болған домбырамен ән айтып, талай ақындар айтысында топ жарғанын жерлестері ұмыта қойған жоқ.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, тәжірибелі ұстаз Жолдыбай аға  оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде ардагер ұстаздың оқушылары оны әр кез құрмет тұтып, мақтан етеді.

2012 жылы Т.Айбергеновтің 75 жылдығына орай өткізілген сазгерлердің республикалық жабық байқауында І орынға ие болған «Сәуір самалы» әнін орындаған шәкірті, жерлесіміз, облыстық филармонияның әншісі Арман Төлесінов те көпшілік қошеметіне бөленді.

Ал Арман үлкен өнерге жол ашқан жерлестерінің алдында ағамыздың «Алтай бабам, ардағым»аттысу жаңа әнінің тұсауын кескенде, Алтай батырдың ұрпағы, осы кешке Ақтөбеден арнайы келген Сағынай қажы Құсайынов шыдай алмай сахнаға шықты. Арман баласына тай мінгізді.

Жолдыбай аға — өз жүрегінің нәзік қылын шерткен 50 шақты әннің авторы. Ол сондай-ақ күміс көмей әнші. Мақпал қоңыр даусымен Арқаның да, Батыстың да, Шығыстың да, Оңтүстіктің де әндерін әуелеткенде таңдай қақпау мүмкін емес. Жолдыбай әлдекімдердей өзі туып-өскен өңірдің ғана емес, Қазақстанның қай түкпірінің әндерін де орындап, насихаттап жүр.

Алматыда жүргенде  «бойындағы өнерді ұштасам, бір кәдеге жаратсам»деген арманмен халық консерваториясынан кешкілік дәріс алуды ұмытпаған Жолдыбай аға «Жолы болар жігіттің» дегендей, тап сол кезде жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің қалалық байқауына қатысып, күй тартудан бірінші орын, көркемсөз оқудан жүлделі екінші орынды иеленеді. Қазылар алқасы бойына өнер дарыған жас жігітті республикалық эстрада өнері студиясына қабылдауға шешім шығарады. Сөйтіп,белгілі домбырашы, профессор Құбыш Мұхитовтың класында шеберлігін шыңдай жүріп, «Қазақфильм» жанындағы актерлік шеберхананың дубляж цехында кешкі курста оқиды. «Жігітке жеті өнерде аз» деген осы болса керек.

Қолы сәл босай қалса, қылқаламын алып сурет салу да ежелгі дағдысы. Ал естіген-көргенін жадында ұстайтын зеректігіне еріксіз тәнті боласың. Содан да болар, оның  қасынан шәкірттері арылмайды. Бала жүрегіне жол табудың өзіндік сырын меңгерген әмбебеп ұстаз.

Жолдыбай аға — қоғамшыл, белсенді ұстаз-әке. Ол кісінің бойындағы ең жақсы

қасиет—үйдегі мен түздегі жағдайды орайластырып,тізгінді қолына ұстауға тырысады. Балалары үшін жұмысты,жұмысы үшін балаларды ұмытып кетпейді. Үйі әрқашан берекелі,жайлы. Өзіне тиесілі міндеттің бәрін жоғары деңгейде атқаруға тырысып,жеке өмірін де шығармашыл адамға тән тапқырлықпен ұйымдастыра алады.

Жолдыбай ағаның еңбектері— өз бойынан сол қасиетті көрсетуімен ерекше.  Бәріне үлгереді, үздіксіз ізденеді, өнері бар, сүйсініп орындайтын әні бар.  Қасиетті Ойыл топырағы дарынға да кенде емес, еліміздің өнері мен ғылымына  сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі осы Жолдыбай Айтқұлов.

Көптеген музыкалық  аспаптарда шебер ойнайтын Жолдыбай ағай өлеңін өзі жазып, әнін өзі шығарады. Аспаптарда өзін-өзі әдемі сүйемелдеп, асқақтата шырқайды да. М.Құрманалиннің сөзіне жазылған «Ағайынды Жұбановтар көшесі», «Қиылда қалды қимасым» әндері — осындай ізденістерден туған дүниелер.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демей ме?  Мектеп қабырғасында өлең жазған бір топ бала орта мектепті бітірісімен ҚазГУ-дің  журналистика факультетіне барды. Оқуға түсе алмай Алматыда қалған намысшыл ұл селтеңбай жүрістен ештеңе шықпасын біліп,  «Есік» мейрамханасына жұмысқа тұрады. Кешкісін Алматы мемлекеттік консерваториясы жанындағы үш жылдық халық консерваториясынан кешкілік дәріс алуды да ұмытпайды. Қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиевтің ақыл-кеңестерін тыңдап, әндерін үйренеді. Өнер студиясын бітіріп, жаңадан ұйымдасқан «Гүлдер» эстрадалық ансамблінде, кейін Жамбыл облыстық филормониясының «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде жұмыс істейді. Өзімен бірге оқыған Қайрат Байбосынов, Лұқпан Есенов,  Қапаш Құлышева, Рақым Тәжібаев, Шаһмардан Әбілов, Айдос Бектеміров, Гүлжаһан Өсербаева сынды өнер тарландарының есімдері бұл күнде қалың жұртқа танымал.Туған жерге қайтып оралмай,арман қуып Алматыда қалса, бәлкім, қазақтың биік өнер жұлдызы болары сөзсіз еді. Ал студенттік кезде бірге оқып, бірге жүрген досы, ҚР еңбек сіңірген артисі,Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қапаш Құлышеваның жолдаған құттықтауы да кездесу кештің ажарын аша түсті десек, артық айтқандығымыз емес.

Ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалып, сыр-сұхбатпен өткен кеш қанша ұзаққа созылса да, ешкімнің ықпалынсыз, бір-бірінен естіп, ерікті келген, сағынған жерлестері тапжылған жоқ.

Кеш соңында өзінің ізгі лебізін жеткізген аудан әкімі Асқар Қазыбаев алдымен кеш иесінің кеудесіне жуырда ғана аудандық мәслихаттың шешімімен берілген «Ойыл ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тағып, иығына шапан жауып, ат мінгізді және өнердегі екі серігі Мұқан мен Нұрлыбек ағаларға да шапан кигізді. Сонымен қатар осы кешке Ақтөбеден арнайы ат терлетіп, ағамыздың кешіне үлес қосу үшін келген қонақтарға да құрмет көрсетілді. Ал сөз алған Жолдыбай ағаның замандастары мен шәкірттері де ықыластарын білдірсе, балалары болса, осындай кешке арқау болған аға-апаларына өздерінің сый-сияпаттарын ұсынды. Кездесу кеш сазгердің «Ойылым менің – ойдағы елім» әнін көрермендердің тік тұрып, қосыла шырқауымен аяқталды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями