Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Жақсының аты өлмейді…

Дата: 01 августа 2019 в 09:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Жақсының аты өлмейді…

Алыста қол бұлғап қалған балалық шақтың балдай тәтті күндері ойға оралғанда, сол кездегі құлын-тайдай тебісіп, бірге ойнаған балаларды ғана емес, көршілеріңді,ауылыңның адамдарын сағынышпен еске алады екенсің. Өйткені олар да сенің балғын шағыңның бөлінбес бір бөлшегі, жаныңа жақын жандар.

Біздің көршіміз Мырзалы, Кәбира Алдашевтар елге қадірлі адамдар еді. Менің әжем жасы жағынан баласындай болып келетін Мырзекеңді ерекше құрметтейтін. Кәбира апайды да жақсы көретін. «Парасатты, ақкөңіл, бала мінезді жан ғой» деп  риза болатын. Кәбира апай мектепте мұғалім еді. Біздің бала кезімізде мектеп мұғалімдерінің бәрі дерлік ер адамдар болды. Ойлап отырсам, сол кезде бастауыш класта сабақ беретін Ұштап апай мен Кәбира апай біздің ауылдағы оқып, білім алған әйелдердің алғашқы қарлығаштары екен-ау.

Біз осы үйдің балаларымен біте қайнасып, бірге өстік, бірге есейдік. Бердалы сол үйдің үлкені болатын. Бердалы, Аймангүл, Сағынғали —үшеуімен жас жағынан қарайлас болатынбыз да, Нұралы, Нұрлыбай, Нұрдәулет,Сәрсенғалиол кезде кішкентай еді.Аймангүл екеуміз бір класта оқыдық.Бердалыны  аға тұттық. Өйткені, төрт жас үлкендігі бар. Ол спортпен шұғылданатын.Штанга көтерумен айналысатын. Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, сол кезде аты ауыздан түспей жүрген  штангист  Жаботинскийге еліктейтін. Сол  сияқты болғысы келетін.  Сабақты да жақсы оқыды. Мектептің қоғамдық жұмыстарына  белсене қатысты. Сонысымен де бізге үлгі болды. Мектебіміздің қалыптасқан мықты тәртібі бар.Жоғары класс  оқушылары өздерінен кейінгілерге қамқор болып жүреді. Іні-қарындастарының тәрбиесін мойнына алған  үйдің үлкен балалары сияқтытөменгі класс оқушыларының тәрбиесіне мұғалімдермен бірдей араласады.Араласпағанкүннің өзінде жеке бастарының өнегесімен үлгі көрсетеді. Сондықтан біз де оларды ағайларымыз бен апайларымыздай   сыйлайтынбыз. Бердалы оқыған класс өте ұйымшыл болды. Оқуымен де, қоғамдық істерге белсене қатысуымен де өнеге боларлықтай оқушылары көп класс еді. Біз де солар сияқты болуға тырыстық.

Аулымыздың рухани өмірінің алтын діңгегі — алтын ұямыз — Қорғантұз орта мектебі еді. Жаз бойы ойын қызығына кенеліп, құмардан шыққан балалар 1қыркүйекте мектепке асығады. Қоңыр көйлегіне ақ фартугы мен ақ бантигі жарасқан  қыздар, мектеп формасын киіп, қаздай тізілген балалар бір-бірімен сағыныса көрісіп, шұрқыраса табысады. Жаз бойы жөндеуден өтіп, сыңғырлап тұрған класс бөлмелері де біздерді сағына қарсы алғандай көрінетін. Еден, парта, мектеп қабырғалары сырланған, ақталған.Бәрі су жаңа. Содан мамыр, маусымға дейін мектебіміздің  қайнаған қызу өмірі  басталады. Пионерлер жиыны. Комсомол ұйымы мен оқушылар ұйымының жиналыстары. Диспуттар. Мектепішілік концерттер. Би кештері. Біз үшін соның бәрі қызық. Би кеші демекші, би кешіне оқушылардың бәрі қатыса бермейді. Мұндай кештер тек  оныншы, он бірінші кластың оқушылары  үшін ғана ұйымдастырылады.Басқа  кластардың оқушыларына  қатысуға рұқсат жоқ. Біз сол өзімізге рұқсат етілмеген кешке қатысуға ынтықпыз. Жоғары кластағы аға-апаларымыздың  жабық есіктің ар жағында өтетін ойын-сауығын тамашалап, қалай билейтіндерін көргіміз келеді. Бірақ есік алдында  тұрған кезекшілер бізді ішке жібермейді. Кейде ыңғайын тауып, кіріп кететін де кезіміз болады. Кеш мектептің ұзын дәлізінде өтеді. Жоғарыкластықтар баянның әуенімен билейді. Баянда ойнайтын —Бердалы. Ол тек баян тартып қана қоймайды, баянға қосылып ән шырқайды. Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әні енді ғана шығып, елдің аузынан түспей жүрген  кез. Олар вальсті осы әнге билейді. Бердалы «Сыр сұлуын» орындайды. Баянын құлаштап тартып жіберіп, әннің қайырмасын ерекше шабытпен әуелетеді.

Неге екенін білмеймін, Бердалының осы әнді айтып тұрған кезі көз алдымда қалып қойды…

Онан бері қанша жыл өтті. Әйтсе де әлі күнге дейін  «Сыр сұлуы» әні орындалса, мектептегі би кешінде  осы әнді шырқатып тұрған Бердалының бейнесі көз алдыма келеді.

Мектеп бітірісімен  Бердалы Алматыға оқуға аттанды. КазПИ-ге түсті. Жылына екі рет каникулға келеді. Сондайда айналшықтап қасынан шықпаймыз. Алматының әңгімесін сұраймыз. «Алматы қандай қала? Әдемі шығар,ә?» дейміз. Алматының әдемі, сұлу қала екеніне  сырттай қанықпыз. Әйтсе де соны  осы   қалада оқып, Алматыны  күнде аралап жүрген   Бердалының аузынан есту қызық көрінеді. Ол да Алматыны жер-көкке сыйғызбай  мақтайды. Біз онан сайын қызығамыз. Мектепті тезірек  бітіріп, жер жүзіндегі ең сұлу қала Алматыға тезірек барғымыз келеді…

Біз мектеп бітіруге бірер жыл қалғанда, Мырзекеңдер қызмет ыңғайымен  көрші  совхозғакөшетін болды. Жаңадан ашылған  «Айшуақ»  совхозына тәжірибелі маман керек. Аудан басшылығының, партия комитетінің   ұйғарымы солай болған. Елге сыйлы азаматпен қоштасу ауылдастарына да оңай болған жоқ. Көшер кездеКәбира апайдың шәкірттерінің жылап қоштасқаны, ауыл адамдарының  қимастықпен шығарып салғаны әлі есімде. Үй қасынан үй көшу оңай ма?Қанша жыл көрші отырып, туған  бауырдай сыйласқан   үлкендердің бір-біріне деген ықылас-пейілі өз алдына, екі үйдің  балалары —біздер де бір-бірімізге қатты бауыр басып  едік. Бәріміздің де көңіліміз жүдеп қалды. Мырзалы ағамыз да ауылды қимай, іштей қатты қиналған сияқты.

Жаңа қонысқа көшкен  соң бірнеше  жылдан кейін Мырзекең дүниеден өтті.Суық хабар  аулымыздың қабырғасын қайыстырды.Әкесі қайтыс болғанда, Бердалы институтты енді бітіргелі жатқан. Әке қазасы оны ерте есейтті.Үлкен отбасының ендігі тірегі өзі екенін ұқты.

«Ер-азаматтың бағы — алған жары» деп бекер айтпайды. Осы отбасының  ақ пейіліне орай Бердалының жары Мінуар жаны жайсаң адам болып кездесті.  Еңбегі елге танымал ұстаз, ауыл-аймаққа сыйлы, ел мақтаған келін болды. Мырзекең көре алмағанмен, Кәбира апай да, Мамық әже де келіндерінің қызығын көріп кетті. Кәбира апай қайтыс болғаннан кейін, Мінуар  Бердалының бауырларына анасындай қамқор болды. Кейінгі балалардың білім алуына астанада Аймангүл қамқорлық жасаса, елде жүріп, туыс-бауырларының оқуына бар жағдайды  жасаған Бердалы мен Мінуар еді.

Сөз орайы келген соң айта кетейін. Бердалының үш бауыры ғылым жолын қуып, осы салада үлкен жетістіктерге жетті. Қарындасы Аймангүл — елімізге танымал ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Інісі Нұрдәулет — филология ғылымдарының кандидаты,доцент, Ақтөбедегі университеттің оқытушысы. Шаңырақтың кенжесі Сәрсенғали— әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиететінің оқытушысы, заң ғылымдарының  кандидаты,доцент.

Алдашевтар әулетімен туыстық қатынасымыз да бар. Бердалының әкесі Мырзалы ағамыз — шешеміздің туған нағашысы.Шешеміз Мырзекеңді ағке деуші еді де,  Кәбира апайды жеңеше дейтін. Нағашы әжеміз біздің кішкентай кезімізде  қайтыс болған. Әсия әжеміздің  түр-әлпетін үйде сақталған бір ескі фостосуретінен ғана білемін.Сол суретіне қарап, Әсия әжеміз бен Мырзалы ағамыздың  қатты ұқсайтынын байқағанмын. Сондықтан Бекең (Бердалы) маған әзілдеп: «Жиеннен туған жиеншар» деп отырушы  еді. Көңілденген кезде осы сөзге ерекше екпін түсіріп айтатын. Әзілі де, жақын тартып, жақсы көруі де осы бірауыз сөзге  сыйып кететін.

1973 жылы мен де ҚазПИ-ді бітіріп, елге келдім.   Шалқар аудандық оқу бөлімі бірден қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі жетіспей жатқан Айшуақ орта мектебіне жіберді. Бұрын Шалқардың Ұлы Борсық құмы бойында орналасқан  ауылдардағы бірден-бір үлкен мектеп — Қорғантұз  болатын. Кейінірек  «Айшуақ» совхозы бой көтеріп, ірі шаруашылыққа айналған екен. Мұндағы  сегізжылдық мектеп енді онжылдық болыпты. Бір жыл бұрын алғашқы түлектерін ұядан ұшырған. Орта мектеп ретінде енді-енді қалыптасып келе жатқан білім шаңырағы.  Мектеп директоры — Еренғайып Жолекенов. Ұжымды ұйымдастыра білетін іскер басшы екені байқалып тұрды. Мектепке жан-жақтағы ауылдардан келген тәжірибелі мұғалімдер жиналған. Бұрын Аяққұм мектебінде басшылық қызметте болған Нәжім Иманов сияқты белгілі  ұстаздар  осында қызмет істейді екен.  Қорғантұз  орта мектебінде  сабақ берген ұстаздарымыз  — Химан ағай, Ғалымжан ағай, Шайқышбулла ағай да осында. Мектептегі жас мұғалімдердің көш басындағы Бердалы, Әділхан, Қаншайымдар да  — біздің Қорғантұз мектебінің   түлектері.

Бердалының  үйінде жатып жұмыс істедім.Ол кезде  Мамық әжеміз бар. Кәбира апайдың зейнет демалысындағы кезі.Бердалы, Мінуар — үшеуміздің жұмысымыз да бір,үйге келгенде айтатын әңгімеміз де ортақ. Бұл үйдің үлкенінің де, кішісінің де маған деген  ықыласы бөлек. Мінуар туған жеңгемдей болып кетті. Сағынғали ол кезде әскерде. Аймангүл — Алматыда. Оқу бітірісімен аспирантурада қалып, ғылымға бет бұрған. Үйдегі балалар Нұрлыбай, Нұрдәулет, Сәрсенғали — мектеп оқушылары. Сол кездегі осы отбасының ерекше ықылас-пейілін, жүрек жылуын ешқашан  ұмытпаймын.

1970-жылдардың басында  Бегімбетте «Армандастар» деп аталатын ансамбль құрылды.Ансамбль атағы көп ұзамайауылдан асып,  ауданға тарады. «Армандастардың» көркемдік жетекшісі біздің Бекең еді. Өзі — осы топтың белді музыканты. Ионикада ойнайды. Ионика — гитара  мен дауылпаз үніне әр беріп, әсем  әуенді онан сайын   құлпыртып жіберетін электронды аспап. Сол кезде аудандық Мәдениет үйінің өзінде дәл осындай  вокалдық-аспаптық ансамбль болған жоқ. Мерекелік концерттер «Армандастарсыз» өтпейтін.Ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай, «Армандастардың» концертін көруге асығатын. Ансамбльдегі қыз-жігіттер де көз алдымда. «Армандастарды» құруға Бекеңмен  біргеатсалысқан досы Жұмабай, музыкант жігіттер Мұхи, Ұзақбай, әнші қыздар Сапура, Айнагүл, Хадиша, Зағипа… Бәрі де өнерге іңкәр жандар еді. Сол кезде бәрі де жап-жас.Балалық шағы жетпісінші жылдарға тұспа-тұс келген айшуақтықтар «Армандастарды» әлі де ұмытқан жоқ. Олар «Армандастарды» да,  «Армандастарды»  құруға ұйытқы болған азаматБердалы ағамызды да ұмытпайды.

Бердалы кейін  Айшуақ орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Жас ұстаздарға жол көрсететін білікті  басшы болды. Мектептегі жұмысымен қатар ауыл мәдениетін көтеруге де  белсене атсалысты. Былайғы өмірде де ол ақжарқын, көпшіл  болатын. Достары көп еді. Мінәш та Бекеңнің достарын, жора-жолдастарын  қашанда қуана қарсы алатын. Дастарқаны берекелі, қабағы ашық, он саусағынан өнер тамған ісмер, айналасына қамқор боп жүретін Мінуарды  ағайын-тума, ауылдастарының бәрі Мінәш деп атады. Мінәш — Семей өңірінің тумасы.Бердалы екеуі КазПИ-де бірге оқып, институт бітірген бойда шаңырақ көтерген. Әйтсе де ол маған өмірбақи осы жерде туып-өскен адам сияқты көрінетін. Өйткені оның  бар ықылас-ниеті келін боп түскен шаңырағында еді. Келген жеріне тастай батып, судай сіңген бір келін болса, осы Мінәштай-ақ болар деп ойлаймын.

Мен кейін өзім туып-өскен ауылдағы Қорғантұз орта мектебіне ауыстым. Арада тағы біраз жыл өткен  соң, өзім оқып-білім алған  Алматыға келіп, әдеби-мәдени ортақызметіне араластым.Алыста жүрсек те, ауылдан келген адамдардан Бекеңдердің аман-саулығын сұрап жүретінмін. Оның үстіне Бердалының бауырлары Аймангүл, Нұралы, Нұрлыбай, Сәрсенғали — бәрі Алматыда.Хабарласып тұрамыз.Әсіресе, туған бауырымыздай боп кеткен Нұрлыбай мен Ақбала жиі-жиі телефон шалып, аман-саулығымызды сұрап тұрады. Нұрлыбай бір хабарласқанда, Бердалы мен Мінәштің келіп жатқанын айтты. Қуанып кеттім. Сәлемдескелі бардым. Ол кезде «Қазақстан әйелдері» журналында  істеуші едім. Фототілшімізді  ала бардым. Ондағы ойым — әр қазақ шаңырағының асыға күтетін журналы, республикадағы ең таралымы  көп басылымға Бердалы мен Мінәш туралы жазу.Бауырларының ортасында отырған  мерейлі сәтін суретке түсіріп,  өнегелі  шаңырақтың ұлағатын дүйім елге таныстыру. Көп ұзамайАлдашевтар әулеті туралы материал «Жүрек жылуы» деген атпен журналда жарық көрді.Ойлап отырсам, бұл менің Бердалымен соңғы кездесуім екен. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін  Бекеңнің  дүниеден өткенін естірткен суық хабар келді. Әр адамның маңдайына жазған өлшеулі өмір бар. Өлшеулі өмірдің ақырына келгенде жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да келместің кемесіне мініп, кете барады.

Ендігі өмірді ұрпақтары жалғастырады. Шүкір, Бекеңнің  соңында ізін жалғастырар ұл-қыздары бар. Бекеңнің аманатына адал аяулы жары, осы әулеттің ардақты анасы Мінәш балаларының бәрін жеткізіп, ұлын ұяға қызын қияға қондырып отыр. Немерелерінің  қуанышын көруде. Алдашевтар әулетінің ауылдағы атбайлар қазығындай Сағынғали да, Алматыдағы бауырлары Аймангүл, Нұралы, Сәрсенғали  да,Ақтөбедегі Нұрдәулет те Мінәшті аналарындай  ардақ тұтады.

Бекең биыл 70-ке толар еді. Бұл күнде өзі жоқ болса да, көңілде қалған жарқын бейнесі бар. Оны білетін, жақсы көретін жандар Бекеңді сағынышпен еске алады.

…Айтпақшы, осы күндерде әулеттің жақсы келіні атанған, бүгінгі әдемі әже Мінуар жеңгеміз де жетпіске толып, көз көргендерге, жақын жолдастарға дастарқан жаймақшы. Сол жиында да Бердалы ағамыз туралы көп әңгіме айтылары анық.

Мақсат ДҮЙІСМАҒАМБЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Алматы қаласы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями