Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Металлургтерге құрмет көрсетілді

Дата: 23 июля 2019 в 09:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Металлургтерге құрмет көрсетілді

Елімізде шілденің үшінші жексенбісі Металлургтер күні ретінде аталып өтіледі.Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өткен жұма күні металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылғанына биыл 25 жыл толмақ. Ширек ғасырлық мерейтой құрметіне әрі Металлургтер күнін «Қазхром» компаниясы Ақтөбеде кең көлемде атап өтті. Мереке қаланың әр жерінде тойланды. Соның бірі — Тұңғыш Президент атындағы  орталық саябақ алаңында ұйымдастырылған салтанатты шара. Айтулы шараға  облыс басшысы арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— «Қазхром» — облысымыз үшін үлкен маңызы бар ірі кәсіпорын әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері саналады.Ақтөбе өңірінің 12 мыңнан астам азаматы осы салада еңбек етуде. Олар өз үлестерін қосу арқылы саланың әлемдік деңгейге шығуына себепші болып отыр, — деді Оңдасын Оразалин.
Металлургтер күні мерекесіне арналған ресми салтанатты шарада компанияның бір топ қызметкеріне құрмет көрсетілді. Облыс әкімі «Казхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-да  жұмыс жасайтын  8 азаматқа  Алғыс хат пен Құрмет грамотасын, сондай-ақ 250-300 мың теңгенің  сертификатын тарту етті.

Бір айта кетерлігі, биыл «Қазхром» компаниясы қызметкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Осындай құрметке бөленіп, үздік деп танылғандардың арасында бригадирлер мен жас мамандар және басқалары бар. Сондықтан компанияның Павлодар облысының Ақсу қаласы мен облысымыздың Хромтау өңіріндегі филиалдарынан келген мамандар да осындай құрметке бөленді. Жалпы айтқанда, кәсіби мерекеде аталған компанияның Ақсу, Хромтау және Қарағанды филиалдарын қоса есептегенде, 500-ге жуық адам марапатталды.

Салтанатты шарада «Қазхром» компаниясының президенті Арман Есенжолов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ең ауыр саланы игерудегі кеншілер мен металлургтердің өлшеусіз еңбегін жоғары бағалап, олардың әрқайсысы осындай құрметке лайық екенін атап өтті.

Бұл күні Ақтөбе қаласындағы Металлургтер мәдениет үйі алаңында да мерекелік шара ұйымдастырылды. Балаларға арналған театрландырылған қойылымдарды көруге келгендердің қатары көп болды. Металлургтер мәдениет үйі алаңына жиналған бүлдіршіндер Металломэн кейіпкерімен танысып, сол жерде сабын көпіршіктері шоуын тамашалады. Мерекені тамашалауға келгендер көңілді әуенге флешмоб билеп, балалар үшін бұдан өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды. Түрлі шеберлік сағаттары мен ойындарға қатысқан балақайларға сыйлықтар үлестірілді. Металлургтер күні құрметіне мерекеге қатысқан барлық балаға тегін балмұздақ таратылып, корпоративті бояу құралдары үлестірілді.

Ал Металлургтер мәдениет үйі ғимаратының ішінде сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Биыл «Қазхром» компаниясының басшылығы 23 ардагерді жалпы сомасы 1,5 миллион теңгенің ақшалай сыйақысымен марапаттады. Бұл шараға қатысқан Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин мен компания басшылығы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының үздік қызметкерлерін марапаттап, ақшалай сыйлықтарды табыстады.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта мереке еліміздің және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Келген көпшілік отшашуды тамашалады.

Ал жексенбі күні Ақтөбеде Металлургтер күніне арналған дуатлоннан кең көлемде жарыс ұйымдастырылды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями