Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті

Дата: 22 июля 2019 в 09:42


Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалинжұмыс сапарымен Әйтеке би ауданына барды. Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Белқопаға ауызсу мен газ керек!

Алдымен облыс әкімі Әйтеке би ауданының Белқопа ауылына барды. 400-ге жуық тұрғыны бар ауылда орта мектеп, медпункт, сондай-ақ мешіт бар. Тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады.

Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахмановтың айтуынша, бүгінде округтегі 4 елді мекенде 3178 адам тұрады. Бұл елді мекендердің дені жол бойында орналасқан, сондықтан жол бойы сервисі жақсы дамыған, кәсіпкерлік нысандарының да саны көп. Ал Белқопа орта мектебінде бүгінде 85 бала оқиды. Сонымен қатар Белқопа ауылында 10-ға тарта шаруа қожалығы бар. Халықтың дені өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Ал жастардың көп бөлігі ауылдағы орта мектепте қызмет етеді.

Ауылдағы орта мектептің ғимаратында тұрғындармен кездескен облыс басшысы болашағы бар ауылдарды көркейту, дамыту үшін халыққа барлық жағдай жасалатынын, Елбасының тапсырмасына орай ауылдың әлеуетін арттыруда жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесуде белқопалықтар ауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысуға келген облыс әкіміне өз ризашылықтарынбілдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Еламан Сағындықов облыс басшысына Белқопа елді мекеніне әлі күнге дейін көгілдір отын мен ауызсу құбыры тартылмай отырғандығын, елді мекеннен үш шақырым қашықтықта екі ұңғыма қазылып, бұған дейін су қоры бар екені дәлелденгенін жеткізсе, Белқопа орта мектебінің мұғалімі Бауыржан Бегалин 2013 жылы салынған мектеп ғимаратында спортзал, компьютер және еңбекке баулу кабинеттері жоқ екенін жеткізді.

45 түтіні бар ауыл

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Жарөткел ауылына барды. 45 түтіні бар шағын ауылда тек орта мектеп қана бар. Биыл бұл елді мекенге газ құбыры тартылмақ. Ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі ауылдың болашағы — жастар екенін, сондықтан олардың еңбек етуіне жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

— Бүгін жұмыс барысымен елді мекендерді аралап, сіздермен кездесіп, сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды білейік, ауылдың тұрмыс-тіршілігін өз көзімізбен көрейік деген мақсатпенЖарөткелге де келіп отырмыз. Бұл ауыл— жол бойында орналасқан елді мекен. Әрбір ауылда әртүрлі проблемалар, тұрғындардың қоятын сауалдары, айтатын шағымдары болады. Сондықтан бүгін сіздермен жүзбе-жүз кездесуге келіп отырмыз, — деген облыс әкімі тұрғындарға маусым айында өткен саяси науқанғаатсалысқандары үшін ризашылығын білдіріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында әр елді мекеннің алар үлесі зор екенін жеткізді.

Ауыл тұрғыны Гүлсім Еңсепова бүгінде Жарөткел ауылында тұратын тұрғындардың дені жастар екенін, олардың бірқатары «Даму» қорынан несие алып, бүгінде мал, құс шаруашылығымен айналысып жатқанын жеткізсе, алты бала тәрбиелеп отырған жас ана Гүлнұр Тоқабаева отбасымен құс шаруашылығымен айналысып, табыс тауып отырғанын айтып берді.

Тұрғындар сауалы және дәрігерлер «жанайқайы»

Облыс әкімі түстен кейін Қарабұтақ ауылына барып, «Әйтеке би туберкулез ауруларына арналған хоспис» мекемесін аралап, ондағы дәрігерлермен тілдесті. 2011 жылдан бастап жұмыс жасайтын хоспис тамыз айында жабылмақ. Ондағы науқастар Темір туберкулез ауруларына арналған хосписке көшіріледі.

— Мұнда емделетін науқастар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді. Ем алушылардың санының азаюына байланыстыбұл хоспис 10 тамыздан бастап жабылады. Ондағы науқастарды Темір туберкулез ауруларына арналған хосписке орналастырамыз. Бүгінгі күні медицина саласының дамуына байланысты облыс бойынша туберкулез дертін емдеу принципі өзгерді. Бұл аурудың кейбір түрлерін амбулатория деңгейінде емдеуге болады. Сол себепті алдағы уақытта құрт ауруымен ауыратын тұрғындарды Темір ауданындағы 60 орындық хосписке жібереміз. Ал бұл ғимараттың қандай мекемеге берілетіні алдағы уақытта шешіледі, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыс әкімі бастаған топ хосписті аралап, мекеменің дәрігерлерімен тілдесті.

Кездесуде мекеме қызметкерлері мұнда көп жылдан бері қызмет жасап жатқанын, хоспис жабылса, жұмыссыз қалатындарын айтып, облыс басшысына бұл мәселені шешуге қолдау көрсетуін сұрады.

Оңдасын Оразалин 30-дан астам дәрігердің жұмыссыз қалмайтынын, оларға өтемақы мен кезекті демалыстары заң аясында берілетінін жеткізіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Қарабұтақ ауылдық клубында тұрғындармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді.

— Қарабұтақ — тоғыз жолдың торабында орналасқан, тарихы мен өзіндік мәдениеті қалыптасқан, қаймағы бұзылмаған елді мекен. Бұл жерде қазақтың атын шығарған талай ақын-жазушыларымыз дүниеге келген.

Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына келсек, бұл тұрғыда көрсеткіштеріміз жоғары. Осы аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін халықпен кездесіп, облыстық мәслихат депутаттарының алдында биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есеп бердік. Ал бүгін ауылдарды аралап,сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдауға келіп отырмыз. Көріп-білгеніміздей, Әйтеке би ауданындағы бірқатар елді мекендерге ауызсу, газ керек. Алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін бұл мәселелерді шешуде барлық жағдай жасалады, — деді О.Оразалин.

 

Басқосудасыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов пен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Мұхтарита Сағындықова сыбайлас жемқорлықты жоюда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, кеңсеніңенгізіп жатқан жаңа жүйелерімен  таныстырды.

Мұхтарита Сағындықованың айтуынша, екі бағытта жұмыс жасайтын адалдық алаңының мақсаты — тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Бүгінде «Ақтөбе — адалдық алаңы» кеңсесінің мамандары мемлекеттік мекемелерде «Open space» кабинеттерін ашу бойынша жан-жақты жұмыстар жасауда.

Кездесуде Қарабұтақ ауылының тұрғындары елді мекен маңында кәріз су төгетін арнайы орынның жоқ екенін, сондай-ақ Қарабұтақ ауылынан шыққан белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаевқа елді мекенде ескерткіш қойылу керектігін айтып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Облыс әкімі жиынға қатысқан облыстық басқарма басшыларына аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың өтініштерін назарға алуды ескертті. Ал аудан әкімі Мәди Елеусізовке аудандағы спорт, кәсіпкерлік салаларын дамыту, қосымша жұмыс көздерін көбейту, мәдени-рухани шараларды жандандыру, т.б. мәселелерді шешуде жан-жақты жұмыс жасауды тапсырды.

Кездесу соңында облыс басшысы жеке қабылдаулар өткізіп, тұрғындарды қабылдады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями