Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Оңдасын ОРАЗАЛИН, облыс әкімі: Жыл соңына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар

Дата: 22 июля 2019 в 09:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Оңдасын ОРАЗАЛИН, облыс әкімі: Жыл соңына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өткен   Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шұғыл шешу үшін әкімдердің алдына бірқатар міндет қойылған болатын. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес әкімдер жылына бір рет депутаттар алдында өздеріне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есеп беруі қажет. Осыған орай кеше облыс әкімдігімен бірлескен облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз алтыншы сессиясының кеңейтілген отырысы өткізілді. Бірлескен сессия отырысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторыДилрух Шәріпов, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен қаржы институттарының, бизнес өкілдері, облыс әкімінің қоғамдық көмекшілері, аудан және ауылдық округ әкімдері, өндірістік және коммуналдық кәсіпорын басшылары мен ауылшаруашылық құрылымдарының жетекшілері, мемлекеттік мекеме басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, еңбек ардагерлері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жалақы өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылды

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың төрағалығымен өткен бірлескен сессия отырысының күн тәртібіндеоблыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойыншаесепті баяндамасы тыңдалды.

— Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысыеліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсіміне және халықтың тұрмысын жақсартуға аса назар аударды. Бұның барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдауға бағытталған.Осы орайда Ақтөбе облысы өз міндетін табысты орындап келеді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңіріміздің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсті, жыл соңына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз етуге толық мүмкіншілік бар. Тағы бір маңызды міндет — ол халықтың табысын арттырып, кірісін көбейту. Осы бағытта облысымызда нәтижелі жұмыстар атқарылуда, — деді Оңдасын Оразалин.

Ол есепті мерзім ішінде облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 11,7 пайызға өсіп, 140 мың теңгеге жеткенін айтты. Елбасының тапсырмасына сәйкес,биыл 1 қаңтардан бастап 70 мыңнан астам ақтөбеліктің ең төменгі еңбекақысы 1,5 есеге өскен. Сонымен қатарбиыл 1 маусымнан бастап 70мың бюджеттік қызметкердің жалақысы орташа 30 пайызға дейін көбейсе, облыста жеке секторлардағы 32 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 15 пайызға артқан.

Өз сөзінде облыс әкімі қазіргі таңда нарықтық қатынастарға байланысты бағаның өсуіне жол бермеудің аса маңыздылығына тоқталды.

— Облысымызда инфляция деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен —  102,2 пайыз. Сондықтан әрбір аудан және Ақтөбе қаласының әкімдері, салалық басқарма басшылары аталған тұрақтылықты сақтап, осы тапсырманы орындауы тиіс, — деді облыс әкімі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Бұл орайда облыста алғашқы жартыжылдықта  11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Оңдасын Оразалиннің айтуынша, осындай қабылданып жатқан шаралар жұмыссыздықты 4,8 пайыз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік бермек.

Тағы бір маңызды бағыт ол —  бюджеттің кіріс бөлігінің өсу қарқынын қамтамасыз ету.Жалпы облысымызда жергілікті бюджеттің кірістері 106,8 пайызға орындалыпты.  Ал бөлінген қаражат 99,4 пайыз игерілген.

Биылғы меже — 620 миллиард теңге инвестиция

Оңдасын Оразалин жартыжылдықтың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда, қазіргі таңда облыстың өнеркәсіп саласы

105,1 пайызды, ауыл шаруашылығы — 104,4 пайызды, инвестиция — 102 пайызды, тұрғын үй  құрылысы — 113,1 пайызды, құрылыс — 102,3 пайызды, көтерме және бөлшек тауар айналымы  104,2 пайызды құрап отыр.

Оның айтуынша, облыста өнеркәсіп саласы белсенді дамып келеді. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 90 миллиард теңгені құрайтын 25 жобаны іске қосу жоспарланған.

—Президент атап өткендей, бізге шикізаттық емес экспортты дамыту қажет. Сондықтан биыл шикізаттық емес экспортты ферроқорытпалар, натрий бихроматы, рельстер және басқаларының есебінен 1,2 миллиард долларға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, аталған жаңа кәсіпорындарды іске қосудан бөлек, өндіріс орындарын жаңғырту бойынша жұмыстарды да жүргізетін боламыз. Биылдың өзінде 90 миллиард  теңгеге 55 кәсіпорынды жаңғырту жоспарлануда, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі өз сөзінде еңбек өнімділігін арттыру, «қарапайым заттар экономикасы» жобасының әлеуетін толыққанды пайдаланудың мүмкіндіктеріне де тоқталды.

Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмыс жергілікті биліктің ерекше басымдығы болып табылатынын атап өткен  еді.  Есепті мерзім ішінде Ақтөбеде инвестиция өсімі 102 пайызды құрады. Оның 30 пайызы — сыртқы инвестиция. Оңдасын Оразалиннің айтуынша, биыл облысқа 620 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту міндеті тұр. Бұл өткен жылғы деңгейден 10 пайызға артық.

Туризм: ауқымды әлеует және әлсіз жұмыстар

Кеңейтілген отырыста өңірде шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, автомобиль жолдарын салу, елдімекендерді сумен, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын салу, білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт салаларымен қатар, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларына қатысты облыста атқарылған жұмыстар жан-жақты баяндалды. О.Оразалиннің айтуынша, есепті мерзім ішінде облыстағы белсенді шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 10,8 пайызға өскен. Биыл Ақтөбе өңірі үшін бизнесті қолдауға 40 млрд теңге бөлінбек.

Ақтөбе — тұрғын үй құрылысы көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда тұрған облыстардың бірі. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыста 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй немесе 8,7 мың пәтер пайдалануға берілмек.

Үкімет отырысында Президент туризм саласын дамытуға ерекше мән берді. Бұл орайда облыс әкімі туризмді дамытудың ауқымды әлеуеті Ақтөбе қаласы мен оның айналасында, сондай-ақ облыстың әр ауданында бар екенін, алайда олар қажетті деңгейде пайдаланылмай отырғанын тілге тиек етті. Мәселен, Ырғыз ауданындағы бірегей орын — «Жаманшың» метеорит кратері, табиғаты көркем «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи-зоологиялық резерваты, Байғанин ауданындағы борлы таулар — «Ақбота-Сәңкібай» және «Ақтолағай», Ойыл ауданындағы Барқын құмы, Мұғалжардағы Орқаш қорығы, сондай-ақ Қарғалы су қоймасы сияқты  орындарды пайдалану керек.

— Қазіргі таңда ауылшаруашылық өсімі 104,4 пайыздықұрады.Ауыл шаруашылығының әлеуеті өте ауқымды, алайда саланың өңірдің экономикасына қосқан үлесі 5 пайыздан аспай тұр. Күні кеше ғана Президент ауыл шаруашылығы саласының инвесторларға тартымдылығы төмен екенітуралы атап өткенін білесіздер. Сол себептібіз ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында 2025 жылға дейін облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған бағдарламасын қабылдадық.Осы бағдарлама шеңберіндебиыл  ауылшаруашылық саласында жалпы құны 32 миллиард теңгені құрайтын кемі200 жоба іске асырылуы тиіс, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі бұл саланы жетілдіруде «Казах Инвест» компаниясымен бірлесіп, шетелдік инвесторларды тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Суармалы жер көлемін ұлғайту, астық жинау науқанына дайындық, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның көлемін ұлғайту, смарт-фермалар құру, саланы цифрландыру, жерді тиімді пайдалану — бүгінгі күннің осындай өзекті мәселелерін шешуге бағытталған шаралар облыс әкімінің есепті баяндамасында айтылды.

Атаулы әлеуметтіккөмек немесе уақытша жәрдем

—Қазіргі уақытта көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау мәселесі алғашқы орында тұр. Біз қарапайым халыққа қазіргі қоғамдағы басты мәселеге айналған Үкімет тарапынан берілетін атаулы көмектің уақытша ғана жәрдем екенін түсіндіруіміз керек. Әкімдіктерге көмек сұрап келген мұқтаж жандарға біз ең алдымен жұмыс орнын немесе кәсіби мамандыққа оқыту жағдайын ұсынуды жолға қойып келеміз. Өкінішке қарай, кейде жұмыс сұраушылар тарапынан осындай мүмкіндіктерден бас тартып, әлеуметтік көмек алуды ғана көздейтіндер бар әрі олардың саны азаймай отыр. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек 15,3 мың отбасына тағайындалды. Ең маңызды мәселелердің бірі — жеке баспанасы жоқ  9 мың ақтөбелік көпбалалы, аз қамтылған отбасылартұрғын үймен қамтамасыз етілмек, — деген облыс әкімі жиында бизнестің қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілігі аясында 49 мыңнан астам отбасыға 640 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетілгенін айтып, сол үшін кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Бірлескен сессия отырысында Оңдасын Оразалин жиналғандарға Мемлекет басшысының осындай қосымша маңызды тапсырмалар жүктегенін айта келе, халықпен кері байланысты күшейту қажеттігіне де тоқталды. Сондай-ақ ол цифрландыруды дамытуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аудару керектігін айтты.

—«Бюджетке халықтың қатысуы» жобасын енгізу қажет. Сондай-ақ Президент коммуналдық қызмет көрсету бойынша тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдардың көптігін де атап көрсетті. Осы мәселелердің шешімі бойынша тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Сонымен қатар жылу беру маусымына әзірлік жүргізуді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының тоқтаусыз жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз шарт, — деген Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау тек биліктің ғана емес, оған қоғаммен бірлескен күш-жігердің арқасында қол жеткізуге болатынын, сонда ғана облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартып, өңір тұрғындары үшін жайлы өмір сүруді қамтамасыз етудің мүмкіндігі зор екенін баса айтты.

Жиын соңында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінің төрағасыЕсмұхан Құрманғазин, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының бас директоры Валерий Обилец, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Дастанбек Мүрсәлімдер сөз алып, өз ұсыныстарын айтып, аймақ басшысының облыс көлемінде атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Айтылған ұсыныс-пікірлерге қатысты облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сессияда айтылған мәселелер бойынша депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями