Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Дәрігерді кім қорғайды?

Дата: 11 июля 2019 в 10:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Әсет ҚАЛИЕВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

«Біз қазір үшеу болып тұрмыз  — мен, сен және сенің ауруың. Егер екеуміз біріксек, ауруды жеңеміз, ал сен ауру жағына шықсаң, мен жеңілемін».

Сөз  қоғамдық  пікір  жайында. Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау шын мәнінде де өте жауапты іс. Пациенттер тарапынан дәрігерлерге анайы сөйлеу, дөрекі қылық таныту, тіпті қол жұмсау деректері де жиі ұшырасып жүр. Бұл — жеке бас мәдениетінің кемдігі, рухани мешеулік. «Ақ халаттылар адам өмірін қорғайды, ал оларды кім қорғайды?» деген орынды сұрақ туындайды. Осы ой қолға қалам ұстатты.

Жалпақ жұрттың баршасына  тас атудан аулақпыз, алайда өзінің денсаулығы алдындағы жауапкершілікті «ұмытып», оны дәрігердің міндеті дейтін ағайын көбейді. «Сонда денсаулық кімдікі?» деген заңды сұрақ туады.

Жұртшылықтың арасында саулығына немқұрайлы қарайтындар көп. Ал «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидаға құлақ асар адам аз. Өкінішке қарай, тұрғындар өзін тым жоғары ұстап, дәрігерге сенімсіздікпен, теріс мінезбен қарайды. Бар мәселе осында, яғни жеке адамның өзінде, өзінің өрескел тәкаппарлығында, өзімшілдігінде. Ұлттық скринингтік тексерудің мәнін түсінбей жүрген құнтсыз ағайын шетелдік құны қымбат аппараттарда ағзасын түгелімен тегін тексерістен өткізіп, зертханалық бақылауды  да ақысыз пайдаланып, сөйтіп, қатерлі дерттің алдын алудың орнына өнбес дау туғызып, арзан ашудың ықпалында жүр. Бұл жеке бас денсаулығы алдындағы жеке  жауапкершіліктің жоқтығы емей немене? Көлікті де жылына бір рет техникалық тексерістен өткізбей ме? Асқынған ауру емге көнбесе дәрігерді кінәлап, «таз ашуын тырнадан алады» дегеннің кебін киіп келеміз.

Ұдайы дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанып, жаратушының берген ұлы сыйы —  денсаулыққа сауатты түрде күтім жасау парыз екені хадистерде де айтылған емес пе? Ел-халықтың өз саулығы алдындағы жауапкершілік деңгейін медициналық сақтандыру реформасы көрсететін болады. Бұған да қаншалықты дайын екеніміз белгісіз, дегенмен бұл жүйе дамыған елдердің барлығында бар. Екіншіден, бұл жүйе арқылы адам жұмыс істеуге, табыс табуға талпынады. Үшіншіден, өзінің жеке табысынан медициналық сақтандыруға қаражат төлеген кезде әрбір адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі де күшейеді деп ойлаймын. Оның үстіне дәрігердің қабылдауына келіп тұрып, оның кәсіби нұсқауын қабылдамай, ғаламатордан оқыған деректерін көлденең тартып, қайтсе де  дәрігердің  жұмысынан бір кемшілік іздеп тұратын пациенттер қабылдауға  не үшін  келіп тұрғанын  ойланса ғой?  Дертіне  дауа іздеген  жан дәрігерге   сөз  емес, ем іздеп келмей ме? Пациент пен дәрігердің ортақ бір мақсатқа  ұмтылуынан, емделуге, сауығуға  деген ортақ мүддеден өзара  сенім қалыптасады. Ал сол сенім ғана емге апарар тура жол! Дәрігер 1000 адамды құтқарып, 1 рет қана қателесуі мүмкін. Сол сәтте ол құтқарған мың өмір ескерілмей кетеді. Дәрігер — құдай емес, ол — пенде. Дәрігерді даттаудан бұрын, мәселенің мән-жайын толық біліп алған дұрыс.

Медициналық көмекке бөлінетін қаржы қомақты, жеткілікті, денсаулық саласындағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастырудың ең тиімді жолдары қолданыста. Сол себепті де  60-қа жуық ауру  түрін амбулаторлық емдеу жүзеге асырылуда. Бұл жаңашылдыққа да қоғам тарапынан қолдау аз, тұрғындардың бір тобы мүлдем түсінгісі келмейді. Мәселен,  күндізгі емдеу жүйесі зерттеліп, кәсіби талқыдан өтіп барып қолданысқа енгізілген. Артериалды қан қысымын тексеру және оны амбулаториялық емдеуге  барлық емханада мүмкіндік мол. Екіншіден, қан қысымын қалыпта ұстауға арналған дәрі-дәрмек көп, стационарға жатудың еш қажеті жоқ. Сондықтан халық ем алу туралы көзқарасты өзгерту керек.

Осы орайдағы тағы бір таласты мәселе — портал бойынша кезек күтуді үйрену, кезек мәдениетін  жеке дағдыға енгізу, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсіну. Бұл  — ақтөбелік дәрігерлердің ойдан шығарған әдісі емес, тұтас мемлекеттік  деңгейде қабылданған реформа. Стационар негізінен жедел  және аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар үшін, осы мақсатта жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Жедел жәрдем көлігінің жолындағы  кептелістер, көлік жүргізушілер тарапынан жедел жәрдем машинасына алдыңғы кезекте жол беру  мәдениетінің  аздығы, мекенжай деректерінің  тиянақсыздығы да кей кездері осы тұрақтылыққа кері ықпалын тигізеді. Бұл да қоғам болып ойланатын жайт.

Мен әріптестерімнің тарапынан болатын кейбір қателіктерді  жоққа  шығармаймын.  Дәрігерлік  қателесу — әдейі жасалатын қателік емес, қай маман өзіне жамандық тілейді? Кімнің абыройлы болғысы келмейді? Дәрігер де адам екені  есте болса…

Батыр  ел іргесіне жау тигенде ерлік көрсетсе, дәрігер күнде ерлік жасайды.  Ол —  жанқиярлықпен еңбек етеді, бірақ көзссіз ерлік  істегенін өзге түгілі өзі де байқамайды. Себебі ол өз міндетін абыроймен  атқарды. Сондықтан да қоғамның  дәрігерге деген көзқарасын өзгертетін, оның төрдегі орнын қайтарып беретін уақыты жетті.

Ағайын, дәрігер ел-жұртты дерттен құтқарушы, сондықтан да қандай ауыр жағдайда да  ақтөбелік дәрігерлердің   мүмкін болғанның бәрін жасайтындығын білсеңіздер екен. Біз үшін дертінен айыққан ағайынның алғысынан артық сый жоқ!

 

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями