Балаңыз биыл қайда демалады?

Дата: 02 июля 2019 в 10:22 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Балаңыз биыл қайда демалады?

Биыл 130 мыңнан астам ақтөбелік бала жазғы демалысын еліміздің үздік лагерьлері мен өңірдегі демалыс және сауықтыру орталықтарында өткізеді.

Бұл көрсеткіш облыстағы оқушылардың тоқсан алты пайызын құрайды.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, бүгінде облыста 303 мектеп жанындағы, 11 қала сыртындағы, 166 шатырлы лагерь жұмыс жасап тұр.

— Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуі — олардың жаңа оқу жылына тың күшпен, ерекше ұмтылыспен келуіне өз септігін тигізеді. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы оқушылардың жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізулері үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Мәселен,  биыл облыстың 130 мыңнан астам оқушысына демалыс және сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. 18 мың бала қала сыртындағы лагерьлерге барса, 61 мың бала мектеп жанындағы лагерьлерде, 19 мың бала шатырлы лагерьлерге демалады. Ал 32 мың оқушы өз ата-аналары есебінен демалатын болады, — дейді облыстық білім басқармасы білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Ләззат Рсалина.

Сондай-ақ биыл облыстың  дарынды  725 оқушысы жыл бойы жұмыс жасайтын республикалық лагерьлерде демалмақшы. Тек жаз айларында ғана Алматы қаласындағы «Бөбек», Ақмола облысы Щучинск қаласында, Алматы облысы Қапшағай қаласында және Түркістан облысында орналасқан «Балдәурен» лагеріне өңірдің 265  оқушысы барады.

— Бұдан өзге, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин дарынды, жыл бойы білім додаларында жеңімпаз атанған, оқуда озат 420 балаға Алматы қаласындағы «Тот самый», Бурабай курорттық аймағындағы «Звездный», Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағайдағы «Сұңқар», Өскемендегі «Дарын», Каспий теңізі жағалауындағы «Vip child» лагерьлеріне және білім, мәдениет, денсаулық сақтау, қарулы күштер саласында қызмет ететін көпбалалы отбасылардың 29 дарынды баласына Щучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық  сауықтыру лагеріне жолдама табыс етті. Аталған лагерьлерге баратын балалардың алғашқы легі 20 маусымда аттанады,— дейді Ләззат Рсалина.

Сонымен қатар биыл әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың 15 баласын және тәртібі тізімде тұрған 700 оқушыны жазғы демалыспен қамту көзделген. Ал 7 мен 15 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар 288 бала өткен жылы пайдалануға берілген жыл бойы жұмыс жасайтын  «Күншуақ» лагерінде демалады.

Облыста көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан үздік 15 мың баланы еліміздің және облыстың киелі, көрікті жерлеріне саяхат жасауға жіберу жоспарланған. 6400 оқушы еліміздің Түркістан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарына қыдырып қайтуға жіберілсе, 8600 оқушыға облыстың киелі жерлеріне экскурсия ұйымдастыру көзделіп отыр. Бүгінгі күні бұл бағытта 5000-ға жуық бала саяхат жасап келген.

Өңірде балаларды интеллектуалдық және шығармашылық бағытта жазғы демалыспен қамту бойынша да бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, жаз айларында барлық спорттық, көркемдік эстетикалық, сәндік қолданбалы бағыттар бойынша үйірмелер мен секциялар жұмыс жасайды. Сондай-ақ аула клубтарындағы ойын және демалыс алаңдары өз жұмысын жалғастырады.

Биыл қызығушылығына сәйкес аула клубтары мен қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер мен жазғы алаңдардағы шығармашылық  жұмыстарға 24 мың оқушыны қамту көзделген.  «Жас ұлан», «Жас қыран» лидерлерінің жаздық мектептеріне және дебаттық кездесулерге, тілдік алаңдарға 14 мың оқушы тартылмақ. Ал 49 мың оқушы өңірді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына атсалысады.

ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП…

Ләззат Рсалинаның айтуынша, Ақтөбе қаласында қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, 60 мектептің жанында жазғы лагерь жұмыс жасап тұр. Ал облыс бойынша мектеп жанындағы лагерьлер саны  — 303.

Қаламыздағы лагерьлердің жұмысымен танысу мақсатында мектеп жанындағы «Радуга» лагеріне барғанбыз. №19 мектептің жанынан ашылған лагерь екі маусым жұмыс жасайды. Мектеп директорының әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Жолаушыбайдың айтуынша, лагерь  6 мен 11 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қабылдайды.

— Биылғы мектеп жанындағы лагерьге екі маусым бойынша 30 баланы қамту жоспарланған. Әр маусымда он бес баладан қабылданды. Қазір мектеп жанында екінші маусымның балалары демалып жатыр. Оқушылардың жазғы алаңдағы демалысы түскі сағат 13.00-ге дейін жоспарланған. Балаларды жалықтырып алмас үшін лагерьдің әр күнін бір-біріне ұқсамайтындай етіп жоспарладық. Мәселен, бүгінгі күн шығармашылыққа арналса, ертеңгі күн әдептілік пен этикаға арналады. Ал келесі күні балалар ертегілер әлеміне саяхат жасайды. Одан кейінгі күнді музыкаға арнаймыз, — дейді Гүлайым Жолаушыбай.

Сондай-ақ мұнда балалардың ағылшын тілін меңгеруіне де ерекше көңіл бөлінген. Түрлі танымдық ойындардың барлығы ағылшын тілінде өтеді.

— Әр ауысымда төрт тәрбиешіден жұмыс жасайды. Оның бірі топқа жауап беретін маман болса, енді бірі таңғы жаттығу жасатып, спорттық ойындар ойнататын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал екеуі ағылшын тілінің мамандары, — дейді директордың орынбасары.  

Жұмыс барысында «Радуга» мектеп жанындағы лагеріне барып жүрген бүлдіршіндермен тілдесудің сәті түсті. Малика Саматова — аталған мектептің бірінші сыныбын аяқтаған. Өз ісіне тиянақты, зерек  Малика мектеп жанындағы лагерьден жаңа достар тауып, түрлі ойындар үйренгенін айтты.

— Биыл мектеп жанындағы лагерьге бірінші рет қатысып жатырмын. Бұл жерде маған өте қатты ұнады. Түрлі жаңа ойындар үйрендік. Қаланың көрікті жерлерін аралап, саябақтар мен мұражайларға бардық. Сонымен қатар апайлар бізге жолда жүру ережелерін үйретті. Бұйырса, келесі жылы да лагерьге міндетті түрде келетін боламын, — дейді ол.

Ал Маликаның қатарлас құрбысы Фатимаға жазғы мектеп жанындағы лагерьде ойындардың ағылшын тілінде ұйымдастырылатындығы ұнапты.

— Мен өскенде ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын болғым келеді. Ол үшін, әрине, кішкентай кезімізден бастап тілді оқуымыз қажет. Қазір қазақша, ағылшынша әріптердің барлығын білемін. Ал лагерьде бізге апайлар ағылшын тілінде көптеген ойындар ойнатып жатыр. Ұстаздарыма үлкен рахмет айтамын, — дейді бүлдіршін.

АЛМАТ «БАЛДӘУРЕНГЕ» БАРАДЫ

Біз тілдескен оқушылардың бірі шалқарлық Алмат Талғатов Түркістан облысындағы «Балдәурен» лагеріне барады. Биыл жетінші сыныпты аяқтаған Алмат математикадан түрлі олимпиадалардың жеңімпазы. Сабақ үлгерімі де жақсы.  Бос уақытында көркемсурет лицейіне барады. Болашақта танымал архитектор болғысы келеді.

Жыл сайын өзге қалалардағы лагерьлерге баруды дәстүрге айналдырған Алмат биыл да үздіктер қатарынан көрініп, «Балдәуренге» жолдама алғанына ерекше қуанышты.

— 2017 жылдан бастап жазғы демалысымды лагерьлерге барып өткізуді әдетке айналдырдым. Өткен жылы Орал қаласындағы «Атамекен» демалыс орнында демалдым. Жазғы лагерьлердің біз секілді шығармашылықпен айналысатын балалар үшін берері мол. Жаңа достар, таза ауа. Өзім секілді достарыма келер жылы сабақты жақсы оқып, осы лагерьге жолдама алуларына шын тілекшімін, — дейді ол.

Шалқар аудандық білім бөлімі берген мәліметке сәйкес, Түркістандағы «Балдәурен» лагеріне Алмат секілді оқуда үздік көрінген шалқарлық 20 бала барады. Бұдан өзге, Шалқар ауданының үздік 10 оқушысы Алматыдағы «Happy camp» лагеріне, 3 оқушы «Тот самый» лагеріне, 5 оқушы Бурабайдағы «Звездный» лагеріне, 4 оқушы Өскемендегі «Дарын» лагеріне, 6 оқушы Ақтаудағы «Vip child» лагеріне барады.

АУЫЛ —  ЕҢ ҮЗДІК ДЕМАЛЫС ОРНЫ

Әдетте жазғы каникул басталысымен қаланың балалары ауылға қарай ағылады. Жаз бойы ауыл сыртындағы көлге шомылып, балық аулап, қой бағып, жазғы демалысын таза табиғат аясында өткізетін балалар да баршылық.

Сондай бүлдіршіндердің бірі — Хромтау қаласының кішкентай тұрғыны Назым Ибраимова. Оқуын үздік аяқтаған ол маусым айының алғашқы жартысында отбасымен бірге Нұр-Сұлтан қаласына барып саяхаттап келген.  Енді шілде мен тамыз айларында нағашы әжесі мен әпкелерінің ауылына барып демалмақшы.

— Биыл мен де, ағам Бахтияр да мектеп жанындағы лагеьлерге барған жоқпыз. Оқу жылы басталғанда ата-анамыз егер осы жылды үздік аяқтасаңдар, Нұр-Сұлтан қаласына апарамыз деп уәде берген.Оқуды ойдағыдай аяқтадық. Сабақ біткен бойда отбасымызбен астанаға барып демалып қайттық. Нұр-Сұлтан қаласын бұрын тек кітаптан, сосын теледидардан көретін едім. «Бәйтеректі», «Хан Шатырды», Президент отыратын үйді өз көзіммен көрдім. Қазір анама үй шаруасына көмектесіп жүрмін. Бірақ шілде-тамыз айларында нағашы әжемнің және әкемнің әпкелерінің ауылына демалуға барамын. Ауылға барған өте қатты ұнайды. Ол жақта көлге шомылып, балапан бағамыз. Ал кешке барлығымыз көрші балалармен бірге түрлі қызықты ойындар ойнаймыз. Менің анам да, әкем де ауылда өскен. Екеуі үнемі кез келген бала ауылдың тыныс-тіршілігін сезіну керек дейді. Меніңше, ауыл — ең үздік демалыс орны секілді, — дейді кішкентай Назым.

Р.S Баланың жазғы демалысының қызықты өтуіне бірден-бір себепкер — оның ата анасы. Психолог Анар Нұрмағамбетованың айтуынша, кез келген ата-ана баласының жазғы демалысын қымбат демалыс орындарында өткізгенін қалайды. Бірақ, бағасы қымбат лагерь бала үшін ең жақсы демалыс орны деген сөз емес. Сондықтан психолог, жазғы демалыс орнын таңдамас бұрын, алдымен балаңызбен ақылдасып алуға кеңес береді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Жоғары да айтқанымыздай, Ақтөбеде мектеп жанындағы лагерьден бөлек 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс жасайды. Егер балаларыңыздың аталған демалыс орындарында демалғанын қаласаңыз лагерьлер тізімін ұсынамыз.

 Ақтөбе қаласы бойынша:

«Әсем» қала сыртындағы лагері — 12 күн 50 000 теңге. Тел: 96 96 18.

«Ақбөбек Восток» қала сыртындағы сауықтыру кешені — 12 күн  49500 теңге. Тел: 50 00 59, 50 58 36.

«Береке» балалар лагері — 10 күн 50 000теңге. Тел: 96 98 79.

«Достық» лагері — 12 күн 36 000 теңге. Тел: 90 79 19, 90 80 32.

«Нефтяник» лагері — 10 күн 50-55 000 теңге. Тел: 24 95 96.

«Ракетка» спорттық сауықтыру лагері — 12 күн 33 000 теңге. Тел: 40 44 49.

«Шұғыла» демалыс орталығы — 12 күн 52 000 теңге. Тел: 50 88 74.

«Шапағат» жазғы демалыс, спорт және еңбек лагері — 12 күн 33 000 теңге. Тел: 99 43 05.

 Алға ауданында:

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері — 12 күн. Тел: 42 5 66, 42 8 66.

 Ойыл ауданында:

«Көкжар Барқын» лагері — 10 күн 10000 теңге. Тел: 8 (71332) 21 8 06.

 Хромтау ауданында:

«Мугоджары» балаларға арналған жазғы сауықтыру орталығы. Тел: (8 71336) 34-850, 34-708.

Аты аталған лагерьлер 7 мен 15 жас аралығындағы балаларды бірнеше ауысым бойынша қабылдайды. Үш ай демалысты балаларыңыздың қызықты етіп өткізуін қаласаңыз, бұл іске бүгіннен бастап кіріскеніңіз жөн. Өйткені, қала сыртындағы лагерьлерге ертерек тапсырыс беріп қоймасаңыз балаңыз жазғы демалысын тек теледидар мен ұялы телефон жанында өткізуі әбден мүмкін.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями