Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Баспана — тұрмыс сапасының негізгі индикаторы

Дата: 20 июня 2019 в 11:42 Категория: Новости стран мира


Баспана — тұрмыс сапасының негізгі индикаторы

Елімізде бірыңғай тұрғын үй саясаты әзірленетін болады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде халыққа осылай уәде берді.

«Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», — деді Президент.

Тұрғын үй — халықтың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші. Тұрғын үй тақырыбы қай кезеңде де нөмірі бірінші мәселе болып келе жатыр. Осыдан 28 жыл бұрын елді осы мәселе қалай толғандырса, бүгін де дәл солай толғандырады. Елімізде тұрғын үй туралы алғашқы саяси құжат 1993 жылы дайындалды. Сол кездегі ел Президенті 1993 жылдың 6 қыркүйегінде «Жаңа тұрғын үй саясаты» Жарлығына қол қойып, бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде басымдық берілді.  Соған сай елде осы мәселеге жауапты жаңа министрліктер құрылып, тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш тұрғын үй жинақ жүйесі қалыптасты. Осылайша тұрғындар бұрынғыдай 10-20 жылдап кезекте тұрып үй алудан басқа да жолдардың барын білді — несиеге «әркімнің қаржылық жағдайына лайықты» баспаналы болуға мүмкіндік алды.

Содан бері 28 жыл бойы тұрғын үй саясаты жетілдіріліп келді. Бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылды. Күні бүгінге дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жақсартуға мемлекеттік деңгейде ерекше басымдық беріліп келеді. Қазіргі күні елімізде қандай бағдарлама бойынша үй алуға болады? Сіздің қаржылық мүмкіндігіңізге қандай бағдарлама тиімді? Оқырман үшін еліміздегі әрбір бағдарламаны жіліктеп түсіндіруге тырыстық.

Сатып алу құқығынсыз жалға алу

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алғыңыз келсе, сіз тұрғын үй заңдылығы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының қатарында болуыңыз шарт. («Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабы 1,8,9, 10, 11 — тармақшаларында айқындалған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары туралы қарап алыңыз).

Бұған қоса, заңға сәйкес, «жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік ұйымдардың, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын ел азаматтары», «мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті орган бекітетін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларында айқындалған тәртіппен жұмыс істейтін жастар» ала алады.

Сіз жалға берілетін тұрғын үй алуды мақсат етсеңіз, атыңызда үй тіркелмеген болуы шарт, тіркелген жағдайда да ол апаттық жағдайдағы үй ретінде расталған құжаты бар болуы керек. Сондай-ақ, соңғы екі жыл ішінде өзіңіздің, жұбайыңыздың, кәмелетке толмаған балаларыңыздың меншік құқында тұрғын үй, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй тіркелмеген болуы керек. Тұрғын үйді бөлу тәртібі Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес реттеледі және оны жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Бұл жағдайда сіз жалдау құнын ғана төлеп отырасыз.

Мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз баспана беріледі

Қазақстан ипотекалық компаниясы мен денсаулық сақтау, білім және ғылым министрлігі арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылды.

Қатысушылар үшін жалға берілетін тұрғын үйді өткізу талаптары мынадай: тұрғын үйді жалдау мерзімі 20 жыл. Баспана бастапқы жарнасыз беріледі. Тұрғын үйді кез келген уақытта және айыппұл санкцияларын қолданусыз мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі бар. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл ретте бағдарлама бойынша жалгерлік төлемнің орташа айлық құны республика бойынша орташа бағадан төмен болмақ.

Тұрғын үй алуға үміткерлер тізімін тікелей министрліктер құратын болады. Өз кезегінде «ҚИК» ИҰ» АҚ берілген қызметкерлердің төлем қабілеттілігін тексеріп, бағалау қорытындысы бойынша өтінімдері мақұлданған үміткерлермен ұзақ мерзімді жалдау шартын бекітеді. Бағдарламаны іске асыру арқылы алдағы екі жылда 3 мың қазақстандық отбасын меншікті тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сатып алу құқығымен жалға алу

«Тұрғын үйді дәл қазір сатып алуға ақшам жетпейді, бірақ ай сайын пәтерге төлегендей, белгілі бір сомадағы қаражатты төлеп тұра аламын, алайда үйім кейін өзімнің меншігіме өткені дұрыс», — дейтін азаматтарға да мүмкіндік бар.

Егер сіз заң талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болсаңыз, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатып алу құқығымен, яғни кредиттік тұрғын үй ала аласыз. Ол үшін бастапқы жарнаңыз болуы тиіс — алатын үйіңіздің 20 пайызындай қаражат жинақтау қажет. Және төлем қабілетіңізді растайтын құжатыңыз болуы керек.

— Бұл бағдарламаға қатысу үшін үміткер жергілікті атқарушы органнан жолдама алып келеді, біздің банк оның төлем қабілетін тексеріп, егер расталса, несие рәсімдейміз. Баспана алған адам бағалау көрсеткіші белгілі бір деңгейге жеткенше ай сайын тек жалға алу құнын төлейді және өз депозитіндегі ақшаның үй құнының 50 пайызына жеткенге дейін депозитіне ақша салып тұрады. Депозитінде үй құнының 50 пайызына тең қаражаты жиналған кезде, ол кісі жалдау құнын емес, несиесін төлей бастайды. Осылайша бастапқы жылдары үйдің тек жалға алу құнын өтесе, кейін үйді сатып алу үшін несиесін төлейді. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі — бағалау көрсеткішіне сәйкес 3,5-5 пайыздан аспайды. Осылайша пәтерін өзі атына аударып алады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының қызметкері Мақсат Зайтов.

Ипотека рәсімдесеңіз, салықтан босатыласыз

Еліміздің Салық кодексінің 349-бабының1-тармағына сәйкес, егер сіз «Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінен» ипотекалық тұрғын үй заемдарын алған болсаңыз, айлық жалақыңыздан ұсталатын кіріс салығы ұсталмайды, керісінше сіздің жалақыңызға қосылатын болады. Ол үшін жұмыс берушінің есеп-қисап бөліміне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» жасаған ипотекалық тұрғын үй қарызының шартын, сыйақы сомасын көрсете отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесін тапсырып, мекеме басшысының атына арыз жазу керек. Салық несие төлей бастаған айдан бастап шегеріле бастайды.

«Бақытты отбасы»: 2 пайыз!

Егер сіз көпбалалы отбасына жататын болсаңыз, кәмелеттік жасқа толмаған балаңыз бар толық емес отбасы болсаңыз және мүгедек бала бағып отырсаңыз, сізге «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға болады.

Бұл жағдайда сізге қойылатын бірнеше талап бар: біріншіден, сіздің атыңызда, сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы керек, ал отбасының әрбір мүшесіне келетін табыс айына 42 500 теңгеден аспауы тиіс. 42 500 теңге — еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері. Мысалы, егер сіз балаңыз екеуіңіз ғана тұратын болсаңыз, айлық табыс 85 мың теңгеден аспауы керек, отбасында 6 адам болса, айлық табыс 255 мың теңгеден аспауы тиіс.

Ең басты талап — сіз әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке тұруыңыз және жоғарыдағы үш санаттың біріне жататыныңызды растайтын құжат алуыңыз керек. Әкімдікке кезек тұру үшін заң бойыншакоммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үйді есепке қоюда және ұсыну сәтінде ҚР аумағында меншік құқығында тұрғын үй болмауы керек. Және соңғы бес жылда сіз тұрғын үй жағдайыңызды әдейі нашарлатсаңыз, мысалы, тұруға жарамды үйіңізді әдейі иелігіңізден шығарсаңыз, сізді кезекке қоймауы мүмкін. Сондықтан заң талаптарын толық біліп алыңыз.

Көпбалалы отбасыларда балалар кәмелеттік жасқа толмаған болуы керек, егер балаңыз колледжде, жоғары оқу орындарында, басқа да жерлерде күндізгі бөлімде оқитын болса, 23 жасқа толғанша оны да тізімге кіргізе аласыз.

Тағы бір мәселе — сіз «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін «толық емес отбасы» санатын алу үшін жолдасыңызбен әдейі ажырасатын болсаңыз, ол ісіңізден ештеңе шықпауы мүмкін, себебі неке бұзу туралы құжат кемінде үш жыл бұрын рәсімделуі тиіс. Елімізде, әсіресе, оңтүстік өңірлерде ерлі-зайыптылардың әдейі ажырасуларының көптігі осындай талаптар туғызып отыр.

Міне, егер сіздің тұрмыс жағдайыңыз осындай талаптардың барлығына жауап беретін болса, онда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, арзан пайызбен заем рәсімдей аласыз. «Бақытты отбасы» — еліміздегі әзірге ең төмен пайызбен несие бере алатын өте тиімді бағдарлама. Бар болғаны 2 пайыз! Егер басқа бағдарламалар бойынша тұрғындардың 5, 7 пайызбен ипотекалық несие алып жатқанын ескерсек, бұл осы санаттағы азаматтар үшін өте ыңғайлы жоба екенін бағамдауға болады. Ол үшін сізде аздаған қаражат болуы керек: алғалы жатқан үй құнының 10 пайызға жуығын жинап қойған болуыңыз шарт. Бұл соманы әкімдік тарапынан берілетін тұрғын үй сертификаты есебінен де жабуға болады. Ақтөбеде заем 10 миллион теңгеге дейін беріледі. 19 жыл мерзімге. Оған жаңа салынған үйлерді, қолданыста болған пәтерлерді де алуға болады және жеке тұрғын үйлерді де сатып ала аласыз.

Бұл бағдарламаны жүзеге асыратын қаржылық оператор — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ.

Тұрғын үй заемы: 3,5 пайыз!

Егер сіз жоғарыдағы санаттардың ешқайсысына кірмейтін болсаңыз, онда, әлбетте, «Бақытты отбасына» қатыса алмайсыз. Бірақ мүмкіндігінше арзан пайызбен үй алғыңыз келеді. Атыңызда тіркелген үй жоқ болса, онда тұрғын үй заемын рәсімдеуге болады. Ол үшін не істеу керек?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашуыңыз керек және депозитіңізде кемінде үш жыл бойы алғыңыз келетін үйіңіздің 50 пайызына тең қаражат жинақтауыңыз қажет. Қалған 50 пайызын банктен тұрғын үй заемы ретінде рәсімдейсіз. Тұрғын үй заемы жылдық 3,5-5 пайызбен беріледі. Төмен пайызбен несие алу үшін банк талабы бойынша ең төменгі бағалау көрсеткіші — 16-ға қол жеткізуіңіз керек. Яғни, сіз ұзағырақ ақша жинаған сайын, көрсеткішіңіз жоғары болады. Егер сіздің қолыңызда қаражат болса, бағдарлама шарты бойынша үш жыл күткіңіз келмейтін болса, оның да шешімі бар: сіз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің»бағалау көрсеткіші жоғары басқа клиенттерінің шотын сатып аласыз. Сатып алу-сату рәсімдері онлайн арқылы жүргізіледі. Тұрғын үй заемы сомасы — 100 000 000 теңгеге дейін. Несиені 6 айдан 25 жылға дейін ала аласыз.

Ал егер «мен ешкімнің шотын сатып алғым келмейді, қолымдағы бар ақшаммен дәл қазір үй сатып алғым келеді» десеңіз, оның да шешімі бар: депозитіңіздегі қаражат жинақтау сомасы 3 жылдан кем, бірақ үй бағасының 50 пайызы бар болса, аралық заем рәсімдеуге мүмкіндігіңіз бар. Бұл жағдайда несие пайызы сәл көбірек болады: 7-8,5 пайыз. Бұл бастапқы жылдары ғана, кейін көрсеткіш деңгейі өскеннен кейін пайыздық мөлшер 5 пайызға дейін төмендейді. Ол үшін не істеу керек? «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозит ашып, үй құнының 50 пайызын бірден немесе бөліп-бөліп саласыз. Несие 6 айдан 25 жылға дейін рәсімделеді.

Екі жағдайда да міндетті түрде төлем қабілеттілігіңізді растауыңыз қажет. Бұл бағдарламаның артықшылығы сол — сіз несиені ең төменгі пайызбен рәсімдейсіз және қайталама нарықтағы ескі үйлерді де сатып ала аласыз.

«Нұрлы жер»: 3,5-5 пайыз!

Сіз «Бақытты отбасы» бойынша пәтер алу үшін ешбір санатқа кірмейсіз, жалға алуға да мүмкіндігіңіз жоқ, оған қоса тұрғын үй заемын алайын десеңіз, үй құнының 50 пайызына тең қаржыңыз жоқ. Енді не істемек керек?

Оның бірнеше жауабы бар: алдымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысып көріңіз.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған. Бұл бағдарламаның міндеттері — сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй салу.Сатып алу құқығынсыз тұрғын үй туралы жоғарыда айтып кеттік, ал сатып алу құқығымен алу үшін сіз халықтың осал топтарына жатпайды екенсіз. Ендеше, «Нұрлы жердің» несиелік бағдарламасына қатысып көріңіз. Оған қатысу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, үй құнының 20 пайызына тең қаражат салуыңыз керек. Содан соң «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің» сайты арқылы жарияланған конкурс бойынша немесе тікелей брондау арқылы үй таңдап, арыз бересіз.Төлем қабілеттілігіңізді растай алсаңыз, болды: үй сіздікі. Бұл жағдайда несие жылдық 5 пайызбен беріледі, белгілі бір уақыттан кейін бағалау көрсеткіші лайықты деңгейге жеткен кезде пайыздық мөлшерлеме 3,5 пайызға дейін төмендейді. Несие 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Мәселен, сіз үйді 19 жылға алатын болсаңыз, бастапқы 8 жылда несиені 5 пайызбен, қалған 11 жылда 3,5 пайызбен төлейсіз. Айта кету керек, әр адам «Нұрлы жер» бағдарламасына тек бір рет қана қатыса алады және бұл бағдарламаға қатысу үшін соңғы бес жылда меншігіңізде тұрғын үй тіркелмеген болуы тиіс. Аталған бағдарлама бойынша Ақтөбе облысында әзірге «Нұр Ақтөбе» ауданында салынып жатқан жаңаүйлерден ғана пәтер алуға болады.

«Өз үйім»: 3,5-7 пайыз

Егер сіз жоғарыдағы ешбір бағдарлама бойынша үй алуға мүмкіндігіңіз болмаса немесе «Нұрлы жер» арқылы «Нұр Ақтөбеден» пәтер алғым келмейді, қаланың орталығында тұрғым келеді» дейтін болсаңыз, «Өз үйім» бағдарламасына қатысып көріңіз.

«Өз үйім» — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке бағдарламасы. Оның тиімділігі сол — атыңызда үй тіркелген бе, жоқ па, оған қарамайды. Меншік құқығыңызда қанша үй болса да, бұл бағдарламаға оңай қатыса аласыз. Ол үшін аталған банктен депозит ашып, тұрғын үй бағасының кемінде 20%-ын жинауыңыз керек.

— Несие жылдық 7 пайызбен беріледі. Оған қоса белгілі бір мерзімнен кейін, несиенің жылдық пайыздық үстемесі 3,5-5 пайызға төмендетіледі. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша бүгінде салымшыларға баспана алу өте ыңғайлы, — дейді М.Зайтов. Несиені 19 жылға дейінгі мерзімге рәсімдей аласыз.

Бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы сол — қаланың орталығынан баспаналы бола аласыз. Алайда, бағдарламаға қатысушы үйді бастапқы нарықтан қарауы керек, яғни жаңадан салынған үйлерден ғана пәтер ала аласыз. Мәселен, «Батыс-2» ауданынан үй алғыңыз келсе, осы бағдарламаны байқап көруге болады.

Ақтөбеде:

Мемлекеттік тұрғын үй құрынан баспана алу үшін 23 548 адам кезекте тұр. Оның ішінде жетім балалар — 1680, мемлкеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, әскери азаматтар — 10219. Көпбалалы отбасылар — 1517. Апатты үйлерде тұрып жатқандар — 61 отбасы.

Әлеуметтік осал топтарға жататындар — 10 071 адам. Оның ішінде 6030  толық емес отбасылар, мүгедек бала бағып отырған 948 отбасы бар.

2013 жылдан бастап «Нұр Ақтөбе» ауданында 30 тоғыз қабатты, 31 үш-төрт қабатты және 194 бір-екі қабатты үйлер, барлығы 8 мың пәтер берілген.

Биыл 2 тоғыз қабатты және 27 аз қабатты үйлер беру жоспарланып отыр. Барлығы 1656 пәтер.

Шілде айында кезекте тұрғандарға 353 жалға берілетін үйлердің кілті тапсырылады.

2018 жылы «Нұр Ақтөбеде» 4 тоғыз қабатты және 9 аз қабатты несиелік үйлер берілді. Барлығы 1 209 пәтер.

«7-20-25»: 7 пайыз

Егер үй құнының 20 пайызына тең қаражатыңыз қолыңызда болса, оны депозитке салғыңыз келмесе, бірден «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға кірісіп кетсеңіз болады. «7-20-25»Елбасының Жолдауында айтылған «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленді. «7-20-25» бағдарламасы «Баспана» ипотекалық ұйымы арқылы жүзге асырылады.

Бұл жағдайда құрылыс компаниясымен келісіп, таңдаған пәтерді брондау қажет. Сатып алынатын тұрғын үйді тәуелсіз бағалаушы арқылы бағалап, бағалау актісін аласыз. Сөйтесіз де, осы құжаттарды алып, екінші деңгейлі банктерге барасыз. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша ипотекалық кредитті Центркредит Банкі, АТФ Банкі, Jusan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк береді. Аталған бағдарлама бойынша үй алу үшін меншік құқыңызда үй тіркелмеген болуы шарт.

— Егер төлем қабілеті расталса, ипотекалық кредит беруді мақұлдайды. Содан соң қарыз алушы банктен алған кепіл хатын құрылыс компаниясына тапсырады да, банктің шешімі бойынша бастапқы жарнаны не банкке, не құрылыс компаниясына аударады. Бұдан кейін құрылыс компаниясымен сатып алу-сату шартын жасасу қажет. Сатып алынатын тұрғын үйді кепілге қою шарты мемлекеттік тіркелгеннен кейін банк қажетті соманы құрылыс компаниясына аударады. Содан кейін құрылыс компаниясы кілтті қарыз алушыға тапсырады, — дейді «Баспана» ипотекалық компаниясы өңірлік филиалының басшысы Гүлнар Дабылова.

Г.Дабылованың айтуынша, «Нұрлы жер» бойынша салынып жатқан үйлерден де «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер ала алады. Яғни тұрғындар «НұрАқтөбе», Батыс-2, Болашақ аудандарында, 12-шағын ауданда құрылыс компаниялары салып жатқан үйлерден пәтер сатып ала алады. Бұл бағдарламаның бір артықшылығы, несиені алу мерзімі басқа бағдарламаларға қарағанда ұзақ. Яғни несиені 7 пайызбен 25 жыл мерзімге дейін ала аласыз. Ақтөбе облысы бойынша 15 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады.

Қазақстанда:

Жыл басынан бері елімізде 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 40 546 тұрғын үй тапсырылды.

Елмізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынатын болады.

«7-20-25» бойынша 8 мыңға жуық адамның өтініші мақұлданды.

1 шілдеден бастап полиция қызметкерлерінің пәтер жалдауына өтемақы беріледі.

Бүгінгі күні кезекте тұрған көпбалалы отбасылар Үкімет тарапынан 2025 жылға дейін үймен қамтылады.

Алдағы 7 жылда көпбалалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын болады.

«Баспана хит»: 10,75 пайыз

Сіз қайталама нарықтан баспана алғыңыз келеді. Бірақ тұрғын үй заемын рәсімдегіңіз келсе, үй құнының 50 пайызына тең қаражатыңыз жоқ, бар болғаны 20 пайыз ғана бар. «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларына қатысайын десеңіз, меншік құқыңызда үй тіркелген. Енді қайтпек керек?

Бұл жағдайда «Баспана Хит» бағдарламасын байқап көріңіз. Бұл бағдарламаны да «Баспана» ипотекалық ұйымы жүзеге асырады. «Баспана Хит» арқылы жаңа үйлермен бірге ескі үйлерді де сатып ала аласыз. Атыңызда үй тіркелген болса да, бағдарламаға қатыса бересіз.

— Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 10,75%, бастапқы жарна тұрғын үйдің құнынан – 20%, қарыз мерзімі – 15 жыл.  Сатып алынатын үйдің ең жоғары құны Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында – 25 миллион. теңге, басқа өңірлерде – 15 миллион. теңге.Қазіргі кезде «Баспана Хит» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредитті Центркредит Банкі, АТФБанкі, Jusan bank, Bank RBK, Еуразиялық Банк, Халық Банкі, ForteBank, Сбербанк  береді, — дейді Г.Дабылова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями