Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Полиция — тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны 

Дата: 20 июня 2019 в 11:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Полиция — тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны 

Елімізде жыл сайын  23 маусым Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл — Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.

Қазақстан полициясы күні — осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады.

Ел тыныштығы мен тұрақтылығын, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылар қандай да құрметке лайық. Кәсіби мейрам қарсаңында мереке иелерін сөзге тартқан едік.

Тергеуші Тайпақова

Тергеу ісі — ішкі істер органдары жүйесінде ерекше орын алатын сала. Тергеушінің нақты айғақтары арқылы қылмыскерді дәл тауып, істің сотқа жолданатыны ақиқат. Сондықтан аса сауаттылық пен шыдамдылықты талап ететін  жауапкершілігі мол істің тізгінін ұстау — кім-кімнің де қолынан келе бермейтін іс. Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Айжан Тайпақова сегіз жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді.

2007-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының курсанты болған Айжан аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, еңбек жолын туған жері Қызылорда өңірінде тергеушіліктен бастайды. 2014 жылы отбасы жағдайына байланысты қызметін Ақтөбеде жалғастыруға тура келген. Міне, содан бері ішкі істер саласында аса маңызды істерді тергеп, нәтижелі жұмыстарымен ұжымда, әсіресе,  әріптестері арасында зор құрметке ие болып жүр. Бастапқыда ол Зауыт полиция бөлімінде еңбек етіп, өзін жақсы қырынан көрсете білген. Сол жердегі екі жыл қызметінде Айжан өзіне жүктелген біраз істі бойындағы шыдамдылық пен табандылықтың арқасында нәтижелі жүргізіп, кейін қызметте жоғарылап, бүгінде облыстық полиция департаментінде аға тергеуші ретінде меншік түрлері бойынша аса маңызды қылмыстарға тергеу жүргізеді.

— Еңбек еткен жылдарымнан бері мен қылмыстың түрлі санаты бойынша тергеу жүргіздім. Бүгінгі күні департаменттің тергеу басқармасында экономикалық қылмыстармен қатар, алаяқтық, аса үлкен көлемде ақша ұрлығына қатысты қылмыстық істерді тергеймін.  Біздің міндетіміз — әрбір іске байланысты нақты айғақ жинап, қылмыскерді дәл табу, — дейді тергеуші Айжан Тайпақова.

Нақ қазіргі күні Айжан алаяқтыққа байланысты  іске тергеу жүргізіп жатыр. Мұндай істің артында аса ірі көлемде ақша жымқыру деректерінің орын алатыны белгілі.

— Басында баспанасы жоқ тұрғындар көп жағдайда пәтерге жылдам қол жеткізу үшін алаяқтың құрбаны болып жатады. Жиған-тергендерін алаяққа санап беріп, соңында өзі тақырға отырады. Өзімнің кәсіби қызметімде мұндай жағдайлар көп кездесті. Соның бірі — Ақтөбе қаласының Юни сити ауданында пәтер алушылардың алаяқтардың арбауына түскен қылмыстық іске тергеу жүргізіп, істі сотқа жолдадым. Осы іске байланысты 7 адам қамауға алынса, қазіргі күні екі адам іздеуде жүр, — дейді А.Тайпақова.

Тергеуші қызметі — аса сауаттылық пен білімді, шыдамдылықты талап ететін жауапкершілігі мол іс. Сондықтан да бұл сала ішкі істер органдары жүйесінде ерекше орын алады. Сөз арасында Айжан кейбір аса ауыр қылмысты ашу үшін тәулік бойы көз ілмеген сәттерінің болғанын да тілге тиек етті.

— Тергеу жүргізу барысындағы әдісім жайында айтар болсам, маған қарапайым, күнделікті орын алып жататын қылмыстарды емес, аса ауыр қылмыстардың бетін ашу, ол үшін нақты айғаққа қол жеткізуде күндіз-түні ізденіп жұмыс істеген әлдеқайда қызықтырақ болып көрінеді.  Тергеу барысында әр сағаттың, уақыттың өзі қымбат. Себебі, аса ауыр қылмыстық істерге тергеу жүргізуде де межелі уақыт бар. Сондықтан  шым-шытырық оқиғаның түйінін тарқату үшін сол іске байланысты болжау былай тұрсын,  тынымсыз ойда жүресің, көп көлемдегі құжаттарды ақтарып, заң аясында іс жүргізуің керек. Қолға алған ісіңе байланысты сараптама қорытындысын күту, кей жағдайларда сараптама қорытындысына байланысты тараптардың шағымы, осындай процестердің барлығы істі шиеленістіре түседі.  Сол үшін тергеуші кей жағдайларда өте сезімтал психолог болуы да керек деп білемін. Себебі халық бізге түрлі мәселемен шағымданады, проблемасын шешу үшін бізден көмек сұрап келеді. Сондықтан біз мемлекеттік қызметкер ретінде осындай әрбір тұрғынның мәселесін шешіп, істің нақты мән-жайын сапалы тергеуіміз қажет, — дейді Айжан.

Айжан қызметтегі осындай  тынымсыз еңбекпен қатар, екі баласына тәлімді тәрбие беруге уақыт табады. Жас та болса бойына мол тәжірибе жинақтап үлгерген оның өзінен кейінгілерге де үйретері көп. Талай рет кәсіби білімін шыңдап, түрлі семинар-тренингтерге қатысыпты. Нәтижелі жасаған жұмыстарының қорытындысын оның жұмыс кабинетіндегі  министрлік пен құрылым басшылығы атынан алған Алғыс хаттарынан-ақ аңғаруға болады.

ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ — ИНСПЕКТОР ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ

Миржан Сағынбаев — Ақтөбенің Астана ауданы №2 қалалық полиция бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы. Тарихшы әрі заңгер мамандығын иеленген ол бүгінде өзіне жүктелген аумақтағы 3 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Полиция майоры әскери шенін иеленген тәртіп сақшысынан бұл салаға қалай келгені жайында сұрағанымызда:

— Туып-өскен жерім — Шалқар ауданының Айшуақ өңірі. Мектепті тәмамдап, қазіргі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Кейін Тараздағы №5513 әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, құқық қорғау саласында, оның ішінде патрульдік күзет қызметінде еңбек жолымды бастадым. Осы кезде Ақтөбедегі оқу орындарының бірінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Әрине, бала күнімнен полицей болуды армандайтын едім. Әсіресе, полицейдің формасын кигенді қатты ұнататынмын. Міне, бала күнгі арманыма қол жеткізу үшін алдыма нақты мақсаттар қойып, қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп жатқаныма да он бес жылдың жүзі болды, — дейді Миржан.

Бүгінде ол өзіне жүктелген аумақта қандай да болмасын әкімшілік құқық бұзушылық жағдайларға жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, полиция бекетіне келген шағым-арыздар бойынша жұмыстану сияқты міндеттерді атқарады.  Ол 2009 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады.

— Қазір балалар жазғы демалысқа шықты. Жазғы мезгілде балалардың жиі жоғалып, табылуы, кәмелет жасына толмағандардың қылмыстық жағдайларға баруы сияқты оқиғалар жиі орын алады. Жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта бес жасар қыздың адасып жүргені жайында ерлі-зайыптылардан бізге хабар түсті. Біз оларға қызды саябақ ішіндегі полиция бекетіне жеткізуін өтіндік. Қыз баладан сұрастыра келе, оның аты-жөнін, тұрғылықты мекенжайын білдік. Осылайша анасының нөмірін тауып, баланы ата-анасының қолына тапсырдық. Біздің учаскелік аумаққа «Керуен сити» ойын-сауық ортылығы сияқты ғимараттар да кіреді. Осындай адам аяғы көп жүретін жерлерде балалардың ата-анасынан адасып, жоғалып, табылып жататын жағдайлар жиі орын алады. Сондықтан осындай орындарға барғанда ата-аналардың балаға мұқият болып, қауіпсіздік шараларын қатаң естен шығармауын ескертеміз, — дейді М.Сағынбаев.

Оның айтуынша, әрбір учаскелік полиция инспекторы 3 мың адамға қызмет көрсетеді. «Мен өзіме жүктелген аумақтағы тұрғындарға, әсіресе, кәмелет жасына толмаған балалардың ата-анасына қауіпсіздік шарасы бойынша жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамын. Халықпен кездесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қандай да бір жағдайлар туындай қалса, өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарына дереу хабарласуын ескерту жұмыстарын жүйелі жүргіземіз», — дейді учаскелік инспектор.

Халықпен тіл табысу — учаскелік полиция инспекторы үшін ең басты талап. Миржан өз қызметіне деген халықтың сенімі полиция жұмысының басты көрсеткіші екенін айтады.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями