Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Дәрігерлерге пәтер кілттері табысталды

Дата: 15 июня 2019 в 12:52


Дәрігерлерге пәтер кілттері табысталды

А.Досжанова атындағы конференц-холда денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин дәрігерлерді мерекемен құттықтады.

— Бүгінгі күні Ақтөбе дәрігерлері шетел және республикадағы белгілі орталықтарда тәжірибе алмасып, аса күрделі жоғары технологиялық ота жасап, әлемнің жетекші клиникаларындағы әріптестерімен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Нәтижесінде облыс орталығындағы клиникаларда  жүрекке күрделі операциялар жасалып, мүше ауыстырылып, мезгілінен бұрын туған сәбилерге күтім көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары бұл салаға миллиардтаған теңге қаржы бөлінді. Жаңа  ғимараттар салынды, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Осының барлығы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға арналып отыр, — деген облыс әкімі медициналық кластер аясында өзге облыстардан да науқастар келетінін, «Денсаулық» бағдарламасы бойынша дәрігерлердің белгіленген  42 индикаторға қол жеткізгенін айтты.

— Халық денсаулығы —  маңызды көрсеткіш және кез келген мемлекеттің даму индикаторы. Мемлекеттің ең маңызды міндетінің бірі — сапалы медициналық қызмет көрсету, азаматтардың денсаулығын жақсарту. Тұңғыш Президент  Қазақстан халқына Жолдауында осы салаға үлкен мән берді. Өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштерді салыстырсақ, тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған индикаторлар бойынша облыс медицинасының оң динамикасы көңілді қуантады. Өлім-жітім азайып, өмір сүру ұзақтығы 73,4 жасқа дейін ұзарған, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин халық денсаулығын жақсартуға үлес қосқан дәрігерлерді марапаттады. ҚР «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалін 19 адам тақса, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медалін 13 адам иеленді. Облыс әкімінің Алғыс хатымен 17 дәрігер марапатталды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрар Шериязданов марапатталды. Ардагер дәрігерлерді құттықтап, облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ төрт жас маман 500 мың теңгенің грантына ие болды. Ал баспанасыз  жүрген төрт дәрігер облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алды. Көпбалалы бес медицина қызметкері 400 мың теңгенің тұрғын үй сертификатын иеленді. Олар бұл қаржыны мемлекеттік бағдарлама  аясында жеңілдетілген ипотекалық несие алу үшін бастапқы жарна ретінде төлейтін болады.

Жиында пәтер кілтін алған дәрігерлердің қуанышында шек болмады. Облыстық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ақалқа Сәлімқызы қуанышын бізбен бөлісті.

— Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрамын. Бес баламен біреудің үйін жағалап жүрген өте қиын. Еңбекақымның жартысын пәтерге төлеймін. Шынымды айтсам, қатты қиналып жүргенмін. Осыдан бірнеше күн бұрын пәтер берілетінін айтқанда сенбедім. Ал бүгін кілтті қолыма алып, қуанып тұрмын. Дәрігерлердің еңбегін елеп, ескерген облыс әкімдігіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына алғысым шексіз, — деді Ақалқа.

Ал  «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Тілекші Жұмабаев өз ризашылығын білдірді.

— Жиырма жылдан астам уақыт университетте сабақ беремін. Шәкірт тәрбиелеп, облыс медицинасының жандануына үлесімді қосып келемін. Менің еңбегімді елеген басшыларға ризамын, — деді оқытушы.

Жиында жергілікті өнерпаздар ән айтып, би биледі. Облыстың денсаулық сақтау саласы туралы бейнекөрініс көрсетілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями