Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай?

Дата: 04 июня 2019 в 17:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай?

Өткен жылы облыста тұрғындарға 7,6 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 83 пайызы электрондық нұсқада ұсынылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылау мақсатында 80 шара өткізіліп, заңнама талаптарын бұзуға жол берілген 3279 жағдай анықталды.

Бұл жөнінде 31 мамырда өткен облыстық Қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

Жиынға Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі басты мәселе — тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және қызмет көрсету барысында заңнама талаптарының сақталу жайы болды. Бұл мәселеге орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Бибітова баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, өткен жылы облыста электронды нұсқада қызмет көрсету көлемі артқан. Дегенмен бұл жағынан біздің облыстың көрсеткіші, өзге өңірлермен салыстырғанда, әлі де төмен. Ал заңнама талаптарын бұзу фактілеріне келсек, тиісті құжаттардан басқа да, яғни артық құжаттар талап ету, пара алу, өз қызметіне «сыйақы» алатын заңсыз «делдалдарды» араға салу, азаматтарға толық түрде кеңес бермеу, т.б. жайттар анықталған. Осыған байланысты 30 қызметкерге тәртіптік шара қолданылып, 43 әкімшілік іс қозғалған.

Сонымен қатар, қызмет көрсету тәртібі бұзылған жағдайда, азаматтар арнайы мобилді қосымша арқылы шағым түсіре алады.

Ал, жалпы, елімізде азаматтарға 742 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

Баяндаманы талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мектептердегі «Жаппай оқыту қоры» қаражатының жұмсалуын бақылау, мемлекеттік қызмет көрсету саласында әлі де ашықтықтың жоқтығы, т.б. мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелері Мирамкүл Бибітоваға көкейіндегі сауалдарын да жеткізді: мысалы, заңбұзушылыққа жол беріп, жауапқа тартылып жатқан қызметкерлер арасында қай партия мүшелерінің көбірек екендігі, т.б. Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, жауапқа тартылған қызметкерлердің партиялық құрамына әзірге талдау жасалмаған.

Қорытындысында, мемлекеттік органдарға олардың қызметін пайдалану барысында азаматтарға қолайлы жағдай жасау, «Электронды үкімет» веб-порталы мен арнайы мобилді қосымшаларды пайдалануға қатысты белсенділікті арттыру шараларын қолға алуға қатысты ұсыныстар берілді.

Жиында қоғамдық өмірге, түрлі мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүрген бір топ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями