Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Тауға шыққандарды кім құтқаратынын ойлап көрдіңіз бе — Батырлар арамызда

Дата: 25 мая 2019 в 12:33 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Тауға шыққандарды кім құтқаратынын ойлап көрдіңіз бе - Батырлар арамызда

«Мамыр айында үш досыммен бірге тауға жорыққа шықтық. Жорықты Көк Жайлаудан бастадық. Осы жерде сызбалы көрсетіліп жазылған картаның көмегімен Батарейканы, Үш ағайындылар және Құмбел шыңын бағындыруға ой туған еді. Ол шыңға жетер жолда ауа райы бұзыла бастады. Тауға көтереліміз деп кештің батқанын байқамай қалдық. Онда тас қараңғы және суық болды. Сөйтіп амал жоқ құтқарушылардың көмегіне жүгінуімізге тура келді. Адасып қалмау үшін жедел құтқару жасағына қоңырау шалдық. Олардың көмегінсіз біз қалаға жетпес едік. Егер де құтқарушылар уақытында бізді таппағанда онда біз үсіп қалуымыз мүмкін еді». Бұл Құмбел шыңында адасып кеткендердің бірі айтып берген әңгіме. 

Бұл оқиға биыл 19 мамырда болған. Алматыда орналасқан Республикалық жедел-құтқару жасағына тауда адасып қалған бір адам қоңырау шалып, Көк-жайлау үстіртінен өтіп Құмбел шыңына барғандарын айтқан. Олар 4 адам болған. Шыңнан түсу кезінде олар тау соқпағынан адасып кеткен. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ол күні тауда қар жатқан және жаңбырлы күн болған. Оқиға орнына 7 құтқарушы аттанған. 

«Біздің бөлімге сағат 18:24-те Көк Жайлауда жоғалған бірнеше адам туралы ақпарат түсті. Біз сағат 18:30-да жасақтың территориясынан Құмбел шыңына бет алдық. Сөйтіп 1 сағаттың ішінде шыңға жақындап, іздеу жұмыстарын жүргіздік. Оларды табу үшін әуеге дабыл ракетасын ұшырдық. Осылайша біз оларға жақын екенімізді білдіргіміз келді. Жол бойы олармен ұялы телефон арқылы байланыста болдық. Ал сағат 21:05-те үш қыз және бір ер баланы таптық. Оларға алғашқы көмекті көрсеттік. Шыңнан арнайы автокөлікке дейін түсу де қиын болды. Себебі түнгі уақытта жол дұрыс көрінбейді, оған қоса қар аралас жаңбыр жауды», — дейді жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Дмитрий Денисов.  

Осылайша құтқарушылар, қиын климаттық жағдайда қалып қойған 4 адамды дер кезінде тауып, оларды тас қараңғыда таулы аймақтан аман-есен алып шыққан. 

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жалпы жедел-құтқару жасағына бір күнде бес немесе он шақыртуға дейін түседі. Көбіне жылы мезгіл кезінде. Олардың айтуынша, әрбір құтқару жұмысы маңызды, себебі таразының бір басында адамдардың өмірі тұрады. Тауда қалып қойған адамдар түрлі табиғи-климаттық өзгерістерге байланысты зардап шегуі мүмкін. Мысалы қалың қар немесе жаңбыр жауса таулы аймақта жүру қиындап кетеді.  

Құтқарушы Тахир Искаков биыл 5 мамырда болған оқиға жайлы айтып берді. Көк-жайлауға демалуға шыққан 3 қыз сонда түнеуге шешім қабылдаған. Бірақ түнгі уақытта қар жауып, олардың шатырын қар басып қалған екен. Оларды құтқаруға Тахир Искаков пен оның әріптестері барған.  

«Үш қыз жаңбыр басталған кезде шатырларының астына кіріп кеткен. Бірақ жаңбырдан кейін бірден қар жапқан.  Тауда жауған қалың қар олардың таудан өздігімен түсуіне кедергі болған. Оларға 4 құтқарушы болып көтерілдік. Қыздар бізге шатырлары орналасқан жерді ұялы телефон арқылы жіберді. Ол шыңға жету үшін екі сағат кетті. Себебі қар тіземізге дейін жетті, жолымызды тазалауға тура келді. Оған қоса түнгі уақыт болды. Мен оларды көргенде салқындап қалғанын байқадым. Киімдері де су болған. Қайтарда көлігімізге жетуге де екі сағат кетті. Жолда өзендерді де кешіп өтуге тура келді, қыздарды қолымызға көтеріп жүрдік. Кейін көлікке жеткенде оларға ыстық шай мен жылы киім бердік», — дейді ол. 

Осылайша жедел-құтқару жасағының қызметкерлері түнгі уақытта қалың қарға қарамастан үш қызды таулы жерден алып шыққан.

Құтқарушылар өз жұмыстарын атқару кезінде әртүрлі қауіпті жағдайларға мән бермейтінін айтады. Олар жұмысқа оралғаннан кейін ғана қателескен кезде шыңнан құлап түсер едім немесе мұзбен бірге ойылып түсуім мүмкін еді деген ойлар туындайды дейді. Ведомсвто өкілдері құтқарушылардың альпинист және акваланг оқу-жаттығуларын әрдайым өткізетінін айтады. Сонымен қатар олар зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсете алады.

Солардың бірі 2008 жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істеп жүрген Бауыржан Арыстанбаев. Ол бірнеше қауіпті құтқару жұмыстарына қатысқан. Құтқарушы екі жыл бұрын Шымбұлақта қалып қойған екі адамды әріптестерімен бірге алып шыққан. 


Бауыржан Арыстанбаев. Құтқару бөлімінің басшысы

«Біздің жасаққа кешкі сағат 7-де Шымбұлақтағы тау шыңында екі адам қалып қойғаны туралы ақпарат түсті. Ол жаққа құтқару тобымен бір сағатта жеттік. Әйел адам мен ер жігіт Школьник шыңына шығып, кейін өздері түсе алмаған. Бізге тұрған жерлерін көрсету үшін жарық шамын жағып тұрды. Маған және әріптестеріме шыңның дәл астынан көтерілуге тура келді. Бірақ құзды шың болғандықтан жоғарыға көтерілу қиынға соқты. Өңделмеген тау тастарынан тұратын шыңға көтерілдік. Шыңнан құлап түсу қаупі болды. Екі адамды түсіру үшін кешкі сағат 8-ден таңғы 8-ге дейін еңбек еттік. Олардың қасына түнгі сағат 3-те жеттік», — дейді ол. 

Бауыржанның айтуынша, бұл құтқару жұмысына 4 адам қатысқан. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын сақтап екі адамға жіп байлап, олармен бірге шыңнан түскен.

Кейіпкеріміз таулы аймақтарда құтқару жұмысы бір-екі адаммен бітпейтіндігін айтады, ол әріптестерімен бірге шатқалдан 12 оқушыны құтқарған екен. Ал кейбір уақытта құтқарушылар шыңға жету үшін тікұшақтарды да пайдаланады. 

«Кейде таудың орналасқан ерекшелігіне қарай біз арнайы техникаларға жүгінеміз. 2017 жылы тамыз айында Ине тұйықсу шыңында 5 альпинст қалып қойған. Бұл туралы ақпарат бізге таңғы уақытта түсті. Оның біреуі тас тиіп жарақат алған екен. Ол шыңға біз тікұшақпен бардық. Альпинист тұрған мұздыққа біз тікұшақтан секірдік. Өте қауіпті жағдай болды. Себебі мұздықтың түбі ойыс болуы мүмкін. Барлық қауіп-қатерге қарамастан біз адамдарды ол жерден аман-есен алып шығып, жұмысымызды абыроймен атқардық деп санаймын», — дейді Бауыржан Арыстанбаев. 

Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері әртүрлі қауіпті жағдайда қалған адамдарға жасаған көмектерін ерлікке жатқызбайды. Олар адамның өмірін сақтап қалу бірінші міндетіміз дейді. Олардың сөзінше, өмір мен өлімнің арасында арпалысып, адамдардың өмірін сақтап қалу кезінде құтқарушылар өз қауіпсіздігін ұмытып кетеді. Амал не, кейде өздері де зардап шегеді.

Айта кетейік, Tengrinews.kz «Батырлар арамызда» жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz.

Жоба ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями