Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Қазақ телевизиясына жарқын жұлдыз сыйлаймыз деп едік». Мүшел жасында қаза тапқан Бағлан Құтжан жайлы

Дата: 20 мая 2019 в 18:43 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



Өткен аптада «Балапан» телеарнасының жас жүргізушісі Бағлан Құтжан жол апатынан қаза тапқан болатын. Балаларға арналған бағдарламалар арқылы танылған ол алғашқы «мүшелі» — 13 жасында дүниеден өтті. Тengrinews.kz тілшісі Бағланның қысқа ғана ғұмырын еске алады. Бағлан жайлы туыстары мен өзі жүргізуші болған телеарнаның директоры әңгімелеп берді.

«Бәріне де үлгеріп жүретін»

Бағлан Құтжан 2006 жылы 4 наурызда Ақтөбе облысы, Алға қаласында өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Ғалымбек Басшиев — әнші, ал Ләйла Басшиева балабақшада музыка жетекшісі болып қызмет етеді. Бағлан — отбасының тұңғышы. Жас жүргізушінің екі қарындасы мен бір інісі бар.

Бағлан мектеп табалдырығын Ақтөбедегі № 21 мектеп-гимназиясында аттады. 2014 жылы отбасымен Нұр-Сұлтанға қоныс аударып, 3-сыныптан бастап №2 орта мектебінде оқыды.

Оның телеарнадағы карьерасы 2017 жылы қаңтарда басталды. Сол кезде «Балапан» телеарнасына қабылданған. Кейін актерлік шеберлік бойынша «ММ» орталығынан сабақ алды. Одан бөлек, қазақ радиосында «Балдәурен» балалар интерактив ойынын жүргізді.

Сонымен қатар, Бағлан спортта да бірнеше жетістікке жетті. 2015 жылдан бастап велоспортқа қатысты. Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер болды. Соңғы жылдары баскетбол және қазақша күреспен айналысқан.

«Бағлан спортта да, өнерде де, білім жолында да үнемі алға ұмтылып, бәріне де үлгеріп жүретін. Оның бос уақыты болған емес. Футболға да қызығып, барлық жаңалығын қалт жібермейтін. Барлығын білгісі келетін. Белгілі бір уақытта шахмат пен тоғызқұмалаққа да қатысып, оны да үйреніп алды. Мектепте де озат оқушы болды. Қоғамдық іс-шараларға белсене ат салысты», — дейді оның ағасы Әділбек Құламан.

Бағын ашқан — «Балапан»

Бағлан Құтжан түрлі салада табысты болғанымен, оның бағын ашып берген «Балапан» телеарнасы еді.

Телеарна директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, Бағлан екі жыл бұрын жүргізушілерге арналған кастингте 300 баланың ішінен оза шауып, ерекше болмысымен, мінезімен дараланып, іріктеп алынды. Содан бері ол тікелей эфирде «Ойлан, тап!» бағдарламасын, «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Біз де бала болғанбыз» хабарларын жүргізген. Ал былтырдан бері «Дұрыс-бұрыс» бағдарламасында жүргізуші болды.

«Осы бағдарламалар ішінде «Біз де бала болғанбыз» хабарын ерекше атап өтуге болады. Бұл бағдарламада Бағлан еліміздің үлкен тұлғаларымен иық тірестіре сұхбат жүргізді. Оның ішінде Мырзатай Жолдасбеков, Тоқтар Әубәкіров, Ермахан Ыбыраймов сынды қоғамымыздағы маңызды тұлғалардан сұхбат алды. Оның сол кездегі әңгімені үйлестіруіне, сұрақ қоюына олар ерекше тамсанатын. Бағлан өзінің жасынан әлдеқайда ақылды, білімді еді», — дейді Мақпал Жұмабай.

Телеарна басшысының айтуынша, 2018 жылы Бағланның қатысуымен «Дұрыс-бұрыс» бағдарламасы эфирге шықты. Оның пилот нұсқасы арнайы Бағланның жүргізуімен өткен. Ол кішкентай көрермендерге ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін әр түрлі жағдайлар арқылы көрсетуге негізделген. Бұл бағдарлама балалар арасында сұранысқа ие болды. Оның атауы «Дұрыс-бұрыс» болғанымен, көбі оны «Бағланның кеңестері» деп атап кеткен. 2018 жылы түсірілген бағдарлама қазір телеарна эфирінен көрсетіліп жатыр.

«Біз Бағлан осы саланы жалғастырса, қазақ телевизиясына жарқын жұлдыз сыйлаймыз деп ойлайтын едік. «Балапанның» қазіргі жұлдызы ертең ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын табатын тұлға болады дегенбіз. Болашағынан зор үміт күттік. Оның жарқын бейнесі, үздіксіз шыңдалу жолы біздің көз алдымызда өтті. Оның өмірлік жолы мен үлгісі «Балапан» телеарнасының тарихында қалады», — дейді телеарна директоры.

Актер болуды армандайтын

10 мамырда сағат 17:30 шамасында Нұр-сұлтан мен Қосшы тасжолы бойында Бағлан велосипедпен жүріп бара жатқан. Бірақ ол жүк көлігі қағып, ауыр жарақаттар алған. Ауруханаға 1-деңгейдегі кома жағдайында жеткізілді. Содан есін жимай, 16 мамырда таңғы уақытта қайтыс болды. Қазір осы жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.


Суреттер марқұмның туыстарынан

Ал марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 18 мамырда Ақтөбеде өткен. Қаралы жиынға «Балапан» телеарнасының өкілі, Бағланның сынып жетекшісі мен велоспорттағы жаттықтырушысы қатысқан.

20 мамырда отбасының Ақтөбедегі үйіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бағланның ата-анасы мен туыстарына көңіл айту хаты келді.

Жол апатынан қаза тапқан Бағлан Құтжан телеарнаға келген жылдары журналист болуды, кейін актер болуды армандайтын еді...

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями