Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Мұнда үш адамның бірі ғана шыдайды». Кремний алқабында тегін оқып жүрген қазақстандық

Дата: 17 мая 2019 в 16:53 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

\"Мұнда үш адамның бірі ғана шыдайды\". Кремний алқабында тегін оқып жүрген қазақстандық

Кремний алқабы (Silicon Valley) АҚШ-тың Сан-Франциско қаласының оңтүстігінде орналасқан. Бұл қаланың тағы бір атауы — Силикон алқабы, бірақ бұл қате атау екен. Себебі ағылшынша Silicon Valley сөзін аударған кезде қате кеткен. Бірақ оған қарамастан «силикон алқабы» дәл осы күйінде сөздікке еніпті. Бұл алқаптан шыққан технологиялар әлемді өзгертті. Қазіргі кезде пайдаланып жүрген жаңа компьютер мен смартфондар сол жақта шыққан. 


© triphints.ru

Кремний алқабында танымал Apple, Facebook, Google, Amazon сынды компаниялардың штаб-пәтерлері орналасқан. Сондай-ақ онда оқу орындары мен компьютер, микропроцессор, компьютерлік бағдарламалар, ұялы телефон құрылғылары мен биотехнологияларды шығаратын компаниялар да бар.

Бұл қалада инвестициялық компаниялар да тұрақтаған. Олар жаңа технологиялық шешімге ақша құяды. Оған қоса алқаптың маңында әлемнің танымал университеттері бар. Негізінен осыған дейін алқапта Стэнфорд университетіне тиесілі индустриалды саябақ болған. 1950 жылдары ол жерге әртүрлі компаниялар келіп, ішінде жалға тұрған. Сөйтіп уақыт өте келе Кремний алқабы жоғарғы технологиялық құрылғылар өндірілетін орынға айналды.

Айта кетейік, бұл алқапта қазақстандықтар да білім алады. Солардың бірі 32 жастағы Талғат Әбдрахманов Кремний алқабында ораналасқан 42-мектепте оқиды. Ол Қарағандыда дүниеге келген. Қазақстанда екі университетті тәмамдаған. Ал 2012 жылы Америкаға аттанған. Қазақстандық бұл мектепке қалай түскенін және ол жақтағы оқу әдістемелері жайлы айтып берді. 

«Мен Кремний алқабындағы 42-мектеп туралы былтыр досымнан естідім. Сөйтіп мен ол мектепке бастапқы оқу курсына тіркелдім. Ол төрт аптаға созылады. Оған кез келген адам жазыла алады. Бұл мектеп Силикон алқабында 2016 жылы құрылған. Мектептің негізі Францияда қаланған. Мектеп студенттерді тегін оқытып, оларға жатақханасын да береді. 42-мектепте тек бағдарламашы мамандығын оқуға болады. Ал жалпы оқу бағадарламасы 1 және 3 жылдан тұрады. Оған түсу үшін ең алдымен 1 айлық қарқынды курстан өту керек», — дейді ол.

Талғаттың айтуынша, оқу орнына түсу үшін Америкада заңды тұрғылықты тіркеуіңіз немесе АҚШ азаматы болуыңыз керек. Сондай-ақ студенттік виза немесе грин карта (green card) да жарайды.

«Жалпы бағдарламашы болу оңай емес. Ал 42-мектепте оқу тіптен қиын. Берілетін тапсырмалар өте күрделі. Сонымен қатар, бір орында отырып ұзақ жұмыс істеу де оңай емес. Онда оқуға түсу де қиын. Бір айлық курстан кейін емтихан тапсырып, негізгі мамандық бойынша оқуға түсуге болады. Оны университеттің комиссиясы шешеді. Ал бір айлық курста студенттер күніне 10-12 сағаттай компьютер алдында отырып тапсырмаларды орындайды», — дейді кейіпкеріміз.

Оның сөзінше, ондағы оқу әдістемесі де бөлек. Онда әдеттегідей мұғалімдер мен бақылаушылар болмайды. Оқу кабинетінде тек студенттер мен компьютер болады.

«Бұл мектепте оқушылар жоқ. Мұнда өзіндік жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Яғни ешкім курсты түсіндіріп отырмайды. Барлығын өзің үйренуің керек. Мысалы курс басталғанда 300 студент болған. Ал қазіргі уақытта оның тек жүзі қалды. Осыдан-ақ оқу жүйесінің қиын екенін байқауға болады», — дейді ол.

Талғаттың айтуынша, Кремний алқабында білім алған студенттерді танымал компаниялар жұмысқа алуға әзір. Бірақ Facebook, Google компаниялары жақсы дипломмен келген студентпен алдымен сұхбат жүргізіп, кейін ғана компьютерге отырғызып білімін тексереді.

«Негізі бағдарламашы болу үшін жақсы университеттің дипломы керек емес. Гарвард, Стэнофрдты бітірсеңіз де, бірақ білім деңгейіз төмен болса, сізді жұмысқа ешкім де алмайды. Ал менің мектебіме келетін болсақ, мұнда бітірген студенттердің кейбірі Facebook, Google, YouTube компанияларында жұмыс істеп жатқандары да бар. Ал мен болсам Facebook немесе Instagram-да жұмыс істегім келеді. Бірақ ол үшін әлі көп еңбектенуім керек.», — дейді бағдарламашы.

Сондай-ақ Талғат оқудан бөлек сол жақтағы қазақстандықтарға көмегін тигізу үшін Facebook желісінде KazCommunity USA тобын ашқан. Оған бірнеше мың адам жазылған. Парақшада АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандықтар жұмыс, пәтер, виза, оқу жайлы ақпараттарын бөліседі. 

Кейіпкеріміз алдағы уақытта АҚШ-та қалатынын айтты. Себебі онда мүмкіндіктер көп дейді ол. Онда өмір сүру ұнайды дейді өзі.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями