Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Астана» саябағы: ағаштар неге кесілді?

Дата: 16 мая 2019 в 12:02

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Астана» саябағындағы кесіліп жатқан талдарға қатысты көшпелі брифинг өткізді. Әкімнің айтуынша, саябақтағы талдар, кейбір ақпарат құралдарында жазылғандай түп-тамырымен қопарылып, оталып жатқан жоқ, керісінше шіріген ағаштар кесіліп, жаңартылып жатыр.

— Ақтөбе қаласында мердігер компаниялардың жұмысы мен тапсырыстарды тиісті деңгейде атқаруын қадағалау мақсатында белсенді азаматтардан тұратын арнайы топ құрылған болатын. Оның құрамында 40-тан астам адам бар. Сол топ «Астана» саябағына келіп, осы жерде жасалып жатқан жұмыстарды қараған. Алайда, кейбір ақпарат құралдарына дұрыс ақпарат берілмеген, — дейді қала әкімі.

«Орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» филиалының директоры Мұрат Өтешқалиевтің айтуынша, саябақтағы талдарды кесу жан-жақты саралана отырып қабылданған шешім.

— Қала көгалсыз қалады деген уайым уақытша ғана. Себебі бұл саябақтағы талдар өткен ғасырдың 50-60-жылдары отырғызылған. Ол кезде бұл жер қаланың шет жағы еді, сондықтан, қардан, желден, шаңнан қорғау үшін қарағаштар отырғызылған-ды. Ал қарағаш 50-60 жылда әбден тозады, шіриді, уақыты келгенде оны жаңарту қажет. Сондықтан қалалық әкімдіктің бұл талдарды кесіп, жаңартып жатқаны өте дұрыс. Мен мұны кәсіби маман ретінде сенімді айта аламын. Бұл жылдам нәтиже беретін жұмыс емес, бұл жер әдемі баққа айналу үшін 3-4 жыл уақыт керек, — дейді М.Өтешқалиев.

Белсенді топ мүшелері осы саябақта мердігер «АқтөбеСпецСтройМонтаж» компаниясы шырша егу талаптарын сақтамай отырғандығын айтады. Ал аталған компанияның көгалдандыру жөніндегі кеңесшісі Д.Колтырев барлық талаптардың толықтай сақталып отырғандығын алға тартты.

— Бұл жердің құнары жоқ, ылғал аз, жердің астында өте зиян натрий тұзы бар. Сондықтан жерді құнарландыра отырып ағаш егу талаптарын қатаң сақтау керек, әйтпесе, ол қурап, өліп қалады. Бұл компания шыршаларды дұрыс егіп жатқан жоқ, — дейді «Орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» филиалының директоры Мұрат Өтешқалиев. Ал қала әкімі жұмыс дұрыс жүргізілмесе, оны тапсырыс беруші қабылдамайтынын ашық айтты.

І.Испанов «Астана» саябағын абаттандыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Саябақ реконструкциясы жобасы 2016 жылы жасалып, 2017 жылы бекітілген. Бүгінде жобаға һәм қаржыландыруға қатысты түзетулер жасалған.

— Ең маңызды мәселе — саябақты көгалдандыру. Ол үшін суару жұмыстарын реттеу керек. Жоба бойынша мұнда су Сазды өзені арқылы Ақтөбе су қоймасынан тартылады. Бұл жоба бойынша тапсырыс беруші — Ауылшаруашылығы минситрлігінің Су ресурстары бойынша комитеті. Аталған жобаға қатысты жұмыстар қыркүйекте аяқталады. Қазір саябақта адамдардың демалысына ыңғайлы болу үшін шіріген талдар кесіліп, жаңартылып жатыр. Олардың орындарына жас өскіндер отырғызылады, — дейді қала әкімі.

Жергілікті қазынадан шіріген талдарды санитарлық кесу үшін 30 млн теңге қаражат бөлінген. Тал отырғызуға 60 млн, зиянкестерді қорғау үшін 65 млн теңге қаралған.

— Бұл қаражатты мердігер компаниялар мемлекеттік сатып алу, яғни конкурс арқылы алады. Бір ерекшелігі — биыл тендерді ұтып алған компаниялар бұрынғыдай бір емес, үш жылға келісім жасайды. Яғни ағаштарды өзі отырғызып, үш жыл бойына оны күтіп-баптауы тиіс, — дейді қала әкімі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями