Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Бас жүлде иесі — Бисенғалиевтер отбасы

Дата: 16 мая 2019 в 11:52

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының І қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Шарада қала әкімі жиналғандарды Халықаралық отбасы күнімен құттықтады.

— Бүгінгі мерекеге «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық деңгейде іріктелген жеңімпаздарын марапаттау үшін жиналып отырмыз. Осы байқауға қатысқан барлық отбасыға алғысымды айтамын. Әрқашан отбасыларыңыз аман, қуаныштарыңыз көп, шаңырақтарыңыз биік болсын!

Айта кету керек, бүгінде қаламызда халықтың саны 500 мыңнан асты. Осыған орай шаһарымызда жалпы отбасылардың, оның ішінде үлгілі отбасылардың саны артып келеді. Егер елімізде ынтымақты, үлгілі отбасылар көп болса, мемлекетіміздің де іргетасы мықты болады. Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылы осы республикалық байқауда біздің ақтөбелік Нұсқабаевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сол кезде біз  марқайып, ерекше қуанған едік. Ал өткен жылы облыс атынан байқауға Димаш Құдайбергеннің отбасы қатысып, арнайы сыйлыққа ие болды. Сондықтан биыл да осы байқауда ақтөбеліктер өздерін жақсы жағынан көрсетеді деген сенімдеміз, — деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, қалалық кезеңге қатысуға 22 отбасы ниет білдірсе, оның 11-і байқау талаптарына сәйкес келіп, сайысқа жіберілген. Нәтижесінде жоғары нәтиже көрсеткен 4 отбасы облыстық кезеңге жолдама алып отыр.

Сонымен «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі бойынша бас жүлдені Бисенғалиевтер отбасы жеңіп алса, 1-орынды Қартбаевтар отбасы иеленді. Ал 2-орынға Омаровтар отбасы лайық деп танылса, 3-орын Әбілдаевтар отбасына берілді.

Шарада бас жүлдені жеңіп алған Бисенғалиевтер отбасына қала әкімі 150 мың теңгенің сертификатын, ал жеңімпаз атанған отбасыларға арнайы диплом және естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар шаһар басшысы сайысқа қатысқан Қазиевтер, Ниязбековтер, Күмісқалиевтер, Тілеулесовтер, Ескендіровтер, Көркембаевтар, Үсеновтер отбасына өзінің ризашылығын жеткізіп, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Шара соңында байқауда бас жүлдені иеленген Бисенғалиевтер отбасының үлкені, 103 жастағы тыл ардагері, кейуана Жәкібай Бисенғалиева жиналғандарға тілегін айтып, батасын берді.

Айта кету керек, Жәкібай әже биыл тамыз айында 104 жасқа толады. Бүгінде 3 баласынан 3 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Кейуана заманның қиын уақытында, ашаршылық кезінде ауылда егін егіп, мал баққан. Көп жылдар қазіргі Хромтау ауданына қарасты Новотроицк кеңшарында сауыншы болған. Жұбайы Ғабит Бисенғалиев Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бүгінде ғасыр жасаған кейуана немересінің қолында тұрады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями