Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Актриса мектеп кітапханасына сый жасады

Дата: 16 мая 2019 в 11:02

Шалқар ауданындағы №2 мектеп-гимназиясында осы білім ордасының түлегі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, актриса Майгүл Мұзбаевамен кездесу өтті. Ерекше басқосуға ардагер-ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Жиналған қауымға алдымен кеш иесінің шығармашылығы туралы әзірленген шағын бейнесюжет ұсынылды.

— Мектеп мақтаныштарына айналған түлектерімізбен осындай кездесу шараларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Кезекті кездесудің жөні бөлек. Біз Майгүлдей түлектерімізбен мақтанамыз. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Майгүл Мұханбетқалиқызының демеушілігімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында №43 ағылшын тілі пәні кабинеті қайта жасақталды. Біздің бастамамызды назардан тыс қалдырмай, білім ұясына қол ұшын беріп жатқан түлектерімізге айтар алғысымыз шексіз, — деді алғаш сөз алған мектеп директоры Гүлнар Қалдыбаева.

Ал алғашқы ұстазы Жұмагүл Әліпбекова, жоғары сыныптарда сабақ берген Дания Әленова, Сәмия Мырзалы мектеп қабырғасында оның жақсы оқығанын, қоғамдық шараларға да белсенді болғанын, ал өнерге бейімі кішкентайынан байқалғанын атап өтті. Сыныптасы Жанайдар Құдайбергенов те Майгүл туралы жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған шараның құрметті қонағы Майгүл Мұзбаева:

— Бала кезімдегі арманым — өнер адамы болу еді. Осы салаға деген сүйіспеншілігім басым болды. Бір жағынан, ұстаздық қызмет атқарған анам Ермек мені өнерге баулыды. Сахналық киімдерімді өзі тігіп беретін. Сондықтан өнер маған анамның ақ сүтімен берілді деп ойлаймын. «Ел іші — өнер кеніші» демекші, Әмина Өмірзақова, Фарида Шәріпова, Торғын Тасыбекова сынды еліміздің белгілі актрисаларына еліктеп өстім. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарым аудандық Мәдениет үйінің киелі сахнасынан басталды.

Осы білім ордасында ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алғанымды әр кез мақтан тұтамын. Және бүгінгі кездесуді ұйымдастырған мектеп ұжымына айтар алғысым шексіз, — деді.

Сонымен қатар, ол мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін тебірене еске алып, монологтар оқыды. Оқушылар да талант иесіне сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Кездесуде өнерпаз оқушылар Ердәулет Ғанибет, Нұржанар Есентай ән шырқаса, драма үйірмесінің қатысушылары сахналық көріністерін қойды. Ал республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Нұрәділ Ғазизов пен Жансая Қожагелді түлекке арнау өлеңдерін оқып, құрмет көрсетті.

Шара соңында кеш иесіне кезінде өзі оқыған кабинет көрсетіліп, оның ендігі  Майгүл Мұзбаеваның есімімен аталатыны жария етілді. Осындай құрметке риза болған актриса жерлестеріне риза екенін, алдағы уақытта да ұшқан ұясына қарайласып тұратынын айтты. Артынша ол мектеп кітапxанасына 15 кітапты сыйға тартты.

 Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.  

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями