Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Мәртөкте «Түлектер» мұражайы ашылды

Дата: 16 мая 2019 в 10:12

Жуырда №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында «Туған жерге тағзым», «Түлек.кz» акциялары аясында «Түлектер» мұражайы ашылды. Бұл игі істі осы білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер жүзеге асырды.

Көлемі жағынан шағын болғанымен, мұражайдың жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор. Тарихи-ғылыми дерек ретінде әртүрлі кезеңдерден сыр шертетін жәдігерлер, ұлттық дүниелер, мәдени құндылықтар мұнда келгендерді таңғалдырмай қоймайды.

Аталған мұражайдың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Медет Ысқақов, аудандық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов, сондай-ақ осы мектептен түлеп ұшқан түлектер мен ұстаздар, ауыл азаматтары қатысты.

Салтанатты шарада лента қию құрметі ардагер ұстаз Қыдырбай Шудабаев пен Әсия Нұртиноваға берілді. Мұнан соң жиналғандар мұражайға экскурсия жасап, ондағы жәдігерлермен танысты. Онда ежелден келе жатқан жәдігерлер мен көп жылғы тарихы бар мектеп қоңырауы, көне дәптер-журналдар, сондай-ақ 1954 жылдан бастап білім ордасында білім алған түлектердің тізімі, суреттері ілінген. Сонымен қатар сөрелерге республикаға танымал шебер Ерқосай Әбіловтің қолымен жасаған қанжары мен оның жұмыстарының суреттері, жоғары дәрежелі мұғалім, республикалық халық ағарту ісінің үздігі Рамазан Ділмағамбетовтің қолжазбалары, кітаптары, ұлағатты ұстаз Нағашыбай Ердәулетұлының мектептің 80 жылдығына арнайы сыйға тартқан «Шаңырақ» энциклопедиясы қойылған.

Мектеп директоры Бақытгүл Абдуллинаның айтуынша, ашылған мұражайдың, ондағы рухани құндылықтардың өскелең ұрпаққа берері көп, сондай-ақ бұл мектеп тарихының сақталуына да ықпалы зор.

— Мұражайда экспонаттарды жасақтау барысында біз жан-жақтағы түлектерге хабарласып, өз ұсынысымызды білдірдік. Солардың ішінде мектептің 2003-2008 жылғы түлектері ұсынысымызды қабыл алып, білім алған ордаларына тағзым ретінде осы мұражайдың жасақталуына қолдау көрсетті. Сонымен қатар 1998 жылғы түлек Ринат Жүнісов жеке өзінің атынан мұражайға 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берді, — дейді мектеп басшысы.

Салтанатты шарада ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, өнерпаздар ортада өнер көрсетті.

 Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями