Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Төрт ай нәтижесі: экономикалық өсім 5% құрады

Дата: 14 мая 2019 в 11:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Облыстың биылғы жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Есепті кезеңде өңірдегі қарышты даму жалғасын тауып, алдын ала есептеулер бойынша экономиканың 5 пайыздық өсіміне қол жеткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың баяндауынша, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң ілгерілеулер бар. Есепті кезеңде жергілікті бюджетке 34,8 миллиард теңге қаржы түсті, бұл жоспарланғаннан 8,9 пайызға артық. Бюджетті игеру 99,5 пайызға орындалған.

Облыс бойынша орташа айлық жалақы 140,5 мың теңгені құрап, 11,9 пайыз деңгейіне өсті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, орташа айлық жалақының тоқсан сайынғы өсімі жылдың аяғына дейін 12 пайыз құрауы тиіс.

«Тұтастай алғанда көрсеткіштер жоғары. Бұл — жолға қойылған жұмыстың нәтижесі. Алайда алдымызда ауқымды міндеттер тұр, оның орындалуы жұмысқа жауапты қарауға, оны тиімді ұйымдастыруға тікелей қатысты», — деді облыс әкімі жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларына арнап сөйлеген сөзінде.

Облыс басшысы әрбір басқарма бойынша ағымдағы жылы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты жоспарлар жасауды тапсырды. Биылғы жылы облыста 25 жаңа өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды, «қарапайым заттар экономикасы» саласында 400-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 570 миллиард теңге инвестиция тартып, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Жеке тұрғын үй құрылысына кемі 12 мың жер учаскесі бөлініп, 1 миллион шаршы метр немесе 8700 пәтерді пайдалануға беріп, 500 километр автожолдарды жөндеу қажет.

Кеңес барысында облыс әкімі құрылыс материалдарының сапасына айрықша көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

«Қаржының жұмсалуына тыңғылықты бақылауды қамтамасыз ету қажет, оған жұртшылықты тарту маңызды. Біз үй құрылысында, жол жөндеуде материалдар мен жұмыс сапасы жоғары деңгейде болуы үшін барлығын істеуіміз керек», — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан басқа, облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде аяқтау, елді мекендерді, әсіресе облыс орталығын көріктендіру бойынша тапсырма берді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге дайындық барысы да осы кеңесте қаралды. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева хабарлағандай, биылғы жылғы 6 335 түлектің 5178-і немесе 81,7 пайызы ұлттық бірыңғай тестіге қатысуға тілек білдірген. 493 түлек «Алтын белгіге» үміткер, тағы да 288 мектеп бітіруші үздік аттестат алуға талаптануда.

Биылғы түлектер үшін де облыс әкімінің өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша  гранты  бөлінетін болады.

Облыс әкімі мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық қажетті шараларды қабылдау, ҰБТ тапсыру үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

«Бұл мәселе үнемі бақылауда болуы тиіс. Оның ішінде балалардың психологиялық даярлығы жеткілікті болуы маңызды. Тестілеудің қорытындысы бойынша білім беру мекемелерінің  басым  және әлсіз жақтарын анықтау, мұғалімдердің біліктілік деңгейін арттыру  үшін әр мектепте кең көлемде талдау жүргізілуі керек», — деді облыс басшысы.

Облыс әкімі мектептерді 2019-2020 оқу жылына  арналған оқулықтармен қамтамасыз ету және оқушыларға жазғы демалысты ұйымдастыру туралы бірқатар тапсырмалар берді. Білім беру басқармасының  мәліметінше,  жазғы демалыспен  облыста 96% немесе 130 мың мектеп оқушысы қамтылады. Олардың 15 мыңнан астамы еліміздің және шетелдің қасиетті жерлеріне барады. Мәселен, 12-ден 14 жасқа дейінгі 20 жетім балаға демеушілік көмек көрсетіліп, балалар  Италияның Чезенатико қаласындағы сауықтыру лагеріне жіберілмек.

Оңдасын Оразалин  балаларға берілетін  жолдамалардың ашық әрі  әділ бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, басқосуда  азаматтардың өтініштері бойынша мәселелерді  дер кезінде орындау және облыс тұрғындарының әлеуметтік желілердегі шағымдарына жауап беру мәселесі қаралды.

«Азаматтардың шағымдарына жауапсыздықпен қарауға болмайды. Олар жазғаннан кейін бұл тұрғыда мәселе бар деген сөз және ол шешуді қажет етеді. Мәселелерді қараудың уақтылы орындалуы мен сапасы үнемі бақылауда болатынын естеріңізге саламын», — деді Оңдасын  Оразалин мемлекеттік орган басшыларына.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями