Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Балалар үйінен анаммен ғана қол ұстасып шыққым келді»

Дата: 13 мая 2019 в 18:53 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша



13 жасыма дейін балалар үйінде тәрбиелендім. Қазір 19-дамын. Оған дейін анам және әжеммен тұрғанмын. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты балалар үйіне түстім. Туған анам тірі, қазір қалада тұрып жатыр. Кейде хабарласып тұрамыз.

Әрине, балалар үйінде өткізген күндерім есімде. Ол жақта бәрі керемет деп айта алмаймын. Себебі саған өз отбасың сияқты ешкім қарай алмайды. Жан сырыңды ешкімге аша алмайсың. Кеңес сұрай алмайсың. Қандай да бір ойларың болса, оны жүзеге асыру мүмкін емес. Анам мені қайта алып кетеді деген үмітпен жүрдім. Балалар үйінен анаммен ғана қол ұстасып шыққым келді. Бір күні балалар үйінде бір әйелмен таныстым. Ол бізден бір қызды таңдап алып кетті. Әйел мені көрген кезде «Сен де отбасың болғанын қалайтын шығарсың. Жақын құрбыларым бар, қаласаң, олар сені өз үйіне шақырып қалар» деді. Бірақ мен бас тарттым, «Мені анам алып кетеді» дедім.

Бір күні балалар үйіне анам келді. Ауруханадан шыққан екен. Бірақ мені алып кетпеді. Керісінше, ата-ана құқығынан бас тарту туралы арыз жазғанын айтты. Мен тек «жарайды, менен бас тарттың ба — керемет. Бұл сенің таңдауың» деп жауап бердім. Бәрібір менің ойымды ешкім сұраған жоқ, ештеңе өзгерте де алмайтын едім.

1-1,5 жылдан кейін әлгі әйелді қайта кезіктірдім. Алдынан шығып, амандастым. Ол таңғалып қалды: «Сені анаң алып кетуі керек еді ғой. Әлі әкетпеді ме?» деп сұрады. Анамның менен бас тартқанын айттым. Ал ол бізден үшінші баланы алып кетуге келген еді. «Бізбен бірге барасың ба?» деп сұрады. Себебі мен бұған дейін алып кеткен қызды танитын едім. Сөйтіп, келісімімді бердім.

Жаңа отбасыға келгенімде жаңа өмір басталғанын түсіндім. Басқа балалармен де тез тіл табысып кеттім. Өз басым тез бейімделіп кететін ашық адаммын. Сондықтан жаңа отбасыма тез үйренісіп кеттім.

Өмір маған ауыр сынақ сыйласа да, адамдардан жамандық көрмедім. Шынымды айтсам, мені біреудің «жетім» деп алалаған кездері болмады. Асырап алған анамыз бәрімізге бірдей қарайтын. Өзімнің балалар үйінен келгенімді сезінбедім. Мүмкін, ол жақта көп тұрмағандықтан болар. Балалар үйінде тұрғанда да, ортақ мектепте оқыдық. Сыныптастарым да, басқалар да алалаған жоқ, өзімді бөтен сезінбедім.

Біреулер түрлі оқиғаларың болған шығар сұрайды. Шынымды айтсам, менің өмірім — үлкен бір оқиға. Көңілді әрі қызық өмір сүріп жатырмын дей аламын.

1,5 жыл бұрын тіл меңгеру үшін Қытайдың Нинбо қаласына аттандым. Жаңа бір нәрсе үйренейін дегеннен гөрі өз алдыма өмір сүріп көрейін деген ниет болды. Себебі үйде анамның қарауында боламын. Анам балалар үйіне келіп, менімен алғаш танысқанда бір қызды алып кетті деп едім ғой. Сол қыз екеуміз Қытайға аттандық. Мақсатымыз — өз бетімізбен өмір сүріп көру. Қолымыздан келді де. Ол жақта оқып жүріп, жұмыс тауып алдым. Сол ақшаға күн көрдім, анамнан бір тиын да алмадым. Тек Қытайға баруға жол шығынымызды төлеп берді. Кейін елордаға көшіп келдім.

Менің арманым бәрі айтып-айтып жауыр болған дүние шығар, бірақ менің қалайтыным — әлемдегі барлық балалар үйі жабылса екен. Ал мақсаттарыма келер болсақ — өз кәсібімді ашуды жоспарлап жүрмін. Енді қаржылық тұрғыда ешкімге тәуелді болмай, өз алдыма өмір сүргім келеді.

Білесіз бе, туған анам қайта оралуымды сұрады. Ата-ана құқығынан бас тартқан кезде менің «статусым» туралы ойлағанын айтады. Яғни, ол өз құқығынан бас тартса, маған жетім деген статус толыққанды беріледі. Бұрын үйіндінің ішінде тұрсам да, туған анаммен бірге болуды қалайтынмын. Ал қазір анамның менен бас тартуы мен балалар үйін көрген соң, онымен бірге тұруға дайын емеспін. Тұрғым да келмейді. Ол менің оралуым үшін ештеңе істеген жоқ. Сондықтан, маған ол қажет емес.

Мүмкін осыны оқып отырған жетім балалар бар шығар. Оларға айтарым: ешқашан мойымаңдар. Қолымнан ештеңе келмейді демеңдер. Алдарыңа нақты мақсат қойып, соған ұмтылуға тырысыңдар. «Жетім баласың ғой, қолыңнан ештеңе келе қоймас» дейтіндер болса, оларды тыңдамаңдар. Маңыздысы, өздеріңді табыңдар. Бұл өмірдің соңы емес. Алда сендерді талай қызық күтіп тұр.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями