Балаңызды қалай тамақтандырып жүрсіз?

Дата: 09 мая 2019 в 03:42 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Балаңызды қалай тамақтандырып жүрсіз?

Балалар арасында қаназдық, асқазан-ішек жолдары және аллергиялық аурулар көп. Соңғы жылдары тағамнан аллергияға шалдығатын балалардың қатары артқан. Себеп — экологияның бұзылуы, сапасыз тағам, тұрмыста химиялық өнімдерді жиі пайдалану.  Ақтөбе медициналық орталығындағы  балалар стационары қабылдау бөлімінің меңгерушісі, жоғары санаттағы педиатр дәрігер Сәуле Талипова мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын айтады.

ТАҒАМ АЛЛЕРГИЯСЫ ҚАУІПТІ МЕ?

Сәуле Талипова —  отыз жылдан бері бар күшін бала денсаулығын жақсартуға арнаған білікті маман. Ауруханаға түскен әрбір баланың жағдайын жақсы білетін дәрігер кейінгі жылдары аурушаңдықтың көбейгеніне алаңдаулы.

— Шындығын айтсақ, біз қатарлы адамдардың көпшілігі бала кезінде дәрігердің алдына барған жоқ. Себебі ауырмайтын едік. «Дәрігер келе жатыр» десе, қатты қорқатын адамның бірі мен болдым.  Ал қазір жағдай басқа. Балалар жиі  ауырады. Әсіресе, көктем мен күзде аллергиялық аурулар өршиді. Оның ішінде бронх демікпесінен зардап шегетіндер көп. Кейінгі жылдары тағамнан аллергияға шалдығатын балалар көбейді.  Себебі қазіргі азық-түлік өнімдерінің көпшілігі гендік модификацияланған. Құрамында консерванттар, дәмдеуіштер және жасанды қоспалары бар  тағамдар дүкен сөрелерінде толып тұр. Ал бұны жас баланың ағзасы қабылдамай, аллергия тудыруы мүмкін. Тағамнан аллергияға шалдыққан баланың денесі қызарып, бөртіп, квинке ісігі пайда болады, яғни беті, көзі қызарады, іседі. Ауруханаға осындай жағдаймен түскен балалардың ата-анасынан қандай тамақ бергенін сұраймыз. Олар күнделікті ішіп жүрген тағамдарын айтады. Бірақ әрі қарай әңгімелескенде  фастфуд және құрамында  түрлі консерванттары бар сусын, тағы басқа  өнімдерді бергенін мойындайды. Дәрігер ретінде мені алаңдататын бір нәрсе — осы, яғни балаларды дұрыс тамақтандырмау, — дейді Сәуле Талипова.

ТАҒАМ АЛЛЕРГИЯСЫНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Тағам аллергиясының белгілері әртүрлі болады. Мәселен: іштің ауыруы, іш өту, құсу; тыныс алу ағзалары бойынша: ринит, конъюктивит, бронхоспазм, тері арқылы қышу, есекжем, ісік білінеді. Бұл белгілер аллерген әсер еткен соң бірден немесе кешеуілдеп байқалады.

Тағамнан болатын аллергия көбінесе емізулі балаларды жасанды қоректендіруге ауыстыру, қосымша тамақты енгізу кезінде көп кездеседі. Бұндай кезде учаскелік дәрігермен кеңескен дұрыс.  Егер баланың ата-анасында, жақын туыстарында, яғни тұқымында бронх демікпесі болса, гипоаллергенді тағамдарды қолданғаны жөн.
Кез келген тағам адамда аллергия тудыруы мүмкін. Бірақ аллергияның ең ауыр түрі көбіне мына тағамдардан туады: сүт, жұмыртқа, балық, шаянтәрізділер, жержаңғақ, бұршақ, жаңғақ және бидай.

Аллергия — жас талғамайтын ауру.  Әлемде әрбір бесінші бала осы дерттен зардап шегеді. Балада аллергия белгісі байқалса, бірден  дәрігерге көрсету керек. Өз бетінше ем қабылдаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Сәуле Талипованың айтуынша, көктем мен күзде өсімдіктерден, ал жазда маса шаққаннан аллергияға шалдығатын балалар көбейеді. Қазірдің өзінде орталыққа күніне осы аурумен бес-алты бала түседі. Жалпы «аллергия» сөзі грек тілінен аударғанда «бөгде затқа реакция» деген мағынаны білдіреді екен.

БАЛАЛАР АСХАНАСЫ НЕГЕ ЖОҚ?

Дені сау бала — отбасының бақыты. Өкінішке қарай, қазір дұрыс тамақтанбаудың салдарынан балалар арасында гастрит секілді асқазан-ішек жолдары аурулары көбейіп тұр. Бұның соңы өзге кеселдің туындауына әкеліп соғады. Кейінгі кезде бір жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер арасында қаназдық, дәрумен жетіспеушілігі  ауруы жиі кездеседі. Дәрігердің айтуынша,  ата-аналар жергілікті жерде өндірілген және табиғи тағамдарды тұтынбайды. Жартылай дайын өнімдерді жиі пайдаланады. Нәтижесінде ең бірінші балалар зардап шегеді.

—  Бұрын балалар асханасы болды. Түрлі сүт тағамдарын жас аналар сол жерден алатын. Қазір де қалада сондай асхана ашылса, артық болмас еді. Ол уақытта асханадағы азық-түлік өнімінің сапасы қатаң бақылауда болады. Ата-ана тағамды ешқандай күдіксіз, қорқынышсыз сатып алады. Сол жерде балаға қандай тамақ беру керек, қалай тамақтандыру керектігін айтатын дәрігер-кеңесші болса, тіпті жақсы болар еді. Әсіресе жас аналарға пайдасы көп тиеді. Жалпы ауруханаға түскен әрбір жас анаға баланы қалай қоректендіру керектігін үнемі айтамыз. Бала алты айға дейін тек қана ана сүтімен қоректенуі керек. Кейде келіншектер «сүт шықпайды» деп қосымша тағам береді. Бұндай кезде шыдамды болған жөн. Көп жағдайда сүт екі айға дейін толық шықпайды. Ол үшін  сұйық тамақты жиі ішіп, қозғалысты шектеу керек. Ал бала алты айдан асқасын жемістердің езбесін беруге болады, — дейді Сәуле Талипова.

ЖАПОНИЯ БАЛАЛАРЫ ҚАЛАЙ ТАМАҚТАНАДЫ?

 Жапонияның көптеген мектептерінде асхана жоқ. Балалар түскі астарын үйден арнайы ыдысқа салып әкеледі. Ал, мұғалімдер болса, балалардың үйден әкелген тамақтары денсаулыққа зиян емес пе, соны мұқият қадағалайды. Сол себепті, жапон әйелдері арнайы сабақтарға қатысады. Ол жерде баланың ағзасына қажетті дәрумендер тамақпен сіңу үшін қандай ас әзірлеу керек және қалай даярлау керектігін түсіндіріп, үйретеді.

Дәрігердің айтуынша, аурушаңдықтың көбеюінің тағы бір себебі — қимыл-қозғалыстың аздығы.

—  Балалар қолы босай қалса телефон, планшет ұстауға бейім. Спортпен шұғылданбайды. Соның әсерінен қазір балалар арасында гипокция, гиподинамия аурулары жиі байқалады және көз ауруы көп, — дейді дәрігер.

Гипокция дегеніміз — қанға оттегі жетіспеуінен ұлпалардың өзгеріске ұшырауы. Ал гиподинамия — қозғалыстың аздығы, яғни соның салдарынан қан айналым, тыныс алу, ас қорыту жүйесінің бұзылуы.

P.S.

Тибет медицинасының емшілері «Барлық аурудың қақпасы — ауыз» депті. Ал біздің халқымыз «Ауру — астан» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Отыз жылдық еңбек тәжірибесі бар білікті дәрігер Сәуле Талипова ата-аналарға балаға тамақты талғап беруді ескертеді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями