Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Отан қорғаудың өнегесі

Дата: 07 мая 2019 в 12:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Егемен елдің өз әскерін жасақтауы, осы бағыттағы әскери доктринаны құрылымдау сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы күрделі шаруалардың бірі болғаны белгілі. Сол кезде Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы әскери академияда аға оқытушы болып жүрген Төлеу Мұхамбедияровты Қазақстанға арнайы шақырды.

Бұған дейін Кеңес армиясы қатарында талай сынақтан өткен, өзінің жігерлілігі мен табандылығы арқасында алдыңғы қатардан көрініп, тіпті академияда талай ұлттың өкілдеріне тәлім таратып жүрген оның мол тәжірибесі елімізге керек екендігі айдан анық-ты.

Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде болған кездесуде генерал Сағадат Нұрмағамбетов оған осы міндетті ұқтырды. Бұл шақыруды Төлеу Айтанұлы қуанышпен қабылдайды. Өйткені Қазақстанда тәуелсіздік туы биікке көтеріліп жатқанда сыртта жүрген оның елге алаңы көп еді.

Рас, бұған дейін әскер қатарында ширек ғасырдай қызмет етті. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

1969 жылы Ташкент жоғары әскери жалпы командалық училищесін бітіргеннен кейін Венгр Халық республикасына жіберіп, сонда жас офицердің қалыптасу кезеңінен өтті. Содан кейін Прикарпатье әскери округінде  қызмет етеді. 1978 жылы М.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түседі.  Оны бітіргеннен кейін Кавказ жеріне аттанады.

1984 жылы Төлеу Айтанұлы Ауған Демократиялық Республикасындағы шектеулі кеңес әскерлері контингенті құрамында интернационалдық борышын өтеуге өз еркімен аттанады. Мұнда 22 әскери қақтығыстарға қатысады.

— Федор Бондарчуктың «Тоғызыншы рота» фильмін көпшілік жақсы біледі. Нақ сондағы оқиғаларды біз басымыздан өткердік. Қысқаша айтқанда, әр күн сайын өмір мен өлім арпалысын сезініп отырдық. Әлі күнге дейін, ойымнан шықпайды, отыз күн ораза кезінде екі жақ та шабуылды тоқтататын,— деп сол күндерді еске алады ол.

Төлеу Айтанұлы жауынгерлік ерлігі үшін екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Ауған Республикасының «Даңқ» орденін кеудесіне тақты.

Ержүрек командирге 1985 жылы мерзімінен бұрын полковник әскери шені беріледі.

Ресейлік қаламгер Петр Ткаченконың «Афганистан болит в моей душе» атты кітабында Төлеу туралы деректер берілген. Бұл кітап 1990 жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия»  баспасынан басылып шыққан.

Осы кітапта талантты қолбасшы генерал-лейтенант Василий Филипповтың көмекшісі болған Төлеу Мұхамбедияров туралы мынадай мінездеме берілген: «Біз оны Толя дейтінбіз. Өзгеше талантты, жағдайды тез бағамдап, өзгерістерді жедел талдаудан өткізіп, ұрыс жүргізу үшін қажетті деректерді қатесіз бере алатын. Тәуліктің қай мезгілінде де сергек, шабуылға әзір жүреді. Ал демалыс сәттерінде әзілдеп, қаруластарын жігерлендіріп отыратын».

Әрине, Ауғанстанда болған қанды соғыстар оның денсаулығына әсер етпей қоймағаны ақиқат. Соған қарамастан ол емделе жүріп, өзінің бойындағы білімі мен тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес.

Алматыда даңқты қазақ батыры Қасым Қайсеновпен кездескенін жыр қылып айтады. «Ерекше туған ер еді ғой ол. Әңгімелерін тыңдадым, мінезі де ерекше еді. Оның жанында болу ерлік сабағын алумен бірдей еді» дейді.

Талғат Бигелдиновтің есімі Ақтөбедегі әуе күштері институтына берілген кезде осында батырмен бірге келіпті.

Төлеу Мұхамбедияров отставкіге шыққаннан кейін туған мекен — Ақтөбеге оралды. Осында медициналық университетте әскери кафедрада сабақ берді, әуе күштері институтында болашақ ұшқыштарға жол көрсетті.

Бүгінде құрметті демалыстағы Төлеу Айтанұлы жастарға Отан қорғаудың маңыздылығын сөзімен де, ісімен де көрсетіп жүр. Студенттермен, мектеп оқушыларымен жиі кездеседі. Сондай әңгіме барысында сонау 1965 жылы Қ.Жұбанов атындағы Жұрын орта мектебін бітіргенін, Сақыш Қоғабаева секілді аяулы ұстаздан тәлім алғанын мақтанышпен айтып отырады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями