«Әнім саған туған ел»…

Дата: 01 мая 2019 в 11:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


 «Әнім саған туған ел»…

Кремльде өткен жеке концертінде Димаш Құдайберген Аймұраттың «Аққуым» әнін орындап, Украинада аталған әннің бейнебаянын түсірген болатын. Осылайша, қазақтың маңдайына біткен бағы Димаш арқылы қазақ әні, Аймұраттың әні жер-жаһанға, шартарапқа тарап кетті…

Әлемді ұйытқан әсем сазды әуенді жақында ақтөбелік өнерсүйер қауым автордың орындауында тыңдайтын болады. Мамырдың 4-і күні Ақтөбедегі Өнер орталығында сазгер, әнші Аймұрат Мәжікбаевтың «Әнім саған, туған ел» атты жеке шығармашылық концерті өтеді. Біз 20 жылдан бері үлкен сахнада ел ықыласына бөленіп, өнер көрсетіп жүрген Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрінің солисі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының көркемдік жетекшісі Аймұрат Мәжікбаевпен әңгімелескен едік. Сонымен…

Кеш қонақтары, қос оркестр, бір хор… 

«Әнім саған, туған ел» ән кеші Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына арналған тарту болмақ. Жалпы кеш бағдарламасы 3 бөлімнен тұрады: 20 ән орындалады. Оның жетеуі — Аймұраттың әндері.

Кеш қонақтары — Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Жадыра Арыстанова. Сондай-ақ, әндер Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қайырғали Қожанбаев негізін қалаған А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалады. Сонымен қатар филармонияның қазақ камералық хоры өнер көрсетеді.

— Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің 100 өнерпазы, камералық оркестрдің құрамындағы 27 адам, сондай-ақ, қазақ камералық хоры да бар, осындай өнер ұжымдарының сүйемелімен ән айту кез келген әншінің бір бақыты. Әрі жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені, алдыңда — мыңдаған көрерменің, тыңдарманың отыр, ал артыңда жүзден астам адам әніңді сүйемелдейді, солардың ортасында жанды дауыста ән шырқау үлкен жауапкершілікті талап етеді, — дейді Аймұрат Мәжікбаев.

Кеш шымылдығы Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» әнімен ашылып, Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әнімен  жабылады.

Алғашқы бөлімде А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен 6 ән шырқалмақ.

— Белгілі ақын Мұхтар Құрманалиннің сөзіне жазылған композитор Қайырғали Қожанбаевтың әні «Гүлдәурен» —  өнер қуып қалаға келгенде айтқан алғашқы әнім. Оны Қанат ағам әкеліп берген болатын. Көп көрерменнің алдында шырқаған алғашқы әнім болғандықтан, қай концертте де осы әнді орындаймын. Сонымен қатар Александр Зацепиннің «Абзал ана» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен айтамын. Бұл әнді бұрын-соңды оркестрге салмаппыз. Сондай-ақ, «Елге сапар», «Асыл аға»  сынды әндерімді де оркестрдің сүйемелдеуімен орындаймын, — дейді әнші.

Кештің екінші бөлімінде шырқалатын әндерді ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Ермекбаев жетекшілік ететін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қазақ камералық оркестрі сүйемелдейді.

Бұл бөлімде жұртшылық «Аққуым» әнін тыңдайды. Сондай-ақ Шәмшінің, Шарль Азнавур, Арно Бабаджанянның әндері қалықтайды.

— Концертке келетін көрермендердің арасында өзге ұлт өкілдерінің де  болатынын ескеріп, бірыңғай дәстүрлі форматта өтпесін деп бағдарламаға Шарль Азнавур, Арно Бабаджанянның шығармаларын да енгіздім. Бірқатар әндерді Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева екеуміз дуэтпен орындаймыз, — дейді Аймұрат.

Үшінші бөлім әнші-сазгердің туындылары мен репертуарындағы әндерге арналмақ. Оларды Аймұраттың шәкірттері мен өнердегі інілері шырқайды. Туған жері — Мұғалжар ауданынан «Жем самалы» тобы келеді.

— Концертімде қазір арамызда жоқ Қази Жасекенов, Есен Дәуітұлы, Бекен Серікбай сынды ұстаз, ағаларымды, сондай-ақ белгілі журналистер Әлімбай Ізбай, Әмір Оралбай ағаларымды еске алып, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Байқамаймыз» әнін орындаймын.

Былтыр «Бақытты бала» фестивалі өткені белгілі. Ұйымдастырушылар сол фестивальдің әнұранын жазуды өтінген болатын. Сөйтіп, «Бақытты бала» әнін жазған едім. Қазір бұл ән кең ауқымды шараларда шырқалып, осы әннің желісінде тамаша композиция көрсетіліп жүр. Көбіне бұл туындыны  «Саз» балалар студиясы мен «Самұрық» би тобының 150 өнерлі жасы бірлесіп орындайды.

Кеш соңын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» әнімен аяқтаймын, — дейді әнші.

Самғай ұшқан «аққуым»

Арада ширек ғасыр өтсе де тыңдарманын жоғалтпаған ән — «Аққуым».

— 1994 жылы Димаш дүниеге келсе, «Аққуым» әні де сол жылы шығарылған еді. «Аққуым» —  жігіттің махаббат монологі. 

Қазіргі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 2000 жылы алғаш рет студенттер театры ашылды. Орал-Қосай Байсеңгір аталған театрдың режиссері әрі көркемдік жетекшісі болды. Сол жылы  Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасы сахналанды. Қойылымның премьерасы Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен болатын. «Аққуым» әні сол спектакльге арқау болды. Оның сөзін  досым Орал-Қосай Байсеңгір жазды. «Аққуымның» сөзін жазғанда Орал біраз қиналыпты. Үйінің ең төменгі қабатындағы бөлмеде (подвал) отырып, бір апта дегенде әзер жазып бітіріпті.

Сол кезден бастап ән жастар арасында тез тарап кетті.  Сондай-ақ, «Рауан» қазақ радиосында жиі қосылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаевты өзіме үлгі тұттым. Студент кезімізде Қанат ағамыздың қасынан шықпайтын едік, «Димаш-Али» шығармашылық студиясына жиі баратынбыз. Сол студияда жүргенде бала Димаш бұл әнді қасымызда жүріп, бойына сіңірген шығар. Димаш «Аққуымды» мектепте оқып жүргенінде айтқысы келген. Біз оған: «Саған «Аққуымды» айтуға әлі ерте, бұл — махаббат туралы ән» дейтінбіз. Кейін Димаш «Аққуымды» Майра Мұхамедқызымен дуэтпен орындады. Кремльде шырқады. Киевте бейнебаян түсірді. Интернет желісінен білетініміздей, «Аққуым» әнін Димаштан естіп, өзге ұлт өкілдері де айтып жатыр. Өзімнің аяғым жетпеген жерге әнімнің жетіп  жатқанына қуандым… Өнер адамы үшін бұл үлкен жетістік, — дейді сазгер.

Аймұраттың әндері

2010 жылы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы 50 жылдық мерейтойын кең ауқымда тойлады.

— Телеарнаның сол кездегі директоры Раукен Отыншин «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының әнұранына лайықтап ән жазуға өтініш білдірген болатын. Әннің сөзін белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жазды. Сөйтіп, телеарна әнұранын Марат Әйтімов, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Жұлдыз Нұрқасымова, мен және телеарнаның журналистері орындады. Ән «Димаш Али» студиясында жазылды, — дейді Аймұрат Мәжікбаев.

Ол — балаларға арналған «Таңшолпан», «Бақытты бала», «Құлыншағым» әндерінің де авторы. Жалпы Аймұрат Мәжікбаевтың 20-ға жуық әні бар.

— Жаныма жақын ән — «Сағынышым — анашым». Мұны қазір «Елес» тобының әншісі Өмірбек Елеков орындап жүр, — дейді Аймұрат.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Поделитесь новостью с друзьями