Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Цифрлық мектеп» — білім саласын автоматтандырудың бірегей жобасы

Дата: 25 апреля 2019 в 11:12


Әлемде жаңа дәуір басталды: цифрлық дәуір.  Болашақта бізді роботтар, жасанды интеллект әлемі күтіп тұр.

Дамыған елдерде роботтандыру, жасанды интеллектті енгізу мәселелері жылдам дамып, қоғамның барлық салаларына «ақылды» инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Бүгінде әлемнің 20-ға жуық елінде ұлттық цифрландыру бағдарламалары қабылданған. Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Дания секілді елдер ұлттық экономиканы цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда келеді.

Қазақстанда  2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оны жүзеге асырудың бес бағыты белгіленді: экономика саласын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйе құру.

Астана қаласындағы инновациялық зияткерлік технологиялар академиясының директоры Нұралы Құдайбергенұлының айтуынша,  цифрландыру бірнеше деңгейден тұрады: ақпараттандыру, автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект дәрежесіне көтеру. Қазіргі кезде Қазақстан қоғамы соның қай деңгейінде? Экономика, билік, саясат, өндіріс, әлеуметтік сала — тұтас қоғам жасанды интеллект игіліктерін қашан көреді? Осылардың ішінде болашақтың іргесі қаланатын білім саласында цифрландыру деңгейі қандай? Осы тақырыптар төңірегінде инновациялық жоба — білім берудің электронды зияткерлік «Цифрлық мектеп» технологиясының авторы Нұралы Құдайбергенұлымен сұхбаттасқан едік:

— Қазақ қоғамының алдында тұрған міндеттердің бірі — экономикалық дамудың жаңа моделінің негізінде білім саласының сапасын арттыру. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты — адами капиталды сапалы дамытуға септігін тигізеді. Елімізде білім саласында ақпараттандыру жұмыстары 1997 жылы басталды. Сол жылы Білім саласын ақпараттандыру бағдарламасына сәйкес, бюджеттен 154 миллион теңге қаражат бөлініп, еліміздегі мектептер тұтастай компьютендірілді. Мен осы бағдарламаны әзірлеген үш адамның бірі болдым. Бүгінде елімізде білім саласы  айтарлықтай деңгейде компьютерлендірілген, мультимедиялық және интерактивті технологиялар енгізілген. Бірақ бұл цифрландырудың бірінші — ақпараттандыру сатысы. Алдымызда автоматтандыру, роботтандыру һәм жасанды интеллект игіліктерін енгізу мәселелері тұр. Бұл жұмыстар қалай атқарылып жатыр?  Осы мақсатта «Цифрлық мектеп» бағдарламасын әзірледім. 2010 жылы Талдықорған қаласында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған кезде Елбасына «Цифрлық мектеп» бағдарламасының алғашқы нұсқасын көрсеттім. Қазақстанның мектептері мен колледждерінде оқыту мен оқуды мүлдем жаңа жүйелі деңгейге көтеретін білім берудің электронды зияткерлік «Цифрлық мектеп» технологиясының әлемде ешбір баламасы жоқ. Біз білім алуға кіріскен сәттен бастап-ақ оқушы зерделейтін әлемнің нақты бет-бейнесін, яғни  әрбір заттың қасиетін, сол қасиеттерге ие элементтердің және сол элементтердің өзара  байланысын көрсететін нақты жүйе жасауымыз керек. Сонда ғана оқу материалдары белгілі бір жүйеге біріктіріліп, бала әлемнің объективті моделін көре алатын болады. Біздің «ноу-хоу» дәл осыны қалай жүйелі жасауға негізделген.

Жоғарыда айттық, мұндай бағдарлама еш жерде жоқ. Бұл әлемде бар басқа бағдарламалардан әлдеқайде бөлек. Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания және Еуропаның өзге де мемлекеттерінде жекелеген элементтерден, яғни олармен жұмыс істеуді барынша қиындата түсетін түрлі бағдарламалардың «мозаикаларынан» тұратын интерактивті модель ғана пайдаланылады. Ал бізде толықтай автоматтандырылған.  Оқыту мен оқуға бірыңғай жүйелі әдіс енгізу, педагогтардың тұтастығына басымдық беру және Қазақстан ұстанатын зайырлы мемлекет философиясымен тығыз ықпалдасу, міне, бұл — барлық өзге шетелдік білім беру технологияларынан мен ұсынып отырған «Цифрлық мектеп» технологиясының бірегей басымдығы.

Бұл жоба бірнеше жылдардан бергі қазақстандық-ресейлік ғалымдардың серіктестігі нәтижесінде жасалды. 1970-1980 жылдары белгілі қазақ ғалымы Баянғали Әменұлы Қойшыбаев адамның ойлауын қалыптастыруда жасанды интелектіні қолдануды қарастырды. Кейін 1990-2000 жылдары Пермде ресейлік ғалым Олег Мухин   «Стартум» деген жаңа деңгейдегі компьютерлік  бағдарлама жасады.

Бастапқыда екі ғалым бөлек-бөлек, бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істеді. Кейін екеуі Пермьде кездесіп, білімдерімен бөліскеннен соң әлемге жаңалықтарын жария етті, ол — жасанды интеллект тілі әдістемесінің жасалуы.

«Цифрлық мектеп» бағдарламасы осы екі ғалымның жасанды интеллект саласындағы ортақ ғылыми идеялары негізінде туындады. Ол  «Стратум» жобалау тұғырнамасында жұмыс істейді. Бұл —  көпқызметті жасанды интеллекті құруға болатын цифрлық мәдениеттің жаңа деңгейі.

— «Цифрлық мектептің» артықшылығы неде?

— «Цифрлық мектеп» жобасы үш бөліктен тұрады. Бірінші — зияткерлік цифрлық оқулықтар. Бұл дегеніміз —  тұрақты түрде жетілдіріліп тұратын, редакциялауға, толықтыруға болатын цифрлық оқулықтар. Оның өзінің бағдарламаға кіріктірілген репетиторы, тапсырмалар генераторы, орындалған тапсырмаларды бақылау жүйесі, тапсырмалардың шешімдері, имитациялық модельдер, конструкторлар бар. Екіншісі — цифрлық білім картасы, бұл арқылы білім, икемділік, дағды, мета-құзыреттелік, оқушының зияткерлік дамуының деңгейін, жеке траекториясын анықтауға болады. Үшіншісі — мониторинг жүйесі. Бұл жүйе баланың жетістіктерін бақылайды, оны саралау арқылы баланы алдына қойған мақсатына қарай жетелейді.

Назарбаев зияткерлік мектебі стандартының үш маңызды ерекшелігі бар. Ең басты ерекшелігі — мұнда ғылыми кабинеттер толық жабдықталған. Физика, химия, биология, тағы басқа кабинеттердің толық жабдығы бар. Оған үлкен қаржы жұмсалады. Біз осы деңгейде бірнеше пәнге ортақ лабораториялық құрылғыларды тиімді қаржыға қоятын жүйе жасап, оны бір кабинетке сыйдырдық. Яғни аз қаржымен үлкен мәселені шешуге болатын жол таптық. Екіншіден, Назарбаев зияткерлік мектептерінде барлық оқушыларда, оқытушыларда ноутбуктер бар, олардың ақпараттық дәрежесі өте биік. Осы бағытта біз қарапайым мектептерде «Цифрлық кабинет» ашып, оған Nur Otan партиясының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан ІТ кластар, ақпараттандыру, автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект енгізу мәселелерін шоғырландыруды қарастырдық. Бұл — екінші шешім. Үшіншіден, Назарбаев зияткерлік мектептерінде цифрлық басқару жүйелері арқылы баланың өз қолымен әртүрлі нәрселер жасауына болатын кабинеттер бар. Біз осындай креативті кабинеттің үлгісін жасадық. Егер қаржы жағынан жетіспеушілік болса, осы үш кабинетті бір кабинетке сыйдыру үлгісі тағы бар.

—  «Цифрлық мектеп» арқылы бала сабақты қалай оқиды? Жүйелеп, жіліктеп түсіндіріп кетсеңіз?

— «Цифрлық мектеп» кешенді жүйесіне барлық пәндер, барлық сыныптар кіріктірілген. Мәселен, бір кітапты ашып қарайық. Оның ішіндегі барлық тақырыптар, барлық сабақтар балаға түсінікті, қарапайым беріледі.  Оқушы компьютер алдында отырып  түрлі есептерді, тапсырмаларды өзі шығарады. Мәселен, молекуладан ДНК құрастыру, Қазақстанның климатын қалыптастыру, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының тарихы желісін өзгерту. Осылайша, бала оқу нысандарының модельдерімен ойнау, олардан жаңа жүйелер құру арқылы әлемді таниды.

Ең басты сәттердің бірі — мониторинг. Балалар тапсырмаларды орындай бастаған кезде олардың әрбір іс-қимылы тіркеледі және компьютер арқылы зерделеніп отырады. Жасанды интеллект баланың орындау деңгейін, дұрыс-бұрыстығын тексеріп, автоматты түрде бағалап, оны картаға түсіреді. Мұны «білім картасы» деп атаймыз. Одан бөлек «дағды картасы», «есеп шығару картасы» секілді бірнеше карталар болады. Осы карта арқылы бала да, ата-ана да, мұғалімдер де баланың оқу үлгерімін көріп отырады. Бағалардың барлығы автоматты түрде ұстаздың журналына түседі. Яғни бағаны мұғалім қоймайды, жасанды интеллект анықтайды, яғни бұл жерде автоматтандырылған объективті әділ бағалау болады деп айта аламыз. Сонда мұғалім жасанды интеллект арқылы баланы жан-жақты бағалай отырып, толып жатқан қағаздарды толтырудан құтылады.

Компьютер оқушының бүкіл оқу процесі барысындағы секунд сайынғы іс-әрекетін өлшеп, оқу аяқталғаннан кейін нақты кәсіп түріне баланың қабілетін, талантын және бейімін анықтай алады, нәтижесінде оқушының, сыныптың, мектептің, ауданның, қаланың, облыстың,  бүкіл елдің ықпалдастырылған рейтингі алынады. Оқушының бұл рейтингі үнемі жаңарып отырады. Осы арқылы Қазақстан азаматтарының бірыңғай зияткерлік рейтингі жасалады. Ал оны колледжге, жоғары оқу орнына, сонымен бірге өзімізге белгілі адамның білімділігі мен  зияткерлік деңгейінің шынайы критерийлері ретінде жұмысқа қабылдауда пайдаға жаратуға болады.

«Цифрлық мектеп» кешенді жүйесін енгізу нәтижесінде біз ауылдық мектептерде оқитын балалардың деңгейін қала мектептеріндегі балалардың білім деңгейімен теңестіре аламыз. Сонымен қатар стандартқа сай оқу-білімнің мазмұнын кіргіземіз. Оған қоса жасанды интеллект элементтері бар цифрлық заманауи кітаптарды енгіземіз. Бұл арқылы білім алу балаға өте тиімді болады, яғни баланың жаңа білімді қабылдауы жеңілдейді. Аталған технология бойынша мұғалімдер де, ата-аналар да, білім сапасын қадағалайтын органдар — білім басқармалары, білім министрліктері де балалардың білімін терең зерттейтін ақпараттарды алып отырады. Осылайша  Қазақстанда білім сапасының индексін автоматты түрде анықтай аламыз. Жаңа бағдарлама арқылы анықталған білім стандарты бізге білім траекториясын жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде оқушыға лайықты білім бере отырып, мемлекеттің еңбек ресурсына қажетті мамандарды даярлай аламыз.

Жаңа кешенді жүйе заманауи технология негізінде жасалды. Ата-ананың «қалаймын» (яғни, мысалы: «баламның физик, химик болғанын қалаймын»), баланың қабілетіне сәйкес «ұнайды» (яғни, мысалы: «маған тілдерді оқу ұнайды») және мемлекеттің білім жүйесіне сәйкес, «міндетті» (яғни, бала мынадай білім алуға міндетті) деген секілді үш тармақ қарастырылған. Бұл жүйе бойынша баланың қабілетін бірінші сыныптан бастап анықтауға, сол арқылы баланы өзінің қабілетіне байланысты оқытуға басымдық беріледі.

— «Цифрлық мектеп» технологиясы бойынша жұмыс істеу үшін міндетті түрде интернет қажет пе? Әлде балалар офлайн режимінде де жұмыс істей бере ме?  Және бұл технология қандай да бір мектептерде енгізілді ме?

—  Бұл жүйемен жұмыс істеу үшін кәдімгі қарапайым компьютерге Виндоус арқылы жоғарғы дәрежелі «Стартум» тілі орналастырылады. Бағдарлама арқылы мұғалімдер программистің көмегіне жүгінбей-ақ жаңа есептер құрастырып, кітапқа енгізе алады. Мұғалім енгізген есептер автоматты түрде өзі программаланады. Бір айта кетерлігі, балалар бұл жүйе бойынша офлайн режимде де жұмыс істей береді. Кейін ғаламтор қосылған кезде жасалған жұмыстардың барлығы автоматты түрде мұғалімге жөнелтіледі.

Бұл технология  әзірге еш жерде енгізілген жоқ. Бірақ оңтүстік өңірлерде мектептерде енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ресейдің бес-алты өңірінде осындай жүйе арқылы оқытылып жатыр. Мәселен, Пермьде осы кешеннің енгізілуі нәтижесінде физика пәні бойынша сапа мен жетістіктер 15 пайызға артқан. Бұл кешеннің мақсаты да осы — білім сапасын арттыру. Болашақта осы жүйе негізінде роботтар жасағымыз келеді.

— 1970-80 жылдары қазақ ғалымы Баянғали Әменұлы Қойшыбаев «БАСТАУ» — Білім Амалдарын Сапалы және Тиімді Атқаруды ұйымдастыру жүйесін жасаған. Бұл — жасанды интеллектінің теориясы.  Белгілі ресейлік ғалым, әлемде еш баламасы жоқ «Стратум» жобалаудың субъекті-бағдарлы тілін жасаған Олег Мухин Қойшыбаев дүниеден озған кезінде «Земля лишился гения» деп айтты.  Қойшыбаевтың ұстазы — «СПУТНИК» және «СКАЛАР» ғарыштық жүйелердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің бас құрылымын әзірлеуші Побиск Кузнецов.  Мен ғалым Кузнецов 75 жасқа толған кезде Мәскеуге барып, оның үйінде бір апта жатып, еңбектерімен таныстым, пікірлестім. Ғалым маған барлық мұрасын аманат қылып тапсырды: «Мен еңбектерімді аманаттайтын адам таптым!» деп қуанды.

Міне, менің ұстаздарым осы кісілер. Мен жасаған авторлық жоба осы дүниелердің негізінде дайындалды. Бұл технология осы саладағы инновациялық жоба болып отыр.

— Білім саласын цифрландыру бағытында ең бірінші компьютер тілін (ақпараттандыру тілін) қолдандық. Компьютер тілінде тек команда беріледі. Бұл деңгейде автоматтандыру бағдарламаларын жасау өте қиын. Сол үшін біз алгоритм дәрежесіне (автоматтандыру тіліне) көштік. Қазір бұл тілде барлық программистер программалар жазып отыр. Ал енді осы программистерге білім саласын басқаруды цифрландыру туралы мақсат қойылып еді, оны  атқару қиынға соқты. Себебі ол үшін басқа «тіл» керек. Бұл субъектілі-бағыттандырылған тіл (роботтандыру тілі) деп аталады, ол нұсқаумен жұмыс істейді. Яғни бұл тұста алгоритмдік тіл емес, нұсқаулық тіл керек. Біздің кешен осы нұсқаулық тілде жазылған. Сондықтан бұл интеллектуалдық дәрежедегі кешен болып есептеледі. Содан кейінгі ең жоғарғы тіл — бұйрық тілі. Ол — агентті-бағдарлы тіл (жасанды интеллект тілі). Бұл дәрежеде жасанды интеллектілер жұмыс істейді. Міне, біз ең жоғарғы деңгейге көтерілуіміз керек.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями