Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбелік кәсіпкер қаланың 150 жылдық мерейтойына жерүсті өткелін тарту етті

Дата: 11 апреля 2019 в 10:12 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ақтөбе қаласындағы «Гүлдер әлемі — Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлішер Исматуллаев Мәншүк Мәметова атындағы көше бойына жаяу жүргіншілер үшін жерүсті өткелін салып берді. Кәсіпкер бұл жобаны қаланың 150 жылдық мерейтойына тарту етті. 

Ақтөбе қаласының 12-шағын ауданында орналасқан жерүсті өткелін салу жұмыстары былтыр жазда басталғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты құрылыс 3-4 айға созылған. Кәсіпкердің айтуынша, жоба құжаттарын әзірлеуге Ақтөбе қалалық әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліпті.

— Мәншүк Мәметова көшесіндегі жол төрт жолақты. Бұл маңда саябақ орналасқан. Жаз айларында демалыс саябағына шамамен 500-600 адам келіп тынығады, балалар ойын алаңдары да бар. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жергілікті билік осы маңнан жаяу жүргіншілер үшін жерүсті өткелін салуды ұйғарды. Ол үшін жобаның сметалық құжаттарын, сызбасын әзірлеуде қалалық әкімдік қолдау көрсетті. Құрылысын былтыр бастаған жерүсті өткелін қалалық әкімдік балансына тапсырдық. Барлық жұмыс нормаға сәйкес жүргізілді, мемлекеттік сараптамадан өтті, — деді Әлішер Исматуллаев.

Әлішер Исматуллаев жерүсті өткелі Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына тарту ретінде тұрғызылғанын айтады. Жоба құны — 13,5 миллион теңге.

Ақтөбе қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғалидің айтуынша, қазір Ақтөбеде жаяу жүргіншілер үшін 3 жерүсті жолы салынды. Оның екеуі Әлия Молдағұлова даңғылында орналасқан.

— Мәншүк Мәметова көшесі бойына салынған жерүсті жолында лифт жоқ. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жол белгісі қойылған тұста жаяу жүргіншілерге арналған жолақ қала бермек, — деді ол.

Әлия Молдағұлова даңғылы бойындағы екінші жерүсті өткелінің лифт құрылысы жақын күндері қолға алынбақ. Р.Төреғалидің айтуынша, лифт әйнектен жасалғандықтан, құрылысты қыс мезгілінде жүргізу мүмкін болмапты. Биыл сәуір айында бұл жұмыстар толығымен аяқталып, үшінші жерүсті жолы пайдалануға берілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

По сообщению сайта Ақтөбе газеті