Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Облыс тұрғындарының бәріне тең қызмет ету үшін келдім

Дата: 11 апреля 2019 в 09:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне сұхбат берді. Бұл  — оның  Ақтөбе облысының әкімі ретінде БАҚ өкілдеріне беріп отырған тұңғыш сұхбаты. Біз әңгіме барысында жұмыспен қоса Оңдасын Сейілұлының жеке болмысына да үңілгенді жөн көрдік.

Дамыған елдерде халыққа қызмет ету орталықтары — кешегі күннің әңгімесі. Ал бізде…

— Оңдасын Сейілұлы, бұрын аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет істеген адам ретінде өңірді бес саусақтай жақсы білесіз. Облыс басшысы болып тағайындалғалы бері облыс орталығы мен барлық ауданды аралап шықтыңыз. Сіз Президент Әкімшілігінде еңбек еткен он екі жыл ішінде не өзгеріпті? Не түйдіңіз?

— Әрине, ол кез бен қазіргі уақытты мүлде салыстыруға келмейді. Айырмасы — жер мен көктей. Облыс орталығындағы басқармалардың есебін тыңдап, аудандарды түгел аралап шыққанда байқағаным, көп нәрсе, адамдардың түсінік-танымына дейін түбегейлі өзгерген. Біз жиырма жыл бұрын бір қоғамдық формациядан екіншісіне ауысып жаттық, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік, сол кездегі басты мәселе — жалақы мен зейнетақы төлеу еді.  Елбасының сындарлы саясатының арқасында ол күндердің бәрі артта қалды.

Қазір біздің сол кезде түсімізге де кірмеген дүниелер болып жатыр. Көптеген ауылдарға газ тартылып, орталықтандырылған  су кіргізілді. Мектеп, балабақша, аурухана, бассейнімен бірге дене шынықтыру кешендері салынды. Сол кездерде аудан орталығында бассейн салынады десең, бетіңе күле қарар еді.

Мысалы, Әйтеке би ауданын алайық. Теміржол тартылып, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қаласының арасын жалғайтын күре жол салынғасын бұл ауданның жағдайы күрт өзгерді. Жұртшылық өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Комсомол селосында өткен кездесуде бір ақсақал газ тартылып, су кіргізілгені үшін мемлекетке алғыс айта келіп, енді аудан орталығындағы үйлерге ортақ канализация жүргізу туралы ұсыныс айтты. Осыдан он бес-жиырма жыл  бұрын осындай ұсыныс қойылады деп  ойлап па едік? Демек, елдің жағдайы жақсарды, ендігі жерде халықтың талап-тілегі де жоғары болады деген сөз. Тұрғындардың жақсы өмір сүруге деген ынтасы қуантады. Біз соған лайық болуымыз керек.

Жалпы барлық ауданды аралағанда,  көптеген істердің атқарылғанын көріп, риза болдым. Бұл — маған дейінгі басшылардың жан аямай еткен еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылда Бердібек Машбекұлының бастамасымен  көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылғанын халық айтып отыр.

— Аудандарды аралап шыққасын, ең алдымен қолға алынуға  тиіс шаруаларды бір саралап алған шығарсыз?

— Әрине. Барлық аудандардағы өзекті мәселелер ұқсас — жол, газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, жалақының өсуі. Қазір осы мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жасауға тапсырма бердім.

Бізге ең әуелі жол мәселесін реттеу керек. Зерттеулер мен әлеуметтік желідегі қызу талқылаулар соны көрсетіп отыр. Біздің жолдардың жағдайы Кеңес өкіметінің кезінде де аса жақсы бола қойған жоқ. Анау Әйтекебидің немесе Ырғыздың тұрғындары таңертең шыққаннан Ақтөбеге кешке әрең жететін. Рас, Тәуелсіздік алғалы біраз жол салынды. Бірақ бұл мәселе әлі түбегейлі шешілмей тұр. Бұны, әсіресе, Қандыағаш — Шалқар жолын жүріп өткендер жақсы түсінеді. Мен жағдайды толық сезіну үшін барлық ауданды  әдейі көлікпен араладым. Республикалық деңгейдегі жолдар екі-үш жылда ретке келіп қалар, біз аудан мен ауданды, аудан мен ауылдарды жалғайтын жолдарды да түзеуіміз керек. Ал әзірге «Бізде жол жоқ, бағыттар ғана бар…» деп бейнелі түрде айтылған сөзбен келісуге тура келеді.

Газ кіргізіліп, су тартылуға тиіс, байланыспен қамтамасыз ету керек ауылдар әлі де көп. Әсіресе, қазіргі заманда интернетсіз күн көру қиын. Біз жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп өсіреміз десек, олардың заманауи технологияны меңгеруіне жол ашуымыз керек. Ал бізде қалай? Қолдағы ақпар бойынша, біздегі барлық елді мекендер интернетпен қамтылған, бірақ, өкінішке қарай, көбі жұмыс істемейді. Ауылдық жердегі бір кітапханаға барғанда, мен компьютерді қосып, Википедияны ашып беруді сұрадым,  қызметкер қызарақтап қалды. Кейін оның жұмыс істемейтінін мойындады. Бұндай жағдай бірнеше жерде қайталанды.

«Цифрлық Қазақстан» — мемлекеттік қызметті мейлінше оңтайландыруға арналған бағдарлама. Қазіргі заманда балабақшаға кезекке тұру, дәрігерге жазылу деген дүниелер электронды түрде жүргізілуі тиіс. Сонда, біріншіден, тиісті мекеменің алдында топырлаған кезек болмайды, екіншіден, әр адам өзіне тиесілі мемлекеттік қызметті дер кезінде ала алады, яғни уақыттан ұтады. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі. Мысалы, Елордада электронды құжат қабылдауға көшкен сәтте-ақ әкімдіктерге келетін халықтың саны 20 пайызға азайған. Демек, біз өңірде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын толыққанды жүзеге асыруымыз керек.

Тағы бір мәселе, қоғамды тәрбиелеу. Әсіресе, ұстаздарымыздың білім деңгейін көтеруіміз  керек. Бізде әртүрлі діни ағымдарға еретін, екпеге қарсы шығатын топтар пайда болды. Ата-ананы тыңдамайтын балалар бар. Аудандарды аралағанда өзге ұлт өкілдерінің ақсақалдары мынадай бір пікір айтты: «Ауылға жағдай жасалды, тағы да көп шаруа істейміз деп жатырсыңдар, рақмет. Бірақ жастар ауылдан жаппай кетіп жатыр, сонда әлгі жағдайды кімге арнап жасап жатырсыңдар…». Бұл да ойланатын мәселе. Біз ата-баба дәстүрін, ұлтымыздың жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да басты бағыты — осы.

Әлеуметтік желілерді шолып отырып байқағаным, біз бір-бірімізді сыйламайтын болып барамыз. Есті пікірге құлақ қойып, қостаудың орнына керісінше, мұқатуға, жер қылуға дайын тұрамыз. Әсіресе, мемлекеттік қызметші белгілі бір оқиғаға қатысты пікір білдірсе, оны жерден алып, жерге салады. Әрине, кейде оның өзінен де болуы мүмкін, бірақ барлық жағдайда олай емес қой. Әлеуметтік желі арқылы айқай-шу шығарып, атқарушы билікті ықтырып, қалайда өз дегенімен жүргізуге тырысатындардың да бар екенін көріп отырмыз. Бұл мәселені ашық айтуымыз керек. Біз, мемлекеттік қызметшілер, өз позициямызды қорғап үйренуіміз қажет. Істеген істі жоққа шығару, сын айту оп-оңай. Бірақ бір уақ дәл осы шаруаны  өзім қалай істер едім деп те ойланған жөн. Әрине, болсын, осы істі жақсартуға септігім тисін деп айтылған сынның орны бөлек. Оны біз қуана қабылдаймыз. Ал енді «тисе терекке, тимесе бұтаққа…» деп не болса, соны айта беруге болмайды. Біз бір елдің тұрғындарымыз ғой. Ниеттестік болуы керек. Ауызбіршілік болған жерде бәрі де болады.

— Әлеуметтік желі демекші, жақында фейсбукке тіркелдіңіз. Парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе? Жалпы әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы не айтасыз?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі басшыларға әлеуметтік желілерге тіркелуі керектігі жөнінде тапсырма берді. Бұл халықпен етене жұмыс істеу қажеттілігінен туып отыр. Өйткені мұнда кез келген адамның тікелей лауазымды тұлғаға шығып, арыз-шағымын айтуға мүмкіндігі бар. Бірақ фейсбук — көбіне жеке қарым-қатынас құралы. Ал жұртшылықпен байланысты негізінен әкімдіктің сайты атқаруы керек. Өкінішке қарай, бізде оның жұмысы ақсап тұр. Мен «Зерде» ұлттық инфокоммуникация өкілдерін шақырып, методологиялық көмек көрсетулерін сұрадым.  Себебі, жоғарыда айтқанымдай, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халыққа  барлық мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілуі керек. Бұл кез келген адамның шығынын азайтады, мысалы, ол лауазымды тұлғаға  немесе тиісті органға барып, уақытын жоғалтпайды, бюрократиялық кедергіге тап болмайды. Әлемдік өлшеммен алып қарасақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзі — кешегі күннің әңгімесі. Финляндия, Эстония сияқты елдерде бұндай орталықтарға халықтың 15 пайызы ғана барады екен. Онда да егде адамдар ғана. Ал қазіргі жастар үйде отырып, жолда келе жатып, қолындағы смартфон арқылы барлық мәселені шеше береді. Бізде, өкінішке қарай, олай болмай тұр. Бірақ бірте-бірте соған келуіміз керек.

Фейсбукке оралайық. Қазір көптеген адамдар маған әлеуметтік желі арқылы тікелей шығуға мәжбүр. Ал менде күні бойы фейсбукте отыруға мүмкіндік жоқ. Өйткені облыс әкімінің жұмысы — күні бойы адамдарды қабылдаудан, тиісті құрылымдардың есебін тыңдаудан, белгілі бір мәселелер бойынша жиналыс өткізуден тұрады. Сондықтан мен фейсбукке көбіне жол жүріп бара жатқанда қараймын. Ал бізде жолдардың жағдайын өздеріңіз білесіздер. Кейде қойылған сұраққа жауап жазбақ түгілі, оқып шығудың өзі мұңға айналады. Тіпті қате кетіп қалуы мүмкін, сондықтан өз оқырмандарымнан алдын ала кешірім сұраймын. Мен жалпы жазған дүниемнің тыныс белгісіне дейін мұқият қарайтын адаммын, өйткені ұстаздарым солай үйреткен. Өзім қол қойған кез келген қағазды әбден сүзгіден өткіземін. Себебі оның бірі маған сабақ берген ағай-апайлардың да қолына түсуі мүмкін ғой. Сонда олар: «Біз сені солай үйретіп пе едік…» — десе,  не деймін (күледі).

Сондықтан фейсбукті мен негізінен үйге келгеннен кейін қараймын. Жұмыстан өте кеш келсем де, бәрін шолып шығып, әрбір сұраққа жауап беруге тырысамын.

— Жұртшылықты не алаңдатады екен?

— Жеке басының мәселесімен хабарласатындар сирек, негізінен ортақ дүниелерді жазады.

Кадр мәселесінде асығыстықты ұнатпаймын

— Оңдасын Сейілұлы, жұртшылық арасында облыс әкімі ауысқаннан кейін жаппай өзгертулер болады деген түсінік қалыптасқан. Қазір біраз аудан әкімдері мен басқарма басшыларының ұйқысы қашып жүр деп естиміз. «Ана ауданның әкімін алып тастайды екен…», «Мына басқарманың басшысы жұмыстан кетеді екен…» — деген  әңгімелер де желдей есіп тұр. Жалпы кадр таңдағанда қандай критерийге сүйенесіз?

— Барған жерімде астан-кестен өзгеріс жасайтын адам емес екенімді сыралғы адамдар біледі. Біріншіден, бұл жерде адамның тағдыры тұр. Екіншіден, белгілі бір адамға баға берместен бұрын оны егжей-тегжейлі танып, білу керек. Әрине, әрбір басшыға талап қойылады.  Енді сол талаптарға келейік. Ең алдымен, ол өз ісін жақсы білетін кәсіби маман болуы керек. Сосын жұмысына адал, таза болуы тиіс. Инновацияға бейім болуы қажет. Міне, осы үш талаптың үдесінен шыққан адам жұмысын жалғастыра береді.

— Ауыл шаруашылығы туралы әңгімелессек. Аталған саланың алдына

қандай міндеттер қойып отырсыз?

— Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. Облыста оның жемісін жеп отырған ірі агроқұрылымдар да, қол жеткізе алмай отырған ұсақ шаруашылықтар да бар. Біз оларға тиісті көмектің жетуі үшін жұмыс істеуіміз  керек.

Енді азғантай күндерден кейін егіс маусымы басталады. Биыл 805 мың гектар жерге егін еккелі отырмыз, техника жеткілікті, жеңілдікпен берілетін 8,5 мың тонна жағармай әзір тұр.

Біз  тәуекелді  аймақта  тұрамыз. Сондықтан шығатын дақылды ғана егуіміз керек. Егіс мәдениетін меңгеруіміз қажет. Осы ретте көптеген шаруашылықтардың тары егуге бет бұрғаны қуантады. Өйткені Шығанақтың елі ретінде бізге жұрт тарының отаны деп  қарайды. Сұраныс та мол.

Біздегі ауыл шаруашылығының негізгі тірегі — мал шаруашылығы. Мына сайын даланы төрт түлікке толтыруымыз қажет. Оған толық мүмкіндік бар. Ауылда тұрып, бір-екі сиыр мен он шақты қой-ешкі ұстау, бұл — күнкөріс. Ал малдан пайда табу үшін оның саны жиырмадан көп болуы керек. Бұл, әрине, үлкен жұмыс, оған мемлекет тарапынан қолдау қажет. Байғанин ауданында болғанымызда, бір жас жігіт қабылдауыма келді. Сексен шақты ірі қара, алпыс шақты жылқыны үш адам, бір отбасы бағып отыр екен. Мемлекеттік қолдау арқылы мал базына 6 миллион теңгеге электр желісін тартуды сұрайды. Ол тағы екі шаруашылыққа ортақ болмақ. Әңгімесін тыңдап отырып, еңбекқор жігіттің талабына қатты қуандым. Міне, осындай азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Біз үлгі тұтатын АҚШ-та осындай шаруашылықтарға арқа сүйейді. Бізде де олардың саны көбейе түссе, олар осы заманғы технологияны өндіріске енгізсе,  құба-құп.

Дәстүрлі емес шаруашылыққа да ден қою керек. Мысалы, Бестамақта бір жігіт бірнеше мың қаз асырап отыр. Қаздарының санын он мыңға жеткізбек. Сұраныс та көп екен. Елбасы жиі қайталайтын «Қарапайым заттар экономикасы» деген түсінік бар. Мысалы, бізде «АкТеп» секілді ірі агроқұрылымдар бар. Сонымен қатар әлгіндей ұсақ шаруашылықтар да өмір сүруі керек. Оларға да мемлекеттік қолдау қажет.

 

Атаулы әлеуметтік көмек тығырықтан шығатын жол емес

— Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің көлемі өсті. Облыста оған иек артып отырғандар саны аз емес. Бірақ ел арасында аталған көмек масылдық психологияны туғызады деген де пікір бар. Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін не істеу қажет?

— Қазір мемлекет бұл мәселеде кешенді шараларды қолға алғаны мәлім. Көп бала — бұл Алла-Тағаланың берген бағы, ұлттың байлығы, елдің келешегі. Облыста аталған атаулы көмекті алатындардың әлеуметтік картасы жасалды. Қазір өңірде жаңа форматтағы көмекті 30 мыңға жуық адам алады. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек, атаулы әлеуметтік көмек бұл көмек қана. Яғни тығырықтан шығатын жол емес. Менің қабылдауыма келгендердің біразы бұны түсініп отыр. Яғни адам кәсіп игеруге, табыс табуға ұмтылуы, біз соған жәрдемдесуіміз керек. Ең бастысы, атаулы әлеуметтік көмек масылдық психологияны туғызбауы керек. Мысалы, ауылда алты баласы бар отбасылар алты айда ай сайын 120 мың теңге алады. Бұл — 720 мың теңге ақша. Сол ақшаны ұқсатып, ұсақ мал, құс  алса, өздерінің игілігіне жұмсар еді.

Ал қалада жағдай басқашалау. Көрші облыстардан, өзіміздің барлық аудандардан біраз халық осында көшіп келді. Соның есебінен соңғы жылдарда қала халқы екі есе өсті. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай, екінші жағынан, проблема да туғызып отыр. Біз соны шешу үшін жұмыс істеуіміз керек.

— Облыс әкімі болып келген тұлғаны белгілі бір топ, ақсақалдар өз ықпалында ұстауға тырысады. Сізге де сондай «қысым» жасалды ма?

— Елбасы Жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі етіп тағайындалған жиында мен: «Ата-бабаның кіндік қаны тамған өңірде қызмет ету, бір жағынан, зор мәртебе, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік» деген болатынмын. Себебі бізді тәрбиелеген аға буын бар, қызметте қатар өскен азаматтар бар, ағайын-туыс, құда-жекжат бар, қызмет барысында бәрімен араласуға тура келеді. Бірақ Президент Әкімшілігінде істеген он екі жылда мен үлкен мектептен өттім. Елбасының қасында жүріп, оны күн сайын көріп жүргесін, қиын сәттерде қандай шешім қабылдайтынын көргесін, соған ұқсауға тырысасың. Облыста да сыйлайтын ағаларым, қатарластарым мен інілерім бар, олардың ұсыныс-пікірлерін, әрине, тыңдаймын, бірақ ол менің қабылдайтын шешіміме әсер етпейді. Өйткені мені облыстың әкімі етіп тағайындағасын, елдің бәріне бірдей қызмет көрсетуім керек. «Өлімнен ұят күшті» дейді қазақ. Құдай абырой берсін.

«Ақтөбенің»  Премьер-Лигада қалуы үшін барлық жағдай жасалады

— Ақтөбеде нөмірі бірінші ойын түрі — футбол. Өкінішке қарай, республиканың бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» футбол командасының қазіргі жағдайы мәз емес. Тығырықтан шығатын жол қандай?

— «Ақтөбе» футбол командасы туралы айтылғанда, оның жанкүйерлері туралы міндетті түрде сөз болады. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен әрбір ойынға жиналғандардың қолдауы еуропалық клубтардың жанкүйерлерінен бір де кем емес екендігі түрлі ортада айтылып жүр. Сол жанкүйерлердің, жалпы жұртшылықтың сүйікті командасына деген алаңдаушылығын жақсы түсінемін. Себебі команда қазір Премьер-Лигадан шығып қалу алдында тұр. Клубтағы қордаланған жағдай бір жылдың мәселесі емес. Дегенмен біз қазір кінәліні іздемей, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруымыз керек. Алдымен қарыз мәселесін шешуіміз қажет. Стадионның жағдайы мәз емес. Қолда бар мүмкіндіктермен оны жақында іске қосамыз. Бірақ кейін оның жылыту жүйесін жаңарту үшін кешенді жөндеу жүргізу қажет. Команданың рухын көтеру, жаттықтырушылар мен футболшылардың бес саусақтай бірігіп жұмыс істеуі үшін де көп шаруа қолға алынуы тиіс. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

Қазіргі басты міндет — команда жақсы ойын нәтижесін көрсетуі керек. Әзірге бюджет, демеушілер қаржысы арқылы көмек көрсетеміз, болашақта клуб өзі де қаржы тауып үйренуі тиіс. Яғни бюджетке көп тәуелді болмауы керек. Футбол — жарнамасы бар, брендтік тауарларын сатуы бар — тұтас индустрия ғой. Кез келген кәсіби футбол клубы секілді «Ақтөбе» де осы бағытқа бет бұруы тиіс. Бұл, әрине, алдағы жылдардың еншісіндегі дүние.

— Ақтөбе — әрісін айтқанда, ұлы жыраулардың, беріге келсек, қазақ әдебиетіне ерекше үлес қосқан даңқты  қаламгерлердің отаны. «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен осы өңірде туып-өскен сөз иелерінің 23 томдығы шығарылған болатын. Өкінішке қарай, бірнеше жылдан бері бұл жоба тоқтап тұр…

— Біз баяғы жырауларды тыңдап, қазақ әдебиетінің деңгейін көтерген  Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың, Ізтай Мәмбетов пен Бәкір Тәжібаевтың, Сағи Жиенбаев пен Өтежан Нұрғалиевтің, Сәбит Баймолдин мен Есенбай Дүйсенбайұлының, Қажығали Мұханбетқалиұлы мен Смағұл Елубайдың шығармаларын оқып өскен ұрпақпыз. Қазақ өлеңінде төңкеріс жасаған Төлеген Айбергенов пен көрнекті ақын Есенғали Раушановтың да атамекені — осы Ақтөбе. Біз өзіміздің талантты ақын-жазушыларымызбен мақтануымыз, олардың шығармашылығын насихаттауымыз керек. Сондықтан да бұл жоба міндетті түрде жалғасатын болады.

Жатарда, таңертең тұрғанда Құранның тәпсірін  қолға аламын

— Сізді журналистер ерекше стильмен киінетін әкімдердің қатарына қосып үлгерді. Бүгін, мысалы, қазақы бешпет киіп отырсыз. Жұрттың тек  22 наурызда ғана осылай киінетініне үйреніп қалған біз үшін бір жағынан тосын көрінсе, екінші жағынан, қазақы киімді күнделікті өмірде де жарасымды киюге болады екен ғой деген ой туғызып отыр. Киім үлгісін таңдауда арнайы маманның көмегіне жүгінесіз бе?

— Әрине, мемлекеттік қызметшінің киімі қалыпқа сай болуы керек, бірақ түрін, стилін таңдау өз талғамыңа қатысты дүние. Менің жеке пікірім, жағдайға байланысты киіну керек. Мысалы, таңертең жұмысқа бара жатқаныңда, бүгін кіммен кездесетініңді білесің ғой, киімнің түрі мен стилі соған сәйкес таңдалуы тиіс. Ал демалыс күндері еркін стильде киінген абзал. Ырғыз, Шалқардан басқа аудандарға жасаған сапарым демалыс күндеріне тура келді, киімді де солай таңдадым.

Арнайы мамандардың көмегіне жүгінбеймін, өз талғамыма сүйенемін. Кейде зайы-

бым көмектеседі.

Наурыз мейрамында ғана  шапан киіп, көзге түскенді ұнатпаймын. Себебі алған киімің тек қана мейрамда ғана емес, күнделікті өмірде де киетіндей ыңғайлы болуы керек. Мысалы, мына бешпетті елордада  жүргенімде Қытайдан келген кәсіпкер келіншектің қолынан алдым. Қонымды, бағасы да арзан, 20 мың теңге.

Облыс әкімі аудандарды аралағанда 24 елді мекенде болып, 62 нысанның жұмысымен танысты.

— Бай кітапханаңыз бар. Не оқып жүрсіз?

— Жалпы мен әртүрлі бағыттағы кітаптарды оқи беремін. Тарихи романдарға  қызығушылығым жоғары. Анықтамалық дүниелерге де жиі көз жүгіртемін, ол жұмысыма керек. Кезінде Халифа Алтай ағамыз аударған Құранды оқып шыққам, енді әртүрлі авторлардың орыс тілінде Құранды тәпсірлеген дүниелеріне көбірек ден қойып жүрмін. Қызықты деректерді ұшыраттым. Голландияда «Азаттық  партиясы» атты партия бар. Сыпайы айтсақ, ислам дінін көп мақұлдамайды. Соның екі мүшесі мұсылмандардың басты кітабын жоққа шығару үшін (!) оқи келе, ислам дініне бет бұрыпты. Міне, көрдіңіз бе, Құранның құдіреті қандай?! Жатар алдында немесе таңертең тұрғанда міндетті түрде бір-екі парағын оқимын.

— Күн сайын түн ортасына дейін, демалыс күндері де жұмыс істейсіз. Шаршамайсыз ба? Қалай, қайда тамақтанасыз?

— Иә, қазір демалуға уақыт жоқ. Бірақ таңертең ерте тұру — бала күнімнен қалыптасқан дағды. Әкем: «Тұрыңдар, таң әлдеқашан атып кетті. Адам осы уақытқа дейін жата ма екен?» — деп жексенбі күні де оятып алатын. Шешем: «Балалардың жалғыз демалысында маза бермей…» — деп күңкілдеп жүреді. Сағатқа қарасаң, таңғы сегіз (күледі). Міне, әкеміз бізді солай тәрбиеледі. Бұның кейін көп көмегі тиді…

Қанша асығыс болсам да, таңғы асты тастамаймын. Шай үстінде жолдасымыз екеуміз отбасылық мәселелерді пысықтап аламыз. Дәл қазір уақыттың тығыздығына байланысты түскі, кешкі асымды жұмыста ішіп жүрмін. Зайыбым не беріп жібереді, соны қорек қыламын (күледі).

— Оңдасын Сейілұлы, орнықты әңгімеңіз үшін көп рақмет. «Ақтөбе» газетінің ұжымы атынан жұмысыңызға зор табыс тілеймін.

— Рақмет.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті