Популярные темы

Еңбек адамы — басты назарда

Дата: 02 апреля 2019 в 10:12


Еңбек адамы  — басты назарда

Кәсіподақ

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы — еліміздегі кәсіподақ қозғалысының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин бізге  аталған ұйымның атқарып отырған іс-шаралары және алдағы жоспарлары туралы айтып берді. 

— Сатыбалды Телағысұлы, әуелі Кәсіподақтар федерациясы жұмысы  туралы айтып өтсеңіз. Өткен жыл несімен есте қалды?

— Кәсіподақ — мемлекет пен жұмыс берушіге тәуелсіз, жалдамалы жұмыскерлердің экономикалық мүдделерін, құқығын ұжымдық шарт сынды түрлі құралдармен қорғайтын қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар азаматтық қоғамға ынтымақтастық, әділдік, береке-бірлік тәрізді қажетті құндылықтарды енгізеді.

Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы — екі миллионнан астам кәсіподақ мүшесін біріктіретін еліміздегі ең қуатты және көпмүшелі қоғамдық ұйым. Федерация құрамына 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық бірлестіктер және 18 мыңнан астам бастауыш кәсіподақтар ұйымдары кіреді. Федерацияның бүкіл  қызметі демократиялық қағидаларға негізделген.

Өткен жылдың маңызды мәселелерінің бірі заңнаманы жетілдіру жұмыстары болғаны сөзсіз. Жыл бойы кәсіподақ қызметіндегі негізгі құжаттар саналатын Еңбек заңнамасы, «Кәсіптік одақтар туралы» Заң аясында өнімді жұмыс атқардық. Біз Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын жүзеге асыру үшін Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға бірқатар ұсыныстар әзірлеп, ұсындық. Мәселен, Еңбек кодексіне өндірісте еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу міндеттері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңес ұсыныстарын орындамаған жұмыс берушінің жауапкершілігі туралы нормалар қаралды.

Өзге де маңызды заңнамаларды әзірлеуге және өзгертуге қатысты елеулі нәтижелер бар. Мәселен, кәсіподақтардың бастамасымен Парламент Мәжілісі депутаттары жалдамалы еңбек мәселелерін реттеу туралы ҚР Заң жобасын әзірлеу мәселесін көтерді. Жұмыс тобының құрамына кірген Федерация өкілдері ауыр, қауіпті және зиянды жағдайда жалдамалы жұмысқа тыйым салу сынды ұсыныстар енгізді.

Кәсіподақтар үшін жалдамалы еңбектің кез-келген түрі, азаматтық-құқықтық шарттар — еңбеккерлер құқығының бұзылуы болып табылады. Азаматтық-құқықтық шартпен жұмысқа қабылданған адам еңбек демалысынан, еңбекке жарамсыздық парағынан, өзі үшін маңызды басқа да кепілдемелерден айырылады. Ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін біздің кәсіподақтар еңбектің тұрақты сипатын көрсетеді және әр жеке жағдайда мерзімсіз еңбек шарты бекітілуі үшін айқын негіз ұсынады.

Біздің заңнаманы өзгерту жөніндегі ұсыныстарымыз еңбек ұжымдарын алаңдататын нақты мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өткім келеді.

Сонымен қатар, Федерация жұмысының негізгі бағыты — кәсіподақтардың басты буыны саналатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру, жұмыс орындарында тікелей еңбек ұжымдарымен байланыс орнату. Себебі, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жұмыскерлер мен  кәсіподақ қозғалысының бірқатар мәселелері шоғырланған. Яғни біз үшін еңбек адамы — басты назарда.

Кәсіподақтарды ұйымдық тұрғыда нығайтуға және кәсіподақ мүшелерін ынталандыруға ерекше назар аударылады. Біздің ұстаным айқын: еңбек қатынастары бар жерде, еңбек ұжымы мен жұмыс беруші бар жерде, кәсіподақ болуы тиіс.

2018 жылдың өзінде 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, біздің қатарымыз 35 мың адамға артты.

— Бұл орайда еңбекті қорғау мәселесі маңызды екені белгілі. Кәсіподақтар осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

— Еңбеккерлердің қауіпсіздігі кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі екені айқын. Кәсіподақтар федерациясының негізгі ұстанымы осындай: еңбеккер жұмысқа аман-сау келіп, өз үйіне, жанұясына денсаулығы зор, жаны да, тәні де сау оралуы тиіс.

Өткен жылды Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жылы деп белгіледік. Кәсіподақтар бастамасымен барлық өңірлерде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітіліп, олар бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың өзінде еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлар 106 554 тексеріс өткізді. Еңбекті қорғау жөніндегі заңнама талаптарының 145 434 бұзылу жағдайы анықталды. 327 жазатайым жағдайдың зерттеуіне қатыстық. Бұл қадам зардап шеккендерге, кәсіподақ қарауындағы адамдар мен өндірісте зардап шеккен жұмыскерлер отбасыларына қысым жасауға жол бермеді.

Nur Otan партиясымен бірге «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау бойынша үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Мұнда еліміздегі 39 үздік техникалық инспектордың еңбегі бағаланды. Бұл байқауда Дөң кен байыту комбинаты құнарландыру және кен кесектеу фабрикасының диірмен машинисі  Юлия Айтуова жеңімпаз атанды.

— Жалпы атқарылған атқарылған шаралардың нәтижесі қандай?

— 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы зардап шеккендер саны 6,6 пайызға (1678-ден 1568-ге) төмендеді. Өлімге алып келген жағдайлар саны 11,5 пайызға азайды.

Ақтөбе облысына қарасты айтатын болсақ, 2018 жылы 14 кәсіпорында 14 адам өліміне алып келген жазатайым оқиға тіркелген. Бұл оқиғалар негізінен кен өндіруші өнеркәсіп кәсіпорындарында, құрылыс ұйымдарында орын алып отыр. 5 кәсіпорында 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. Жалпы жұмыс берушілердің кінәсі 85% құрайды.

14 кәсіпорынның біреуінде ғана кәсіподақ ұйымы бар, ал 5-еуінде өндірістік кеңес, ұжымдық шарттар тіптен жоқ.

Біз әр жазатайым жағдайды зерделеп, «Осы апаттың алдын алу үшін барлық мүмкіндікті жасадық па?» деген сауалға жауап беруіміз керек.

— Елімізде ішкі тұрақтылыққа қол жеткізу механизмдерінің бірі еңбек саласында нақты әлеуметтік серіктестік болып табылады. Әлеуметтік серіктестікте кәсіподақтар рөлі бәсең емес пе?

— Ең бастысы, қоғам жүйесінде кәсіподақтар рөлінің маңыздылығын түсіну бар. Біз ҚР Үкіметінің, республикалық үшжақты комиссияның барлық отырыстарына қатысамыз. Біз өз қызметімізде түсінушілікті сезініп, әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып жұмыс істеудеміз.

Әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін шешу кәсіпорын басшыларынсыз жүзеге асырылмайды. Сондықтан да біз әлеуметтік әріптестікті жан-жақты дамытуға және нығайтуға тырысамыз. Дегенмен, бұл оңай жұмыс емес. Тек кәсіпорын басшысы мүдделі болса ғана қажетті нәтижені көре аламыз. Мысал ретінде, Ақтөбе облысында «Восход» компаниясын ( бас директор С.Ибатов, кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Темірқұлова), «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ (басқарма төрағасы А.Химич, кәсіподақ комитетінің төрағасы В.Полинкевич) айтып өтуге болады. Бұл жұмыс орындарында басшылық пен кәсіподақ арасында өзара түсінушілік, жақсы ұжымдық шарт және толыққанды кәсіподақ мүшелігі бар. Ал егер меншік иесі уақытша болса, кәсіподақтармен байланыс орнатуды қаламаса, осының барлығы болмайды.

— Жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау құралы — ұжымдық шарт. Осы бағытта жан-жақты түсінік бере кетсеңіз.

— Ұжымдық шарт жасаудағы біздің басты міндетіміз — еңбеккерлер үшін кепілдемелерді арттыру. Ұжымдық шарттың болуы — болашаққа сенімді қарайтын, өзінің еңбек ұжымына қамқорлық танытатын, тұрақты және беделді ұйымның көрінісі.

2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республикада 97669 ұжымдық шарт бекітілген. Ақтөбе облысында 8659 ұжымдық шарт жасалған, бұл облыста жұмыс істейтін кәсіпорындардың 74,1 пайызын құрайды.

Ұжымдық шарттар бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс атқаратын 98 пайыз кәсіпорындарда бекітілген. Яғни ірі және орта кәсіпорындарда  кәсіподақ комитеті мен кәсіпорын басшылығы арасында әріптестік қарым-қатынас орнатылған дегенді білдіреді.

Дегенмен, ұжымдық-шарттық реттеумен әлі де көптеген кәсіпорындар қамтылмаған. Негізінде, республика бойынша ұжымдық шартпен қамтылу деңгейі — 40%. Қалған 60% осыған байланысты қауіп-қатер аясында жұмыс атқаруда.

— Жұмыскер мен жұмыс беруші арасында шарт бекіту күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Тараптардың міндеттері мен құқықтары ешқандай құжатпен расталмайтын жағдайлар сирек емес екені анық.

— Еңбек қатынастарын заңдастыру — жұмыскерлердің құқықтарын қорғау ісінде аса маңызды құрал. Өкінішке қарай, кейбір жұмыс берушілер еңбекақыны төлеу кезінде шығынды азайту үшін «бұлыңғыр» сызбаларды қолданады. Көп жағдайда осындай бұзылулар шағын бизнес саласында орын алады. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз: ресми еңбек қатынастары — адамның өзін-өзі қорғауы. Бұл мәселені шешу мақсатында 2018 жылғы наурызда «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы бастау алды. Еліміз бойынша келісім жасау арқылы 10 мыңнан аса жұмыс беруші 37 мың жұмыскермен еңбек қатынастарын заңдастырды. Бұл жұмыскерлердің құқығын қорғауға, оларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін заңды жолға қайтаруға мүмкіндік берді.

— Тұрақты әлеуметтік әл-ақуалды сақтау және еңбек дауларының алдын алу мақсатында не атқарылуда?

— Кәсіподақтардың бастапқы міндеттерінің бірі — қоғамдық мүдделерді теңестіру және дауларды алдын ала келісім аясында реттеу.

Кәсіподақтар федерациясы көп жағдайда келіссөз үрдісін қолдайды. Қандай да бір талаптардың шешімін табу үшін қолдағы бар мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Яғни кәсіпорын басшылығымен, билік органдарымен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен тығыз байланыс орнату керек. Ереуіл — ең соңғы амал, сонымен қатар көп жағдайда тиімді емес.

Әлеуметтік әріптестік аясында 2018 жылдың басында еңбек дауларының алдын алу мақсатында Еңбек министрлігі және «Атамекен» ҰКП бірлескен іс-әрекеттер жоспарына қол қойылды.

Ақтөбе облысына қатысты айта кетсек. Жуырда ғана жұмыскерлердің еңбекақы деңгейіне наразылығы туралы «СНПС — Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС кәсіподақ комитетінен хабарлама түсті. Ақтөбе облысы кәсіподақ орталығының уақтылы араласып, ЖШС бас директоры Хуан Юншынмен өткізген келіссөздері арқасында компания жұмысшыларының (1513 адам) еңбекақысы 25%-ға артты.

Өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және жұмыскерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында Ақтөбе облысында кәсіподақтардың қатысуымен 4800 кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Осы меморандумдар аясында өндірістік жұмыскерлер еңбекақысын құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде арттыру және индекстеу қарастырылған. Нәтижесінде 518 кәсіпорында еңбекақы артты, жұмыскерлердің қысқаруы 12%-ға төмендеді.

Осы жұмыс тәжірибесі биылғы жылы да жалғасын табуда. Орта және ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесулер өткізілді. Кездесулерде еңбек қарым-қатынастарындағы тұрақтылық, жұмыскерлердің еңбекақысын арттыру, жұмыс орындарын сақтау мәселелеріне баса назар аударылды.

— Ақтөбе облысының кәсіподақтары туралы айтып кетсеңіз?

— Олар еліміздің 17 аймағы ішінде алдыңғы қатарда тұр. Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының қызметіне қатысты ашық айтатын болсам, облыста елеулі жұмыстар атқарылуда. Бұл — облыстың кәсіподақ жетекшісі Алтынбек Әмірғалиевтің, кәсіподақ активінің және кәсіподақ мүшелерінің елеулі жетістігі. Олардың еңбектері біздің ортақ қызметімізге өз көмегін тигізуде.

 Сұхбаттасқан Нұр ДАБЫЛОВ.

Поделитесь новостью с друзьями