Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Шегірткеге шекара жоқ

Дата: 30 марта 2019 в 10:32


Шегірткеге шекара жоқ

Шегіртке — егіншіліктің қас жауы. Ол шабындық пен жайылымдық жерлерге де аз зиян келтірмейді. Сондықтан шегірткемен  күрес сынды маусымдық жұмыстар әр жыл сайын маңызды. Бұл жөнінде шегірткемен күреске байланысты құрылған штабтың төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин бейсенбі күні өткен штабтың алғашқы отырысында айтты.

— Шегіртке  жөніндегі әңгімені ерте бастап жатқанымыз, биыл қыста қар аз болды. Сондықтан жер құрғап, сәуір айының ішінде-ақ күн қызуы мүмкін. Сонымен байланысты қауіпті зиянкес шегірткелердің де биыл ерте қозғалу қаупі бар. Сондықтан біз бұл науқанға қатысты қолға алынатын маусымдық шараларға ерте қамданып, тас-түйін дайын отыруымыз керек. Егіншіліктің тағдырын шешетін бұл жұмыстарды жедел және тиімді, уақыт өткізбей жүргізу қажет. Шегірткеде шекара жоқ, оның кез келген уақытта сырттан келу қаупін де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан біз оған қарсы қатаң құқықтық заң аясында іс-қимыл жүргіземіз.

Штабтың отырысы қаралған мәселеге байланысты облыстық аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Мұрат Жаналиннің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Салтанат Өтегенованың және фитосанитарлық диагностика және болжамдау республикалық методикалық орталығының Ақтөбе филиалының басшысы Ғарифолла Жолаевтың есептерін тыңдағаннан кейін, әлі де бірқатар мәселелерге маңыз беріп, тиянақтай түсу қажеттігі байқалды. Штаб отырысында айтылған түйін — «Шегірткеден қауіп жоқ» деп, кесіп-пішіп айтуға болмайды. Өйткені біздің аймақтағы бес аудан — Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мәртөк және Хромтау  көрші Орынбор облысының Соль-Илецк, Ақбұлақ, Беляев, Қуандық, Гайский, Домбаров және Светлинский аудандарымен шектеседі. Жалпы шекараның ұзындығы 800 шақырымға жуықтайды. Бұл аталған шекаралық аймақтарда шегірткенің қаупі толық жойылған жоқ.

— Биыл облыс бойынша италия шегірткесіне қарсы 56312 гектарға, ал саяқ шегірткелерге қарсы 16190 гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Жоспарланған көлемге ауа райы мен фитосанитарлық жағдайларды ескере отырып, химиялық өңдеу жұмысына қажетті улы химикаттарға сұраныс жасалды. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясымен және Қызылорда облысымен екіжақты ынтымақтастық келісімшарттар жасалды. Бұл жұмыстар басқа шекаралас облыстармен де жалғасады, — деп мәлімдеді штаб отырысында Мұрат Жаналин.

Мамандардың айтуынша, қанатты зиянкестердің егіндіктер мен шабындықтарды отау қауіпі тек сырттан емес, еліміздің ішінен де туып қалуы әбден мүмкін. Өткен жылдың тәжірибесі  бізбен көрші Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының да қауіпсіз емес екенін көрсетті.

Мәселен, үйірлі шегіртке Ойыл мен Қобда аудандарына Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының химиялық нашар өңделген алқаптарынан ұшып келіп жүр. Күн жедел қатты ысыса Шалқар, Ырғыз аудандарының әркез қауіп сейілмейтін құмдарынан да шыға келуі ғажап емес.

Облыстық аумақтық инспекцияның деректеріне қарағанда, италия шегірткесінің даму сатысы  2016 жылдан бастап біздің облыста төмендеген. Осы өсуді одан әрі тежеуді жалғастыра беру  үшін  алда да бұл зиянкестерге қарсы тұтас кешенді шаралар жүзеге асырылуға тиіс. Өткен жылы шегірткемен күреске республикалық және жергілікті бюджеттен 178,6 миллион теңге қаржы бөлінген еді. Биыл да үйірлі және саяқ шегірткелердің  болжамды көлемін химиялық өңдеуге тиісінше қаржы қарастырылады деп күтілуде.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями