Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

«Халықтық кеңсе» орталығы 700-ден астам қызмет түрін көрсетеді

Дата: 15 марта 2019 в 12:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобы «Халықтық кеңсе» қоғамдық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттерімен жүздесті.  

Құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму

министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов бар делегацияны облыс әкімі Оңдасын Оразалин алып жүрді.
Жұмыс тобы «Халықтық кеңседе» орналасқан Цифрлық қызметтер орталығы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры филиалы, Көші-қон қызметі орталығы және мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу жұмыстарымен танысты.

Мемлекет басшысының «Жүз нақты қадам» ұлт жоспарында көрсеткен тапсырмаларын орындау мақсатында ашылған «Халықтық кеңсе» орталығы бүгінде тұрғындарға 700-ден астам қызмет түрін көрсетеді.

Бұдан соң жұмыс тобы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы жаңартылған Жастар сарайының жұмысымен танысты.

Ғимарат реконструкцияланғаннан кейін фортепиано, баян және домбыра кластары, Р.Жаманова атындағы хор өнері кабинеті, Н.Тапалова атындағы хореография залы, Музыка және хореография кафедрасы, музыкалық өнер әдістемесі, кино залы, «Aтриум» көрме залы мен «Мәңгілік ел» баспасөз конференциясы залы ашылды.

Шара қонақтары «Мәңгілік ел» баспасөз конференциясы залында Ақтөбе облысының жастар қозғалысының белсенділерімен «Мәңгілік ел жастарының әлеуеті мен мүмкіндіктері» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді. Жиында түлектерді жұмысқа орналастыру, жастарға арналған бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету, т.б өзекті мәселелер талқыланды.

Г.Әбдіхалықова бүгінде еліміздің жастарына Жастар жылы, Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бизнес бастамаларды қолдау бағдарламаларының аясында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті.

— Жастар жылының мақсаты, біріншіден, сіздердің талаптарыңызға, мүмкіндіктеріңізге жол ашу. Осы орайда республикада Үкіметтің қаулысы қабылданды. Биыл жастар мәселелеріне байланысты қосымша 26 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Жастар саясатының негізгі мәселесі — жұмыспен қамту. Жоғары оқу орнын бітірген жастар міндетті түрде жұмысқа орналасуы керек. Ол үшін университет рейтингі түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейімен анықталатын болады. Сонымен қатар Назарбаев университетінің тәжірибесін, стандарттарын еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Жалынды жастарымыз «Рухани жаңғыру» мәселесіне, дамыған елдердің қатарына қосылуға үлес қосуы керек. Сонда ғана бұл жыл нәтижелі болады деген сенімдемін. Тек Жастар жылы ғана емес, алдағы уақытта да жастардың проблемалары мен бастамалары елеулі түрде қолдау табатын болады. Өйткені жастар — біздің болашағымыз, — деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесу еркін әңгіме түрінде өрбіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

По сообщению сайта Ақтөбе газеті