Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Жұмыс тобы көпбалалы отбасылардың үйлеріне барды

Дата: 15 марта 2019 в 11:52 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жұмыс тобы көпбалалы отбасылардың үйлеріне барды

Бейсенбі күні түстен кейін Мемлекет басшысының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өңірге келген Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев және облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында азаматтарды қабылдап, көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға барды.

Әр келушіні жеке-жеке қабылдаған Гүлшара Әбдіхалықова мен Бердібек Сапарбаев оларға мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді.

Басшылыққа өз жағдайын айтып келгендердің бірі —  Мейрамгүл Мартынюк 6 баланың анасы. Жолдасы жүргізуші болып жұмыс істейді, жалақысы — 50 мың теңге. Бүгінде пәтер жалдап тұрып жатқан отбасының  балаларының үлкені 12 жаста болса, ең кішісі жасқа толмаған.

— Өзім бала тәрбиесімен үйде отырмын. Күйеуімнің табысы баспана алу үшін қаражат жинауға жетпейді. Тұрғын үй кезегіне жақында ғана тұрдым. Бұған дейін кезекке тұруға болатынын білмеппін де. Жер кезегінде тұрғанымызбен, жеріміз келген жағдайда да үй салатын қаражатымыз жоқ. Министр Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болдым. Ол кісі маған пәтерді уақытша жалға алу бойынша жүретін бағдарламаға қатыса алатындығымды айтты. Әзірше жалға алып тұрсақ, кейін өз атымызға аударып аламыз. Пәтерге төлеген ақшаны өз баспанамыз үшін салар едік. Осы мәселе бойынша облыс әкімінің көмекшісіне хабарласуым керектігін айтты. Мәселем бір-екі күндікте реттеліп қалатын сияқты, — деді кездесуде өз сұрағының шешімін тапқан Мейрамгүл Мартынюк.

Комиссия мүшелерімен кездесуге келгендердің дені көпбалалы аналар. Олардың басым бөлігін тұрғын үй мәселесі, тұрақты жұмысының болмауы, мемлекеттік қолдау туралы насихаттың аздығы толғандырды.

Азаматтарды қабылдап болған соң комиссия тобы көпбалалы отбасылардың үйлеріне  барды.

Алдымен көпбалалы, баспанасыз Жаңатуғановтар мен Меңдіғожиндер отбасына барған комиссия тобы олардың жағдайымен танысып, мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер туралы түсіндірді.

Мәселен, бүгінгі таңда пәтер жалдап тұрып жатқан Нұрлан Жаңатуғановтың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 1 миллион теңгеден астам жинағы бар. Көпбалалы отбасының «Нұр Ақтөбе» ауданынан салынған үйлерден 2 бөлмелі пәтер алуға бірден-бір мүмкіндігі бар.

Ал 4 баланың әкесі Арман Меңдіғожинге комиссия мүшелері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық үстемемен мамыр айында несие рәсімдеуіне болатындығын айтты. Бірақ басты талап — аталған банкте ашылған есепшоты болуы тиіс.

Бұдан соң Вице-премьер бастаған комиссия 3-топ мүгедегі Сұлушаш Сәндіғалиеваның үйіне барды. Бүгінде пәтер жалдап отырған жалғызбасты ана вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Айлығы шамамен 86 мың теңге көлемінде. Қосымша мүгедектігіне байланысты алатын жәрдемақысы бар. Бүгінгі таңда есепшотына 1,4 млн теңгеге қаражат жинаған жалғызбасты ана басшылықтан 2 бөлмелі пәтер алуына көмектесуін сұрады.

— Жеті жылдан бері тұрақты жұмыс жасап келемін. Бұған дейін ешкімнен көмек сұрағаным жоқ. Балам өсіп келе жатыр. Қайта-қайта үй алатын жағдайым жоқ. Сондықтан реті келсе, 2 бөлмелі пәтер алсам деймін. Банк төлем қабілетімді растамай отыр. Бірақ несиені төлей алатын жағдайым бар. Осы уақытқа дейін пәтерге төлеп келген ақшамды, өзімнің үйім үшін қуана-қуана төлеймін ғой, — деген Сұлушаш Сәндіғалиеваның мұңын тыңдаған министр Бердібек Сапарбаев, жағдайды реттеуді қала әкімі Ілияс Испановқа тапсырды.

Үкіметтік комиссия мүшелері барған келесі үй Садықовтар отбасы болды. Төрт балалы отбасы 2013 жылы Қарақалпақстан Республикасынан көшіп келген. Отағасы Қанат Садықов «Ақтөбенефтегазстрой» ЖШС-інде жұмыс жасайды. Ал жұбайы Гүлбахар Кенбаева бала тәрбиелеп отыр. Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап келе жатқан отбасы тұрғын үй кезегіне тұрмапты.

— Жолдасымның бүгінгі таңдағы табысы шамамен 50 мың теңгені құрайды. Есепшот ашып, оған ай сайын салып тұратын бізде ақша жоқ. Сондықтан ешқандай банктен есепшот ашпадық, — дейді Гүлбахар.

Көпбалалы отбасының жағдайын комиссия мүшелерімен бірге барып көрген «Ақтөбенефтегазстрой» ЖШС-ның басшысы Серік Естемісов аталған отбасына баспана алып беруге уәде берді.

— Мекеменің жұмысшыларының дені оралман азаматтар. Олардың отбасылық жағдайы бізді бей-жай қалдырмайды. Барымызша кез келген жұмысшымызды баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Компанияның негізгі жұмысы жаз айларында жүретіндіктен, қыста жұмысшыларымыздың жалақысы шамамен 50 мың теңге көлемінде ғана болады. Ал жазда барынша көтереміз, —деді Серік Естемісов.

Бұдан соң Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі Оңдасын Оразалин жалғызбасты ана Арайлым Мекетаеваның үйіне барды.

Төрт бала тәрбиелеп отырған Арайлымның жолдасы қайтыс болған. Ал ең кішкентай баласы Әминге оң аяғына туабітті «Ангиодисплазия. Лимфоквенозная мальформация» деген диагноз қойылыпты. Айтуынша, туғалы сәбиді апармаған ауруханасы қалмапты.

— Жолдасым барда Израиль емханаларында да болдық. Жуырда Мәскеу қаласында да болып ота жасаттық. Түркия мемлекетінде де болдық. Әминге кезең-кезең бойынша ем қабылдап отыру қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Ал үнемі шетелге шығып ем қабылдауға біздің материалдық жағдайымыз келмейді,— деген Арайлым басшылықтан Германияда ем қабылдау үшін квота мәселесін реттеп беруді сұрады.

Жалғызбасты ананың мұңын тыңдаған Вице-министр Гүлшара Әбдіхалықова жағдайдың комиссия арқылы шешілетіндігін алға тартып, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа тапсырма беретіндігін айтты. 

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті