Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Алмастай жарқылдап өткен Ақберген

Дата: 15 марта 2019 в 10:32 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Жүргізушіден кәсіпорын басшысына дейін

Жетпісінші жылдары облыс орталығынан шалғайдағы Ойыл ауданына жету қиямет-қайым еді. Ақтөбе-Ойыл бағытында Қобдадан әрі қарай жол асфальтталмаған. Сол себептен, көбіне жолаушы қауым қазақ айтатын «Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын» деп, жолы ұзақ, айналма болса да, Ақтөбе-Шұбарқұдық-Ойыл бағытындағы асфальт жол арқылы жүретін. Алайда бұл жолдың бір қиындығы, Шұбарқұдыққа жеткеннен кейін әрі қарай автобус жүрмейтін, әркім жолшыбай көлікке ілесуге мәжбүр болатын. Алайда ол кезде қазіргідей көп жеңіл көлік жоқ, әрі-бері жүріп жатқан жүк көліктерінің кабинасы кімге жетеді? Содан да, жиналып қалған жолаушылар бірнеше күндеп Шұбарқұдықта қамалып, сеңдей соғылысып жүретін. Бірде осылай жол азабын тартып тұрғанымызда, жолаушының бірі: «Осындағы автомобиль транспортын пайдалану мекемесінде Ақберген Насрадинов деген азамат инженер еді. Таяуда сол жігіт бас директор болып тағайындалыпты. Бұл мекемеге Байғанин, Ойыл аудандарының автокөлік мекемелері де біріктірілген. 600-ден астам адамды басқарып отыр. Ал соған кіріп, жағдаймызды айтып, көлік сұралық» деп ақыл қосты. «Бұл да дұрыс ой екен» деп, сол жерде бес-алты жолаушы ынталы топқа айналып, директордың кабинетінен бір-ақ шықтық.

Бейтаныс болғанмен, басшы бірден көзге ерекше ұшырады. Иман жүзді жігіт екен. Орнынан ұшып тұрып, аман-саулық сұрасып, жылы қабылдады. Келген шаруамызды білгеннен кейін:

— Өзіміз де таяуда тұрақты түрде күн сайын Шұбарқұдық-Ойыл бағытына автобус жүргізуді ойластырып отырғанбыз. Бүгін бір бағыттан автобус ауыстырып берелік, — деп келген жұмысымызды бірден шешіп, бітіріп жіберді.

Ақберген деген азаматпен содан былай таныс болдық. Ол туралы мағұламатымыз да молыға берді. 1940 жылы 15 наурызда Шалқар ауданының Қорғантұз ауылында дүниеге келген. Әкесі Насрадин майданға аттанып, 1941 жылдың қазанында Ленинград майданында қаза болған. Әкеден жас қалған екі ұл —Нұрмұханбед пен Ақбергенді 29 жасында жесір қалған анасы жеткізген. Қалай дегенде де, әкенің жоқтығы білінеді ғой, Ақберген де 1958 жылы Шалқар қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, отбасына қарайлап, еңбекке араласады. Табандаған 12 жыл жүргізуші болып жұмыс жасады. Осы жылдарда сүйгені Жанбөпені тауып үйленіп шаңырақ көтерді, үш бала дүниеге келді.

Кәдімгі қарапайым еңбек Ақбергеннің бағын жандырды. Әйтсе де кейбіреулердің оқта-текте айтып қалатын: «пәленшенің баласы оқымай қалды» деген сөзі жанына бататын.  Май-май болып көлік жүргізіп еңбек етіп жүрсе де, жоғары білім алу мақсаты ойынан бір шықпады. Жүйрік уақыт өз дегенін жүргізіп, бұл кезде жігіт ағасы жасына да жетіп қалған еді. Сөйтіп, тура «Орда бұзар отыз жасында» Өскемен жол-құрылыс институтына оқуға түсті. Елде қарт анасы,  үлкен отбасы бар адамның қиырдағы Өскеменде бес жыл студенттік өмір кешуі жеңіл болмады, әрине. Дегенмен, Ақберген соның бәріне төзіп, жеңді. Өмір көрген сақа студент институт қабырғасында сыйлы болды. Бірінші курстан бастап топ жетекшісі, студенттер бірлестігінің төрағасы болды. Факультеттің партбюро құрамына сайланды. Өйткені елде еңбек етіп жүргенде партия қатарына өтіп алған болатын.

Сондай абыроймен институт бітірген жас маман жолдамамен Шұбарқұдық автомобиль транспортын пайдалану мекемесіне инженерлік қызметке жіберілді. Арада жыл өткенде осы үлкен мекеменің басшылығын қолға алды. Содан бастап ширек ғасыр бойы табан аудармай осы кәсіпорында халыққа қызмет етті.

Әр жүргізушіні жанымен түсінді

Жасынан өзі де шофер болып ұзақ жыл еңбек еткен басшы қарамағындағы жүргізушілерді жанымен түсінді. Әрқайсысының тілін тауып, орын-орнына жұмсай білді. Егін бітік шыққан жылдары, шаруашылықтардың қырмандарында тау-тау болып үйіліп жататын астықты элеваторларға тасып жеткізуде ұйымдастырушылық танытты.

Ол қарапайым басшы болды, өтірік айту, ретсіз сөйлеу, орынсыз жүру, жағымпаздық сынды теріс қылықтар оның болмысына жат еді.

Осындай ерекше адами қасиеттерінің, басшылықтағы  шебер ұйымдастырушылық, халықпен тіл табыса білу қабілетінің арқасында шағын автобаза мекемесін үлкен кәсіпорынға айналдырды. Материалдық-техникалық базасын нығайтты. Қысқы мезгілде үлкенді-кішілі жүк көліктері тұратын жылы автотұрақтар салдырды. Кәсіпорынның автопаркін «КамАЗ» сынды тіркегіштері бар қуатты жүк машиналарымен, автобустармен ұдайы толықтырып отырды.

Автобазада еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салды. Кәсіпорында мал, егін, бау-бақша шаруашылығын дамытты. Жұмысшыларға арнап тұрғын үйлер тұрғызды. Кейін соған талай баспана қажетсінген отбасылар жайғасты.

Мекеме ішілік жұмысты тындырумен бірге, ауданның көркейіп, өсіп-өркендеуіне де үлес қосты. Аудан орталығындағы бірнеше көшелерге асфальт төседі. Елді мекенді, кәсіпорын айналасын көгалдандыруға араласты.

Осылайша ауданның берік тұтқасына айналған кәсіпорын жыл санап ірілене берді. Аудан орталығында өзінің жұмысшы-қызметкерлерінің балаларына арналған 100 орындық «Айгөлек» балабақшасын ашты. Жыл сайын оның материалдық жағдайын жақсартып, ұдайы қамқорлыққа алып отырды.

Халықтың назарын аударатын қызметімен кәсіпорын басшысының абырой-беделі арта түсті. Бірнеше рет Темір аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Сан мәрте облыстық партия конференциясының делегаты болды. Ең бастысы, өзі қызмет істеген аймақта әділ басшы, ел азаматы, ауыл ағасы деген атаққа ие болды. Өз ортасында, жолдас-жораларының арасында қадірі арта берді. Өзі аға тұтқан, үзеңгілес азаматтармен, жасы кіші інілерімен сыйласа білді. Ол қадір тұтқан Жақсыбай Маматов, Нұрғожа Орынбасаров, Муса Бисеналин, Нұрлыбай Көптілеуов, Рамазан Нұржанов, Асылбек Нұрмұханов, Болат Әбішев, Орынбасар Дәулембаев, Октябрь Жарқынов, Кенжеғали Толықбаев солардың қатарында еді. Ақберген өзінің жүрген ортасын, ел азаматтарын құметтеп, сыйлай білетін, өзінде сыйлата білетін. Отырған жерінде серіліктен де хабар беріп отыратын емен-жарқын азамат еді. Қолына домбыра алып ән шырқайтын, арғы-бергі өткен қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа соғатын. Думанды ортаның сәні саналатын мұндай азаматтарды  қазақ «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптейді.

Түзде тұлға, үйде өнеге

Қоғамда, түзде ерекше тұлға болған азамат, отбасында, үйде де өз үлгі-өнегесімен көрінді. Өмірін ұстаздық жолға арнаған зайыбы Жанбөпе Ізтілеуқызы екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Олардың жоғары білім алуына, өз мамандықтарын табуына жағдай жасады. Қазіргі шақта Әлібек — жоғары деңгейлі заңгер, Ақылбек — Ақтөбе теміржол бөлімінің беделді қызметкері, Мейрамгүл мен Жаннагүл — білім және денсаулық саласының мамандары, Жеңісбек мемлекеттік салада қызмет атқаруда. Бүгінде отағасының өнегесін жалғастырып, бес баланың, олардан тараған немерелер мен шөберелердің ақылшысы болып шаңырақта Жанбөпе әже отыр.

Өмірде алмастай жарқылдаған Ақберген 69 жасында дүние салды. Ақтық демі тоқтар сәтте айтқаны «Мен бұл өмірге ризамын!» деген сөз болды. Бұл да іріліктің белгісі еді.

Айтса айтқандай, мағыналы, өкінішсіз өмір кешті. Шұбарқұдықта ширек ғасырдан астам кәсіпорын басшысы болып зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, Ақтөбе облыстық көлік инспекциясында басқарма басшысының орынбасары, «Асфальт» ЖШС басшысының кеңесшісі болып қызмет атқарды.

Елдің игілігі үшін еңбек еткен азамат саналы ғұмырында үкіметтен марапат, халықтан алғыс алумен болды. «Еңбектегі ерлігі үшін» сынды бірнеше медальдардың иегері атанып, өзі қызмет істеген салалық министрліктің Құрмет грамотасымен, облыстық, аудандық партия, кеңес орындарының Алғыс хаттарын алып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, халыққа қызмет көрсететін үлкен мекемені ширек ғасырдан астам басқарған тұғыры биік тұлғаның алғаны алғыс болды. «Алғыспен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген даңалықтың тоғысар жері де осы.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями