Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Қасқыры көп ел — Қазақстан жайлы қызықты деректер

Дата: 06 марта 2019 в 20:23 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Қасқыры көп ел - Қазақстан жайлы қызықты деректер

Жүре берсең, көре бересің. Қазақтың осы сөзі бекер айтылмаса керек. Себебі біз бүгін сіздерге айтатын Қазақстан жайлы тың деректер таңғалдырмай қоймайды. 

Полицейі көп ел

Қазақстан тәртіп сақшыларының саны бойынша әлемде алғашқы ондықта! Бұл мәліметті Ұлыбританияның The Independent газеті келтіріп отыр. Зерттеуге қарағанда, Қазақстанда алтыншы орында. Санақ бойынша, 100 мың қазақстандыққа 445 полицейден келеді екен.

Ал бірінші орында көрші Ресей елі екен. Бұл елде 100 мың адамға 565 полицейден келеді. Екінші орында Түркия, ал үшінші — Италия. 

Ондықта Португалия, Гонконг, Алжир, Болгария, Словакия және Чехия елдері бар.

Газет бұл зерттеудің БҰҰ-ның есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметін негізге ала отырып жүргізілгенін жазған.

Қасқыр саны бойынша әлемде бірінші орында

Біздің елдің аумағында 13 214 қасқыр бар. Бұл мәліметте таяуда «Егемен Қазақстан» газеті жариялады. 

Ең көп қасқыр Алматы облысына тиесілі. Онда барлығы 3000 қасқыр бар. Одан кейінгі орында 2060 бас қасқырмен Атырау облысы тұр. Ал үшінші орынға Қызылорда жайғасқан.

Ең аз қасқыр тіркелген аймақ — Ақмола облысы. Ал Солтүстік Қазақстан облысында түз тағысы қалмапты. Әлем бойынша 300 000-ға жуық сұр қасқыр бар. Қазақстан түз тағысының саны бойынша алғашқы орынға енген.

Екібастұз ГРЭС-2 биіктігімен Рекордтар кітабында

Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2 — ең ірі электр станцияның бірі. Станцияның теңдеусіз құбыры 420 метр биіктікпен кезінде Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Ал өздеріңіз білетіндей, Франциядағы Эйфель мұнарасының биіктігі бар болғаны 325 метр.

Бұл жоба 94 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Станцияның меншік иесі  — «AES Сантри Пауэр Лимитед» Ирландиялық компаниясы.

Бұл компания инновациялық технология және экологиялық өндіріс қауіпсіздігін қолдануға үлкен мән бөледі.

ГРЭС-2 бірінші блогын жіберу 1990 жылы желтоқсанда, ал 1993 жылы 22 желтоқсанда екінші энергоблок іске қосылды. Бұл күн тек станцияның ғана емес,сонымен қатар қаланың да улкен тарихи оқиғасы — оны іске қосуға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

Станциямен бір уақытта энергетиктер поселкесі тұрғызылды, оны Солнечный (Күн шуағы) деп атады.

ГРЭС-2 энергиясы солтүстік Қазақстан аймағын қамтамасыз етуге арналған және республикалық электр энергиясының 15 пайызын қамтып отыр. Тұтынушылар тек қазақстандық қана емес, соған қоса Ресейдің ондаған кәсіпорыны. Олардың арасында «Қазақстан Темір жолы» РМК-сы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Ертіс-Қарағанды арнасы бар.

Тұңғыш әрі жалғыз ұйғыр театры Қазақстанда

Иә, Құдыс Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры тұңғыш әрі жалғыз. Театр Алматы қаласында орналасқан. Театр тарихы сонау 1934 жылдан бастау алады. Сол жылы театр Алматы қаласында ұйымдастырылып, 24 қыркүйекте «Анархан» атты музыкалық драмасымен шымылдығын ашады.

Ең алғаш облыстық Ұйғыр музыкалық драма театры аталған бұл өнер ордасы 1941-1961 жылдар аралығында Алматы облысы, Шелек қаласына ауысып, 1961 жылы Алматы қаласына қайта ат басын тірейді. Олар сол кездері ұлттық драмалармен қатар өзге де классикалық және аударма шығармаларды сахнаға шығарып, өнердің өресін кеңейтеді.

1964 жылы республикалық ұйғыр музыкалық драма театрына айналды да, араға үш жыл салып, ұйғыр музыкалық комедия театры деген жаңа атқа көшті. Театрға шығармашылығы Қазақстанның музыка өнерінің ажырамас бөлігіне айналған профессор, КСРО-ның халық әртісі, сазгері Құдыс Қожамьяровтың есімі 2005 жылы ғана берілді.

Ұйғыр театрының 1997 жылы Каирдағы «Египет» тәжірибелік қойылымдар халықаралық фестивалінде қатысуы театр шекарасының кеңейгенінің, оның халықаралық аренаға шығуының жарқын көрінісі. Әр жылдары театрда орыс, өзбек, қырғыз, башқұрт, әзербайжан, грузин және қазақ жазушыларының туындылары сахналанды.

Театрдың жанында «Яшлық», «Нава» және «Сада» ансамбльдері жұмыс істеді. Театр ұжымы 1984 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 2002 жылы күрделі жөндеуден өтткен театр шымылдығын қайта ашты. Театрды ұзақ жыл басқарған Мұрат Ахмадиев Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланғаннан кейін, бұл қызметке Мәдениет министрлігі талантты сазгер, «Дервиши» тобының әншісі Әділ Жамбақиевты тағайындады. Шығармашылық ұжым фестиваль, басқа да мәдени шаралар негізінде Ресей, Германия, Америка, Англия, Түркия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Пәкістан, Португалия, Финландия, Швейцария, Румыния, Болгария секілді елдерде өнер көрсетті.

Адамзат ғарышқа қазақ жерінен аттанды

Бұл асылық айтқанымыз емес, нақты факт. Іргесі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында 1955 жылы қаланған Байқоңыр ғарыш айлағынан 1957 жылдың 4 қазанында тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Ол — дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды.

Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, зымыран ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы және тағы да басқа факторлар ескерілген.

Байқоңыр — әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы — 6717 шаршы шақырым.

Ал 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» және тағы да басқа жер серіктері ұшырылған.

Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар зымырандар да Байқоңырдан аттанды. 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 3 рет (1994, 1998, 2001) болды.

Бүгін біз Қазақстан жайлы сіз білмейтін қызықты деректерді айтуға тырыстық. Келесі қызықты деректерді таяуда сайтымыздан күтіңіздер.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями