Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

25 жеке клиника тегін қызмет көрсетеді

Дата: 01 марта 2019 в 12:32 Категория: Здоровье

Тұрғындар жеке клиникаларда тегін емделе алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязованың айтуынша, биыл халыққа тегін ұсынылатын медициналық көмектің құны —  39,1 миллиард теңге. Ақпандағы мәліметке сәйкес, қор халыққа тегін ұсынылатын медициналық көмек көлемінің 18,6%-ын төлеп болған. Өткен жылы  тегін медициналық көмекке бөлінген қаржы 35,4 миллиард болса, биыл ол 4,5 пайызға артып отыр.

— Медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұсы — тек қана мемлекеттік емес, жеке клиникалар да бір-бірімен бәсеке бола алады. Былтырдан бастап  халыққа тегін қызмет көрсету үшін жеке емханалар мемлекеттік тапсырыс ала бастады. Өткен жылы  23 мыңнан аса ақтөбелік жеке клиникаларда тегін емделсе, күндізгі стационарда 186 мыңнан астам пациент ем қабылдады, — деді Гүлмира Қожаниязова.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын ұйымдарды 17 аймақтық комиссия іріктейді. Комиссия құрамында медициналық сақтандыру қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, пациенттер мен емханалардың мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар және медицина қызметкерлерінің кәсіподағы бар. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 63 медициналық мекеме халыққа тегін қызмет көрсетеді. Оның  25-і —  жеке ұйымдар. «Дару», «Қуаныш», «Еуразия», «Биос», «Медикер Илек», «Медикус центр», «Көз жарығы», «Көзқарас», «Әйгерім» және тағы басқа да жеке клиникалар қордың филиалымен келісімшарт жасасқан.

— Пациентті стационарға жатқызу үшін алдымен диагностикадан өткізеді. Содан кейін дәрігер  науқастың диагнозына байланысты  қормен келісімшарт жасаған белгілі бір ауруханаға жолдама береді. 2020 жылдан бастап сақтандырылған адамдарға қымбат лабораториялық қызметтер мен жоғары технологиялық оталар тегін ұсынылады. Сондай-ақ тегін дәрі-дәрмектер де қарастырылған. Шығынның бәрін әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді. Ал сақтандырылмаған адамдар мемлекет ұсынып отырған тегін медициналық көмекке жүгінеді. Кеңес алу мен диагностика деңгейі, яғни салалық мамандардың, терапевттің қызметі тегін болып қалады, — деді филиал директоры.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды басқарма басшысы Әсет Қалиев баяндады. Негізгі мақсат — амбулаторлы және стационарлық көмектің сапасын жақсарту, учаскелік дәрігердің жүктемесін азайту. Өткен жылы 59 учаске ашылса, биыл 23 учаске  ашу жоспарланыпты. Сондай-ақ цифрлық жүйеге көшу жұмыстары да аяқталып қалған.

Конференция соңында БАҚ өкілдері сұрақтарына жауап берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті