Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбеде медициналық музей ашылады

Дата: 01 марта 2019 в 10:32 Категория: Здоровье


Ақтөбеде медициналық музей ашылады

Ақтөбе облысындағы емдеу ісі, халық саулығын  бақылау жұмыстары Ырғыз ауданынан  басталғанын білесіз бе? Ойылда тараған оба дертімен  күресу үшін мемлекеттік жұмысын ысырып тастап, білек сыбана ел-жұртты емдеген Алаш ардақтысы  Халел Досмұхамедовтің табанының ізі Көкжарда қалғанын естіп пе едіңіз? Бұл — тұнып тұрған тарихтың басы. Ақтөбеде ашылатын медициналық музейде осы және өзге де тарихи деректер туралы жәдігерлер «сөйлейтін»  болады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев баяндап берді.

— Ақтөбелік дәрігерлердің еңбегі Гиннестің рекордтар кітабына енгенін, олардың ауызбіршілігінің арқасында «Денсаулық» саябағының ашылғанын білеміз. Ал мұражай ашу ісі қашан басталып еді?

—  Ақтөбе қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласының тарихына арналған  медициналық музей ашу бұған дейін ойда жүрген іс болатын. Мемлекет басшысы бір сөзінде «Өркениетті ұлт, өзінің тарихы, мәдениеті және әлемдік мәдениетке қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады» деді. Ақтөбелік дәрігерлердің  ел медицинасының дамуына қосқан үлесі зор. Жалпы бұл — бірегей жоба. Сала мамандары өңірдегі денсаулық қызметінің пайда болуы, қалыптасуы және дамуы  жайындағы көне жәдігерлерді жас ұрпақтың жадында жаңғыртуды мақсат  етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл шараны көлденең шаруа емес, жоспарлы жұмыстардың жалғасы деп санайды. Осыдан екі жыл бұрын «Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласы тарихының даңқты белестері» атты мұрағаттық құжаттарға негізделген деректер жинағы жарық көрген болатын. Тарихи деректер жинағы аймақтағы медициналық ұйымдардың пайда болуы, олардың қалыптасу кезеңдері мен даму жолын баяндайды. Бұл кітап —  облыстың  денсаулық сақтау саласының жылнамасы әрі шежіресі. Жинақта  емдеу-сауықтыру мекемелерінің ең алғашқы ашылған кезінен дәл бүгінге дейінгі қызметі,  қол жеткен табыстары, шешуін таппаған ұсыныстар, тағы басқа мәселелер  тұтас қамтылған. Тарихи жылнаманың бір парасын Ақтөбе өңіріндегі емдеу ісінің дамуына, оның жұмысын  ұйымдастыруға, үйлестіруге белсене араласып, айрықша үлес қосқан сала мамандары мен дәрігерлер жайындағы мақалалар құрайды. Сондай-ақ, бұл кітапта облыстың емдеу, сауықтыру және медициналық білім беру мекемелерінің салыну тарихы,  материалдық техникалық базасы және кадрлық әлеуеті  де қамтылған. Сөйтіп, кітап дайындау барысындағы  ізденіс жұмыстары мұражай ашу  туралы ойды қозғады. 2017 жылы облыстың басқармаға қарасты барлық  мекемелеріне, кәсіподақ ұйымына, ардагерлер  кеңесіне  ұсыныс түсіріліп, ынталы топ құрылды. Олардың тарапынан қызу қолдау тапқан соң жәдігерлер жинақтау жұмысы дереу қолға алынды.

— Музей қай жерден ашылады?

— Музей ашу үшін Ақтөбе  медициналық орталығынан 300  шаршы метр орын бөлінді.  Бұл аз жер емес. Жарық, жылу құбырлары  жүргізіліп, су  және  кәріз жүйесі  тартылды. Қазіргі уақытта  ішкі әрлеу-сылау жұмыстары жасалуда. Наурыз  айында  медициналық музейді экспозициялық  көркемдеу жұмыстары басталмақшы. Дәл бүгінгі күні музей жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру үшін арнайы кәсіби маман  шақырылып, мұражайдың безендірушісі, суретшісі және мұражай қорын жасақтаушы сияқты салалық  мамандар өз  жұмыстарына кірісіп те  кетті. Маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін кәсіби мереке қарсаңында музей келушілерге өз есігін айқара ашады. Тура  екі жыл бұрын дәрігерлер күні мейрамы «Денсаулық» саябағында  мерекеленіп еді. Дәл осы саябақта 1 сағаттың  ішінде  қан тапсырудан  Гиннестер кітабының  әлемдік рекордын  жаңартқан ақтөбелік  дәрігерлер енді медициналық музей пилоттық жобасын қолға алды.

— Музей облыстың денсаулық сақтау қызметі мен фармацевтика  ісінің дамуын баяндайды. Демек, бұл жерге қойылатын жәдігерлердің де тарихы терең болар?

— Медициналық музейдің арнайы тақырыптық жоспары жасалды. Музейге саланың өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін аса құнды экспонаттар қойылады. Бұл жәдігерлер бастауын тереңнен алады, тарихтың тылсым қойнауын  ақтарады. Музейде үш ғасырға жуық уақыттың, яғни ХVІІІ-ХІХ-ХХ  және  ХХІ ғасыр тарихы  тоғысатын болады. Хронологиялық ретпен құрылған медициналық музейдің бір бөлігі 1917 жылға дейінгі кезеңге, кеңестік дәуір мен Ұлы Отан соғысы жылдарына арналады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласының жетістігі музейдің ауқымды бөлігін қамтымақ.

Көптеген тың деректің беті ашылады. Мәселен, Ақтөбе өңіріндегі  халық саулығын бақылау жұмыстары, емдеу ісі Ырғыз ауданынан  басталғанын, әйгілі Көкжар өңіріндегі оба  дертімен күресу үшін мемлекеттік жұмысын тастап келген Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедовтің табан ізі Ойылда қалғанын көпшілік біле бермейді. Осының барлығы — тұнып тұрған тарих. Бұны жас ұрпақ білуі тиіс. Сондықтан музейде жәдігерлер ғана «сөйлейтін»  болады. Мысалы, ең ежелгі әрі көне медициналық құрал-жабдықтар, мақта-матадан жасалған дәке, Қазан төңкерісінен кейінгі қолданыста болған дәрігерлік қондырғылар, кеңестік медицинада тұтынылған аппараттардың көрмесі, бәрі-бәрі келушілердің үлкен қызығушылығын туғызатын болады. Мұндағы таныс та бейтаныс қондырғылар ешкімді де селқос қалдырмайтыны анық. Біртұтас алып державаның дәрігерлері қолданған таза темір мен күміс қосылған берік металдан құйылған құрал-жабдық, қайшы-пышақ, құлаққап пен тескіш, электрлік ларингоскоп, жедел жәрдем қызметінің қобдишасы, тағы сондай бұйымдармен бүгінгі ұрпақ музейден танысуға мүмкіндік алады. Ал оны қолымен ұстап, көзімен көрген дәрігерлердің аға ұрпағы артта қалған жылдарға, өздерінің еңбек жолына мойын бұратын болады.

Ел егемендігі тұсындағы  қарыштап дамып отырған Ақтөбе өңіріндегі медициналық және фармакологиялық  қызметтегі  инновациялық технология, модернизациялық бағыттарға  музейдің үлкен бөлімі арналмақ.

— «Музей  —  тарих, музей — шежіре. Музей — білім-ғылым» демекші, бұл студенттерге де үлкен тәрбие орны болатын шығар…  

—  Әрине, музейдің ең негізгі бағыттарының бірі — медициналық оқу орындарының талапкерлеріне кәсіби бағыт-бағдар беру. Музейге келген әрбір жас науқастың өмірі дәрігердің қолында екенін, яғни оның  білімі мен тәжірибесіне байланысты екенін ұғынады, үлкен жауапкершілікті сезінеді.  Медицина саласының күрделі екеніне көз жеткізеді. Бұл —  жастарды дәрігер мамандығына селсоқ қарамауға үндейді. Музей ғылыми-ағартушылық міндет те атқаратын болады. Келешекте мұнда түрлі жиын ұйымдастыру, қор жәдігерлерінің негізінде құрылған экспозиция, тұрақты және уақытша көрмелер ұйымдастыру, сонымен қатар дәрістер өткізіп, мағыналы да мәнді  кәсіби кездесу-сұхбаттар  дайындау да ойда бар. Бір сөзбен айтқанда, музей өткен шақ пен болашақтың дәнекері  ретінде  кәсіби және  рухани тәрбиенің  ажырамас бөлігіне айналады.


Кәмшат ҚОПАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Поделитесь новостью с друзьями