Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Ақтөбенің ең алғашқы бас жоспары қалай жасалды?

Дата: 15 февраля 2019 в 11:02 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ұлы Отан соғысы жылдарында Совет үкіметі барлық күш пен қаржыны жауды жеңуге жұмылдырып, қала құрылысын көркейтіп, дамытуға жеткілікті көңіл бөле алмады. Ал соғыс жеңіспен аяқталған соң бұл мәселе маңызды міндеттің біріне айналды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жеткен жетістіктер еңбекшілердің әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық дәрежесін көтеруге зор ықпал етті. Өнеркәсіптің қарқынды дамуы қалалардың іріленуінің басты стимулы болды. Қала халқының негізгі құрамы жұмысшы табы мен интеллигенция болды.

Совет үкіметі мен партия қала халқының әлеуметтік-материалдық деңгейін көтеру үшін жыл сайын маңызды-маңызды шаралар белгілеп отырды.

Жалпы халықтың әл-ауқатын арттырудағы мемлекет қамқорлығының жарқын куәсі қалалар санының артып, құрылысының жақсара түсуі болды.

Біздің елімізде қалалар салынып, қала құрылысының дамуы бүкілхалықтық іске айналды.

… Ақтөбе қаласы Қазақстан Республикасының батыс бөлігінде орналасқан. Ол солтүстік-батысында Мұғалжар таулары, Чкалов-Ташкент теміржол магистралімен, батыс және оңтүстік жағында Қарғалы ауданымен, шығыс-солтүстігінде Мәртөк ауданымен шектесіп жатқан Ақтөбе облысының орталығы.

1951 жылы 4 шілдеге дейін Ақтөбе құрамында 2 аудандық совет (Благодарный және Пригородный), 3 колхоз (Ақшат, Октябрьдің 12 жылдығы, І-Интернационал), 2 поселкелік совет (Құрашасай және Ферросплав), сондай-ақ 18 қосалқы шаруашылық кәсіпорындары мен мекемелері бар, жалпы территориясы 1191,3 шаршы км болып келген қалалық ауыл болатын.

Колхоздарды нығайту жөніндегі Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының

4/VII-1951 жылғы бұйрығы бойынша 3 колхоз, 2 ауылдық совет, оның территориясына қарайтын 5 қосалқы шаруашылық Ақтөбе облысының Родников ауданының құрамына қаратылды.

Міне, осы уақыттан бастап бұрынғы Ақтөбе ауданы Ақтөбе қаласы болып құрылды. Оның территориясында 2 поселкелік совет (Құрашасай және Ферросплав) және 13 қосалқы шаруашылық қалды, соған байланысты қаланың жалпы территориясы 387,5 шаршы километрге дейін азайды.

… Соғыстан кейінгі жылдардағы халық шаруашылығының дамуы, өнеркәсіп құрылысының қуатты өрлеуі, халық санының қарқынды өсуі қала шаруашылығы мен қала құрылысының жан-жақты дамуын қамтамасыз етті.

КСРО халық шаруашылығы Комиссариатының 1943 жылғы 29 қыркүйектегі №1064 қаулысы бойынша оның жанынан архитектура ісі ібойынша арнаулы комитет ұйымдастырылды. Осы қаулыны орындау барысында қалада бас архитектор тағайындау мәселесі шешіліп, қалалар тізімі жасалды. Сол тізімге Ақтөбе қаласы да ілініп, 1946 жылы желтоқсан айында Ақтөбе атқару комитетінің еңбекшілер депутаттарының қалалық Советінің шешімі бойынша қаланың бас архитекторын тағайындау мәселесі шешілді. Бас архитектор болып Екатерина Акимовна Доменко сайланды. Оның негізгі міндеті — құрылысқа бақылау орнату, яғни, тұрғын үй, тұрмыстық, қоғамдық құрылыстардың жобаларын қарап, бекіту, олардың архитектуралық-сәндік сипатына, қала көшелерінің әдемілігіне, көгалдандырылуына баса көңіл бөлу болды.

Бұдан былайғы қаланың дамуы үшін қала құрылысының бас жоспарын жан-жақты талқылауға көп назар аударылды. Бұл жоспар 1955 жылы 30 желтосқанда Ақтөбе еңбекшілер депутаттарының қалалық советінің қарауына беріліп, бекітілді.

Сөйтіп, республиканың өнеркәсіптік және мәдени орталығының біріне айналған Ақтөбе қаласын бас жоспар бойынша қайта құрып, дамыту жұмысы басталды.

Жаңа жоспар сол кездегі қала құрылысының жетістіктері мен ірі орталықтарды жоспарлаудың тәжірибелерін ескере отырып жасалды. Жоспарда қала тұрғындарының тұрмысы мен демалысына, еңбек етуіне өте жақсы жағдайлар жасау, тұрғын аудандар мен кәсіпорындарды дұрыс тиімді орналастыру, көше қатарларын, жасыл аймақтарды мүмкіндігінше сәнді етіп ұйымдастыру мәселелері басты назарда болды.

Сондай-ақ бас жоспарда техникалық-экономикалық жағдайлар, кәсіпорындардың, ғылыми мекемелер мен орта және жоғары оқу орындарының болашақтағы өсіп-дамуы мәселелері де шет қалған жоқ.

Жоспарға сәйкес, қаланың дамуы Москва-Ташкент теміржол магистралінен оңтүстік-батысқа қарай кеңеюі қажет болды. Бас жоспар бойынша 1-топқа жататын санитарлық зиянды өнеркәсіп обьектілерінің құрылысы ферросплав және хром қосындылары заводының аймағына салынатын болды. Ал басқа өте қатты зияны жоқ кәсіпорындарды завод поселкесінің батыс жағына орналастыру көзделді…

(«Қала құрылысының тарихы (1869-1991)» кітабынан. Авторлары: Сағындықов Е.,Тәжібаев М., Нұрғалымова К.) 

ҚАЛА ТАРИХЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ

 

Л.НҰРКЕЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті