Новости в социальных сетях

Подпишитесь на нашу группу и читайте анонсы самых интересных новостей в любимой соцальной сети

ВКонтакте Одноклассники Facebook Twitter

Атышулы мәлімдемелерімен көзге түскен шенеуніктер

Дата: 14 февраля 2019 в 10:03


Атышулы мәлімдемелерімен көзге түскен шенеуніктер

Қазақстандық шенеуніктердің мәлімдемелері кейде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырап жатады. Tengrinews.kz жұрт жаппай сынаған мәлімдемелерді топтастырды.

«Жынымды келтірмеңізші»

Бүгін ғана Желіде ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің қазақстандық телеарналарға сұхбат беріп тұрған сәтінде түсірілген видео жарияланды. Журналистер вице-министрге тарифтерге қатысты сұрақ қойған, осыған ол ашулана жауап беріп, олардың басқа шараға келгенін түсіндірген. Сөз арасында ол «Жынымды келтірмеңізші» деп қалған.

Көп өтпей-ақ шенеунік журналистерге айтқан дөрекі сөзі үшін кешірім сұрады. «Мен журналистерге дөрекі сөйлегеніме өкінемін. Менің сөзімнің формасы мен үні қолайсыз болғанын мойындаймын. Сондықтан ресми түрде журналистерден кешірім сұраймын. Осы сұхбатта айтылғандай, мен журналистерді қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынмын», — деп жазады баспасөз қызметінің өкілдері вице-министрдің сөзін.

Дәл бір жыл бұрын дәл 13 ақпан күні вице-министр премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан сөгіс естіген еді.
Вице-министрдің мұндай қатаң шараға ілігуіне коммуналдық төлемдердің заңсыз қымбаттауы себеп болған еді.

«Сен кім едің?!»

Журналистермен әңгімесі жараспай қалған тағы бір шенеунік — Талғат Мұсабаев. «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің төрағасы қызметінде болған ол Ресейдің «Протон-М» зымыран-тасығышы құлаған күні сұхбат алу орнын көрсеткен журналиске өктем сөйлеген, артынша оның әрекеті қоғамда қызу талқыланған еді.

«Чики-чики»

Ал шалқарлық шенеунік Аян Қорқытұлының «чики-чикиі» жұрттың есінен әлі шыға қоймады. Алдына келген журналиспен еркін отырып әңгімелескен ол өз қаласының үздік екенін айтқысы келген. Бірақ, амал не, көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашты.

«Бұл жылы мүлде ақша жоқ. Әйтеке би көшесін жөндеуге ақша бөлді де, қайтадан алып кетті. Қысқасы, ақша жоқ. Дәл осылай жаз, басыңды ауыртпа», — деді шенеунік. Ал соңында айтқан сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының көңілін аударды. «Шалқар чики-чики ғой», — деді Аян Қорқытұлы.

Тұрғын коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бастапқыда бұл сөзімен Желіні шулатса, кейін бүкіл жұртқа танымал болып шыға келді. Кейін шенеуніктің бұл әдебі тәртіптік кеңесте қаралып, толық емес сәйкессіздік деген шешім шығарылды. Бұл іс қайталанса, шенеунікке тіпті қызметінен босатылатыны ескертілген.

«Қазақшасын қазақшаға аударайық»

Сөзі үшін өзі күйген тағы бір шенеунік Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова. Балалардың тіл меңгеруіне қатысты сөйлеген сөзін көпшілік түсінбей, «қазақшадан қазақшаға» аударып беретін адам бар ма дескен еді.

Тағы бір мәлімдемесінде Қарағұсова «кім қалай табыс тапса, солай жұмыс істейді» деген. Парламентке жаңадан келгендерді Астананың төріндегі қонақүйлерге тұрғызу қаншалықты дұрыс деген мәселеде оның бұл сөзін Желі қолданушылары, артынша жаппай халық сынап, наразылығын білдіріп жатты.

»...Ал депутаттарды кім сайлады?»

Сенат депутаты, бұрынғы білім министрі Бірғаным Әйтімованың «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің алдында сөйлеген сөзі бастапқыда өзге жаңалықтармен қатар тараған. Алайда БАҚ-та жарияланысымен бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде түрлі әзілдерге арқау болды. Бұған Украинаның танымал «Квартал 95» бағдарламасының эфиріне шығуы дәлел.

Депутаттың атышулы тағы бір мәлімдемесі мынадай: «Депутаттарды сынағанды жандарыңыз қалайды, ал оларды кім сайлады?»

«Патамушта мырза»

Ал Серік Әбденов — 2013 жылдан бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан «Патамушта... Патамушта!» деген қанатты сөзінің авторы. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметінде отырған ол Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін көтеру қажет деп, бұл сөзін дәлелдеудің орнына әңгімені төтесінен қайырды.

Содан бері Желіде бұл сөз талай мем мен әзілге арқау болды. Тіпті кейбіреулер оны «Патамушта мырза» дейтін көрінеді.

По сообщению сайта TengriNews

Поделитесь новостью с друзьями